Аулалар жаңарып, алаңдар салынуда
Орал қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары – басты назарда. Өткен аптаның соңында қала әкімі Абат Шыныбеков кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан аулаларды аралап шықты.
Мемлекеттік сатып алу жұмыстары қорытындысы бойынша бас мердігер болып танылған «АлтайКазИнжиниринг» ЖШС – аулаларды абаттандырумен айналысып жатқан құрылыс компанияларының бірі. Бұл компания көппәтерлі тұрғын үйлердің 29 ауласында кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында жергілікті әкімшіліктен бөлінген қаражатқа тиісті жұмыстарды атқаруда. Сол жобалардың бірі – қала орталығындағы Әлия Молдағұлова көшесіндегі 7-үй.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков те осы мекенжайға аялдап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды қадағалап, тұрғындармен жүздесті. Тұрғындар да аулаларының жаңа кейіпке енетініне ризашылықтарын білдірді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев пен мердігер мекеме өкілі шаһар басшысын атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
– Жалпы биыл аулаларды жарықтандыру, орындықтар қою, қоқыс алаңдарын орнату жұмыстарын қараша айының соңына дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал осы Молдағұлова көшесіндегі 7-үйде балаларға арналған ойын алаңқайы мен спорт алаңын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба келесі жылға жалғасады. Дегенмен, биылғы жылға бөлінген тиісті қаражат игеріледі. Жұмыстарды төрт бригада атқаруда, арнайы техникалар жеткілікті, – деді «АлтайКазИнжиниринг» ЖШС-ның атқарушы директоры Айдос Көкетаев.
Салынғанына 30 жыл болған, 69 пәтерлік Әлия Молдағұлова көшесіндегі 7-үйдің ауласындағы тозығы жеткен ойын алаңы түбегейлі жойылып, орны тегістеліп, қайтадан жаңа алаң жасақталуда. Осы үйде жиырма жылдан бері тұратын Ақтолқын Дәулетова: – Ескірген ауламызды абаттандырып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқаны қуантады. Қалалық әкімдіктің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастамасымен осындай шаралар қолға алынғанына ризамыз. Бізге пайдалануға берілгеннен кейін ауланы одан әрі күтіп ұстауға уәде береміз, – деді.
Жалпы облыс орталығындағы 51 ауланың абаттандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделуде. Қала әкімі атап өткендей, өткен жылы 11 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілген. – Биыл аулаларды абаттандыруға, балалар алаңқайлары мен спорт алаңдарын салуға басымдық берілді. Бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар өз мәресіне жетті. 20 балалар және спорт алаңдарының 14-інің құрылысы аяқталды. Қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Өткен жылы 29 ауланы кешенді абаттандыру туралы жобаны таныстырған едік. Биыл сол жұмыстар қолға алынды. Бұл жерде тұрғындардың да ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Олар «Халық қатысатын бюджет» бойынша біздің сайтымызға өз өтініштерін қалдырған болатын, – деді Абат Абайұлы.
Аулаларды кешенді абаттандыру жұмыстарына асфальттау, жарықтандыру, ойын алаңын салу, кіші архитектуралық нысандар орнату секілді жұмыстар кіреді. Абаттандыру жұмыстары аяқталған соң «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен» немесе елді мекеннің әкімдігімен тұрғындар арасында аталған аулаларды, немесе балалар және спорт алаңдарын күтіп ұстау жөнінде келісімшарт жасалады.
Сонымен қатар қала басшысы А.Шыныбеков бүгінгі таңда шаһарымызда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісін құру жұмыстары белсенді жүргізілу үстінде екенін атап өтті. Қазіргі уақытта 17 «Меншік иелері бірлестігі», 417 жай серіктестік құрылған. Тағы 50-ден астам үйдің тұрғындары қажетті құжаттарды жинақтауда. «Бұл өзгеріс тұрғындардың өз үйлерін басқару иелігі мен оның күтімі бойынша жауапкершіліктерін арттыруға септігін тигізеді. Сәйкесінше ортақ есепшотқа жинақталған қаржы сол үйдің инженерлік-коммуникациялық желілерін жөндеуге және басқа да жұмыстарға пайдаланылатын болады» деді қала әкімі Абат Абайұлы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО, Орал қаласы