🔷АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ГАЛЕРЕЯСЫН АШУ ЖОСПАРЛАНУДА
Республикамызға танымал суретші-мүсінші Қали Қораласбаевты аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жеке қабылдап, еркін пікір алмасуды жүргізді. Ұзақ жылдар бойы қазақ бейнелеу өнерінің беделін асырып жүрген жерлесіміз талай-талай алмағайып заманның сырын бұғып жатқан балбал тастарға жан бітіріп, жаңаша өң беріп, тарихи жәдігер ретінде кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдыруда абыройлы еңбек етуде.
Өнері мен өмірін қатар өрнектеген Қали ағамыз елімізге танымал өнер иесі. Оның сурет өнері мен тастан ойған мүсіндері аудан руханиятын дамытуда ерекше маңызға ие болып отыр. Ауыл руханияты деп ерекше екпін түсіре айтуымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені, ол ауылдан алыстап кетпей, киелі Шу жеріндегі тарыдай шашылған тастарды кәдеге жаратып, тарихын тасқа жазған ата-бабамыздың киелі өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізуден шаршаған емес.
Мүсінші ағамызбен кездесу барысында аудан руханиятына қатысты бірқатар мәселелелер талқыланды. Сондай-ақ, жерлесіміздің тың идеялары ұсынылды. Нақтырақ айтқанда, Қали ағамыз аудан орталығынан қолөнершілер галереясын ашу туралы ұсынысын білдірді. Аудан суретшілері мен қолөнершілеріне қолдау білдіруге әрдайым әзір екендігін жеткізді. Айта кету керек, алдағы уақытта аудан орталығындағы саябақты қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Сәтін салып сол жұмыстар бастау алғанда саябақтың ортасында орналасқан бұрынғы шіркеудің ғимаратын жөндеуден өткізіп, оның ішінен қолөнершілер галереясын ашу көзделуде. Мұнда ауданымыздан шыққан өнер иелерінің төл туындылары орналастырылатын болады.