Ауқымды мақсаттар көзделген шаралар

ралдағы «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу» әлеуметтік жобасы аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.
Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде өткізілген түрлі форматтағы іс-шаралардың көздеген мақсаттары да ауқымды.
– Айталық, жоба аясындағы қыз балаларға арналған шеберлік сағатында оларға қазақ халқының ұлттық тағамдарының ерекшелігі мен құндылығын түсіндіру, аспаздық шеберліктерін арттыруды мақсат тұттық. Шара барысында қатысушыларға бірнеше ұлттық тағамды дайындау әдістері үйретілді. Ал қамшы өру ұлттық өнерін насихаттау бағытындағы курста атадан қалған осы асыл мұрамызды дәріптедік. Кез келген мемлекеттің қуатты болуына ой еңбегі мен дене еңбегін қатар алып жүретін тәні мықты, рухы биік жандардың қосар үлесі зор екенін белгілі. Осы ретте интеллектуалды ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырып, шығармашыл және спортсүйер жерлестеріміздің де басын қостық, – дейді «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Сахиев.

Осы жоба аясындағы тағы бір шара діндар жамағаттың сұранысына орай ұйымдастырылып, қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталды. Бұл ұзақ мерзімді курсты экономика ғылымдарының магистрі, бизнес тренер Алмагүл Исмағұлова жүргізген. Курсқа қатысқан 50-ден астам адам сертификаттарға ие болып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірген.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО Орал қаласы