АУДАНДАҒЫ АЛҚАПТАРДЫ АРАЛАДЫ
Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөлінуде. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, мол өнім алу үшін ғылым мен техника жетістіктерін пайдалану арқылы сапалы өнім алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Т.Рысқұлов ауданы аумағында да тиянақты жүргізілуде. Осы орайда аудан әкімі Ернар Есіркепов ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар шаруа қожалықтардың жұмысына зер салды. Жұмыс сапары барысында Құлан ауылындағы «SV AGRO» ЖШС-нің қарқынды алма бағымен, Жақсылық ауылындағы «Алтын-Тау» ШҚ қант қызылшасы алқабымен, Көкдөнен ауылындағы «Бақ-Дәулет» қант қызылшасы және дәндік жүгері алқабымен, сондай-ақ, Көкдөнен, Көгершін елді мекендеріндегі каналдарды көріп, олардың жағдайымен толық танысты.
Жалпы аудан аумағында 18 канал бар. Ауданда 6320 га суармалы алқап бар болса, каналдардың тозығының жетуіне байланысты бүгінгі 2320 га ғана суармалы алқапқа су беру мүмкіндігі бар. Ауданның диқандары биылғы жылы 2320 га суармалы жерді игеріп, 380 га қант қызылшасы, 274 га дәндік жүгері, 1796 га күнбағыс, 560 картоп, 522 га көкөніс және 174 га аумаққа бақша дақылдарын еккен.
Яғни, аудан аумағында 6320 га суармалы жер бар болса, соның 37 пайызы игеріліп отыр. Осы орайда суармалы жердің көлемін ұлғайтып, аудан аумағындағы су каналдарын қалпына келтіру мәселесі бүгінде өзекті.
Осы орайда аудан басшысы тиісті сала басшыларына толыққанды суару үшін талдау жұмыстарын жүргізіп, басқа да каналдардағы қалыптасқан жағдайды зерделеу керек екендігін тапсырды.
Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі