Ауданда асыл тұқымды мал басы көбеюде

Батыс Қазақстан Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісінде Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

– Елімізде қай уақытта да өңірлерді дамыту мақсатындағы жұмыстар бәсеңдеген емес. Тұрғындар игілігіне бағытталған оңды істер мен жобалар Қаратөбе ауданында да көрініс табуда. Барлық жұмыстар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында берілген тапсырмалар мен мақсат-міндеттерді орындауға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік қорғауды күшейтуге бағытталуда, – деді Жанат Асылханұлы.

Баяндамасын аудан бюджетінен бастаған әкім ағымдағы жылдың 1 қазанында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 155,6 % орындалып, 983,4 млн.теңгені құрағанын айтты. Аудан бюджеті – қазіргі уақытта 5 492 396 мың теңге, яғни өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. 785 млн. теңгеге артқан. Қаратөбеде республикалық және жергілікті бюджет есебінен бірқатар мемлекеттік бағдарламалар оңтайлы жүзеге асырылуда.

Бұдан әрі аудан әкімі ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы, тұрғын үй, басқа да әлеуметтік салалар бойынша атқарылған іс-шаралардан хабардар етті.

Айталық, есепті мерзімде аудандағы мүйізді ірі қара – 37181, қой мен ешкі – 84954, жылқы – 10619, түйе – 11 басты құраған. Ағымдағы жылы 3275 тонна ет, 8016 тонна сүт, 1,393 млн.дана жұмыртқа өндірілген. – Ауданда 19 шаруашылық асыл тұқымды МІҚ малын, 2 шаруашылық асыл тұқымды жылқы, 2 шаруашылық асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Асыл тұқымды мал басы 2019 жылмен салыстырғанда МІҚ – 123,9%-ға, асыл тұқымды жылқы 161,8%-ға, асыл тұқымды қой 103,8%-ға өсіп отыр. Жыл сайын ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда, – деді аудан басшысы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурсқа және аукционға шығару барысының қорытындыларымен таныстырды.

Кәсіпкерлік саласына келсек, аймақта шағын кәсіппен айналысушылар қатары көбеюде. Олардың қатарында жаңадан ашылғандар да бар. Аудан әкімі атап өткендей, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 82 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыса, 47 азамат 174,9 млн. тг. көлемінде несие алған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 4 шаруа қожалығы 143,2 млн теңгеге мал алған. Сондай-ақ 132 жұмыссыз тұрғынға жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін 73,3 млн.теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген.

Баспана жайы да назардан тыс қалмай, өткен жылы үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ санатындағы жандар үшін аудан орталығында 67 бірпәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталған екен. Оларды жыл соңына дейін тапсыру жоспарда бар. Бүгінгі күнге аудан орталығында 252 адам жер теліміне кезекте тұр. Олардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылы аудан орталығында 144 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізілуде.

Аудан халқының 91,3%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал аудандағы Жусандой ауылында ауылішілік су құбырының құрылысы жүргізілуде. Халықты жұмыспен қамту мәселесі де – басты назарда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету» бағыты шеңберінде 25 адам техникалық және кәсіби оқытуға, 15 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған. Есепті кезеңде 5 адам қысқа мерзімді оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа орналастырылса, қалған 10-ы оқуын жалғастыруда. Аталмыш бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты аясында ағымдағы жылдың 10 айында 1106 адам жұмысқа орналастырылған.

Әлемдік пандемияға байланысты қаратөбеліктер де мемлекет тарапынан көрсетілген әлеуметтік көмектерге қол жеткізгенін айтқан Жанат Асылханұлы бұл бағыттағы шараларға басымдық берді. Дағдарысқа қарсы қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы» бағдарламасы арқылы Қаратөбе ауданында 4 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы келісімшарт құны – 582,1 млн. теңге. Бүгінгі күнге барлығы 107 жаңа жұмыс орны ашылса, соның ішінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы 58 жұмыссыз жұмысқа орналастырылған.

Өз баяндамасында аудан әкімі Ж.Асантаев білім, денсаулық сақтау, ұялы байланыс және абаттандыру бойынша атқарылған негізгі жұмыстарға да назар аударды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы