АУДАНДЫҚ СПАРТАКИАДА

Сарыкемер ауылындағы орталық стадионда аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен өткізілген аудандық спартакиада өз мәресіне жетті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне арналған спартакиадада мемлекеттік қызметшілер мен аудандық мәслихаттың депутаттары спорттың бес түрі бойынша өзара кім мықтыны анықтаған болатын. Спартакиадаға ауыл, ауылдық округтер әкімшіліктерінен жинақталған құрамда Сарыкемер, Бурыл, Бәйтерек, Түймекент, Жетібай аймақтары, аудан әкімі аппараты мен бөлімдерден құралған команда және жетінші сайланған аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппараты қызметкерлері командасы қатысты.
Ауданда бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілердің спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету басымдықтарын жүзеге асыру, мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысуға тарту, мемлекеттік қызмет имиджін қалыптастыру мақсатын көздеген шараның салтанатты рәсімі аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың құттықтау сөзімен ашылды.
-Бүгінгі іс-шарамыз мемлекеттік қызметшілер мен аудандық мәслихаттың депутаттары арасында өткелі отыр. Бұл, әрбір мемлекеттік қызметшілер мен депутаттар арасында ынтымақтастық және ұдайы, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға жетелейтін іс-шара. «Дені саудың – жану сау» — демекші, осындай денсаулықты нығайтуға бағытталған шараларды көптеп өткізу жөн болады. Аудандық спартакиаданы ашық деп жариялаймын, — деген Қайрат Әбілханұлы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Мемлекеттік Гимн орындалған соң, шеру қатысушыларына төрешілер мен жарыстың тәртіп – ережелері таныстырылды. Алдымен бәсеке арқан тартудан бастау алып, алаңға Бурыл аймағы мен аудан әкімі аппараты командасы шығып, аппарат қызметкерлерінің мерейі үстем болды. Түймекент пен Бәйтерек аймағы командасы арасында Түймекент аймағы жеңімпаз атанды. Сарыкемер аймағы мен аудандық мәслихат депутаттары арасында халық қалаулылары жеңіске жетіп, Жетібай аймағы командасымен сынға түсті. Аудан әкімі аппараты мен Түймекент аймағы командасы арасында Түймекент жеңісті қолдан бермеді. Нәтижесінде ақтық сында Жетібай аймағы үшінші орынға табан тіресе, Түймекент аймағы жүлделі екінші орынға ие болды. Ал, барлық қарсыластарына дес бермеген аудандық мәслихаттың құрамасы бірінші орынды қанжығаға байлады. Бұдан соң жарыс қатысушылары жеңіл атлетикалық эстафетаға қатысып, дойбыдан және үстел теннисінен күш сынасты. Жасыл алаңда шағын футболдан ойын көрігін қыздырды.
Түс ауа өз мәресіне жеткен аудандық спартакиаданың қорытынды нәтижелері бойынша жалпы командалық есепте жүлделі үшінші орынды Сарыкемер аймағының құрамасы, екінші орынды Түймекент аймағының құрамасы және бас жүлдені аудандық мәслихат аппараты мен депутаттардың командасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тағайындаған Кубок, медальдар және Грамоталармен марапатталды.