ӘУЛИЕАТАЛЫҚТАРДЫҢ ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ ҮНДЕУІ ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ

ӘУЛИЕАТАЛЫҚТАРДЫҢ  ТОЙ МӘДЕНИЕТІ ТУРАЛЫ  ҮНДЕУІ ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ
Жамбыл облысы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Серік Сәлимов мырза жайдары қабылдады. Ой-өрісі асқақ, ақылды азамат көрінді. Іссапар жоспарымен таныстырдым. Экспедицияға қатысатын жоспарды жасағанда  «АMANAT» партиясы мен Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту мен Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  министрліктерімен біріккен экспедиция екенін,  «Ауыл аманаты – ел аманаты» жобасының алдағы уақытта  ұрпақ аманатымен  жалғасатынын айттым. Екеуара ой бөлістік. Бәрі де ұлт мүддесі үшін ғой. Ел халқының ынтымағы мен бірлігі болса, алынбайтын қамал жоғы белгілі жайт қой. Келелі кездесуіміз керемет өтті. 
Біз сөз еткен салаға жауап беретін облыстағы облыстық білім басқармасы, ауылшаруашылық және  «АMANAT» партиясы және мәдениет саласына жауапты қызметкерлермен отырып, алдағы атқарылар жұмыстың жоспарын құрдық. Бұл да көптен көкейде жүрген мәселенің бірі еді. 

Жомарттық па, әлде ысырапшылдық па?

Жиын соңында Серік Сәлимов мырза «Сізбен ақылдасатын бір шаруа бар еді. Ардагерлер үйінде тойға қатысты бір басқосу болғалы жатыр. Асабалар болады. Той ұйымдастырушылар бас қосады. Сол жерде көпшіліктің алдында өз пікіріңізді білдірсеңіз. Ел аралап жүрсіз. Көргеніңіз, көкейге түйгеніңіз көп» деп өтініш білдірді. Расымды айтсам, бұл менің көптен ойымда жүрген нәрсе еді. Жұмыс барысымен еліміздің шығысы мен батысын, оңтүстігі мен солтүстігін аралаймын, тойларға барамын. Сонда байқағаным, қазақтың бәріне ортақ бір нәрсе – дарақылық. Ысырапшылдық. Мұны өзім де бір мақалаға арқау еткелі жүр едім. Қуана келістім.

Қазақ тойды ысырап үшін, мақтаныш үшін емес, үлгі-өнеге болу үшін өткізген. Бүгінгі қазақ дарақылыққа басып кетті. Бұрын тойды қазақ сағына күтетін. Барың балаларыңның тойына шашылсын дейтін. Қазіргі тойлар мәні мен сәнін жоғалтты. Ең сорақысы киер киімге, ішер асқа жарымай отырса да несие алып, елден қалмаймын деп жарысқа түсіп, шашылып, тасынып, ақырында «жыны» басылып жатқан отбасылар жетерлік. Бәсекелестік белең алды. Дарақылық жаулап алды.

Баласына бір той жасап беру, әрине, міндет. Бірақ оны қарызданып-қауғаланбай-ақ жасауға не кедергі? Қазақ атамыз көрпеңе қарай көсіл демейтін бе еді?

Қазақ баласын үйлендіруі үшін, қорасындағы жалғыз малын сойып сатса да, қарызға батып, аста-төк той өткізеді. Шын мәнісінде баласы үйсіз, көңілі күйсіз, басында төрт-бес жылға алынған қомақты несиесі бар. Тірнектеп тапқан теңгесін өз аузынан жырып, ай сайын банкке беріп өмір сүреді. Той жасау керек, әрине, десе де, қазіргі қалта көтермейтін заманда тоқпейіл танытып, жастың да, жасымыстың да жанына жағатындай қарапайым етіп өткізу нұр үстіне нұр емес пе? Қазіргі той бәсеке ме, береке ме, өзіңіз саралаңыз.

Асабалардың білімсіздігі, өресіздігі де тойдың шырайын қашырып, жаманын жасыра алмай тұр. Қайта тойдың қызығын кетіріп, шыжығын көбейтуге атсалысуда. Бос сөз сөйлеу, елді күлдіремін деп орынсыз қылықтар көрсету, анайы әзілдер, ұятсыз әдептерге бой алдыру, асабалардың «ұлы» кемшіліктері екені даусыз.

Ата-бабамыз қонақжай халық болғанымен, ысырапшылдыққа жол бермеген. Ал, қазіргі уақытта бос атақ пен мақтангершілікке салынып, оған бойымызды да, өзімізді де үйретіп алғанымыз қашан? «Пәленшенің тойынан да жақсы болды» деген «жақсы атқа» ие болсақ болды бізге. Десе де, енді ғана шаңырақ көтерген отбасының мойнына қарыз артпай, шамамыздың жеткенінше өткізгенімізге не жетсін?

Егде жасқа келген адамдардың ортаға шығып, әдепсіздіктерін көрсетуі де, тойда кемпір-шалдардың құтыруы да шектен шығып кетті.

Бұрындары шілдехана, бесік той, сүндет той, қыз ұзату, ұлды аяқтандыру секілді тойлар думандатып, елді риза қылып өткізілетін. Қазір оларды сағына еске аламыз. Тойдың сәні кеткені сондай – баланың бір, екі, үш, төрт, бес жасы т.б. тойлау әдетке айналды. Баяғыда он үш мүшел, жиырма бес, отыз жеті тойланса, бүгіндері он жас, жиырма жас, отыз жасты тойлау қалыпты үрдіске айналуда. Қазаққа әйтеуір той жасау керек болса, ретін табады. Шашылады. Тасынады. Артынан жынын алған бақсыдай басылады.

Қазақтың тойшыл қауым екені әу бастан белгілі. Осы қасиеті әлі күнге дейін жойылмаған. Қайта жылдан-жылға тойды барынша аста-төк етіп өткізу халық арасында бәсекеге айналып келе жатқандай. Хан сарайындай мейрамхана, аста-төк дастарқан мәзірі, қымбат көліктер… Көрпемізге қарай көсілу жоқ, «ел-жұрттан қалмасақ болғаны» деген жалған намысты желеулетіп, дүркіретіп өткіземіз. Бұл қасиет қазақтың жомарттығы ма, әлде ысырапшылдығы ма, өзіңіз ойлай беріңіз. Бір тойды көріп жағамды ұстадым. Беташар рәсімі жүріп жатыр. Келін жалаңбас. Қай қазақ осылай жасап еді? Салт-дәстүр қайда?

Тағы бір тойда Еуропаның биіне секіріп билеген келін жүр. Оу, ағайын, бұдан асқан сорақылық көріп пе едің?

Әлеуметтік желіде бір ене келініне торт па, нан ба бірдеңені шайнап беріп, жегізіп жатыр. Тату-тәтті болайық дегені екен. Тағы бір жерде ене беті ашылған келінін қарғыбау тағып, елдің алдында жетектеп жүр. Бұдан асқан қорлық, дәстүрді тәрк ету болмас. Олар өздерінше салт-дәстүрге «жаңалық» енгізуде. Сөйтіп ұлттық құндылықтарды жоюға атсалысуда.

 

 

Тойды шоуға айналдырғандарға тоқтам керек

 

Шынында, қалың қазаққа ой саларлық дүние көп. Шектен шығып кеттік. Бәрінен ысырапты айтсаңызшы. Тіпті балалардың шілдеханасына ер адамдар келіп, арақ-шарап ішілетін жағдайға жетіппіз. Бұрын шілдеханаға ер адамдар жоламаған. Жас босанып, белін жаңа буып жатқан әйелдің денсаулығын да, тыныштығын да ойлаған жөн. Кейбір әйел отамен босанып келеді. Біз болсақ, көлікті безендіреміз, үйді әдемілейміз. «Заманына қарай адамы» дегендей, ол да жарасымды шығар. Бірақ перзентханадан шыққан әйел үйге келіп, «қалжасын» жесін, арнайы сойылған малдың сорпасын ішсін, бөбегін суға түсірсін, өзінің, бөбегінің күтімін жасасын. Ол үйге бара салып, көпті жиып, шілдехана істеу, меніңше, обал секілді. Белін бекем байлағаннан кейін жасаса да көштен қалмайды ғой.

Бұрын аналарымыз келін босанғаннан кейін «белі қатайсын» деп жас босанған келінді ауыр жұмысқа араластырмай, белін байлатып, қырық күнге дейін үйден шығармай күтіп-баптаған. Мүмкін қазіргі жас келіндердің көп ауыратыны да осы күтімді жасамағаннан болар.

«Мерекесі көп елдің берекесі болмайды» деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтып кеткен. Көшедегі халықтың 71 пайызы қазір тойдың қамымен жүр. Қанша күн жұмысынан қалады, қаншама қиыншылыққа тап болады. Шетелге барсаң, ондай емес. Өз-өзін күткен, өз-өзін дамытқан халық. Қарасаң біреу ұшақтың үлгісін жасап алып, соны қалай дамытсам деп ойланып отырады. Кәдімгідей оларға қызығасың. Ал біздікі бар тапқан-таянғаныңды құр шашу. Шындық осы!

Қазақ «той дегенде қу бас домалайды» деп санаға сақтап, ойын-тойға шектеу жасамаған. Кішкентай қуанышты үлкен дүрмекті тойға айналдырар қасиет қазақтың бойына біткен жомарттығы, жайсаңдығы, қонақжайлығы десек те, сол дүрмектің біразынан бас тартқан да дұрыс-ау. Себебі қалың жұрттың аузынан «қазір тойға шақырмай-ақ қойса екен деп отырамыз» деген сөздерді естиміз. Мүмкін ол қымбатшылық заманның ықпалы болар немесе бірін-бірі қайталайтын осы бір дүрмектен мезі болған да шығар, кім білсін?!

Сосын қазақ тойға бала-шағасын шұбыртып ертіп баруды сәнге айналдырды. Бұл да ұятсыздық. Сонымен бірге арсыздық жайлаған, құтырына билеген, әдепсіз сөздер сөйленетін жерден бала не тәрбие алады?

Жамбыл облысының брифингінде өңір басшысы той туралы жақсы айтты. Ең жаманы осыдан кейін оның да жау мен қарсыластары көбейеді. Билік ешқашан сен той жасама деп айта алмайды. Олардың айтары тойдың мәні мен сәнін келтіріп өткізуге күш салдыру. Бұл бәріміздің ойымызда тұр. Біздің қазақ той жасап алып, несиесін төлей алмай ышқынғанда «Билік не қарап отыр?» дейтінін қайтерсің. Әйтеуір біреуді кінәлауға, билікті табалауға  бейім халықпыз ғой…

Бұл менің билікке жалпаңдағаным емес. Мен айтар жерінде айтып, сынайтын жерінде сынап жүрген анамын. Шамам келгенше әділдіктің салтанат құруына қызмет етпекпін.

362 әулиесі бар Маңғыстау өлкесінде итті үйлендірсе, «Евразия» телеарнасында қазақтың тақиясы мен желеткасын кигізіп, иттің тойын тойлағандарды насихаттап жатыр. Қайда барамыз, ағайын?!

Қазір той тойлау емес, ұлттық құндылықты қалай сақтап қаламыз деген мәселе қазақ үшін өте маңызды. Осы ретте Әулие ата өңірінің азаматтарының үндеуіне құлақ түруге шақырамын. Айша бибі, Қарахан секілді киелі өлкеден мұндай үндеудің шығуы да заңдылық тәрізді. Бұл үндеуге немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл үндеу бәлкім кештеу көтерілген болар, бәрібір дер уақыты. Ойланайық, ағайын! Газетке қолдау білдіріп, пікір ұйымдастырайық. Көп болып талқылап, барша қазаққа таратайық. Өзімізде кәдемізге жаратайық.  Бұған үн қосуымыз керек. Ұлт болашағы үшін, келешек үшін. Ұлттық құндылықтарды сақтап қалу үшін…

Келешекте қазақ үшін өте құнды мына тойлар болуы тиіс:

1. Шілдехана

2. Сүндет той

3. Үйлену тойы

4. Қыз ұзату

5. Мүшел той т.б. Бұлар қазақ тарихымен сабақтас, маңызы жоғары тойлар. Бәлкім мұны тағы да толықтыра түсуге болар. Бірақ орнымен. Шама-шарқың жететін болса, әрине. Балалары әке-шешесінің 60, 70, 80 жас тойларын перзенттік парыздары есебінде атап өтіп жатса, кім қарсылық танытар? Әрине, дарақылық, мақтаныш үшін емес, ұлағатты, кейінгі жастарға  үлгі боларлық деңгейде өтсе құба-құп.

Жаңартуға емес, жаңғыртуға  күш салайық

ТҮЙІН: Осы жерде асабалар жайлы бір ауыз сөз айта кетейін. Асабалар – жалдамалы той басқарушылар. Оларға тойдың қызықты өткені пайдалы. Үй иесі егер асабаны тоқтатып, арасында жөн сілтеп, тойдың мағыналы өтуіне күш салса, ол той егесінен аса алмайды. Бағынады, оны тыңдайды. Сондықтан асабаны асылық жасаудан, анайылыққа жол бермеуден сақтайтын – той егесі.

Сосын келген қонақтарды да 300-500 қылмай, шамаға қарай көсілуге шақырамын. Бұл мәселеде байларды да сабырға шақырып, даңғазалыққа бой ұрмауға, қарапайым халықтың алдында дарақы болмауға үгіттеймін.

Қазақ баласы той өткесін де тіршілік барын, шығынның да сұрауы барын ұмытпаса екен деймін.  Қала мен ауылдың барлық тойханалары аптаның бір күні бос емес.  Күнде той. Қазақ үшін той қарызға бату, несиеге байлану болғаны жанымызға батады. Бұл үндеудің де көтеріп отырғаны сол мәселе. Жақында  «АMANAT» партиясының хатшысы, үлкен азамат, тәжірибелі маман өзінің үнемдеу жайлы, көрген-білгені жайлы жазып еді. Сол жазғаны өзіне бәле болды. Әлі күнге дейін сынап-мінеушілер азаймай тұр.  Менің ойымша, ол азаматта бөтен ой болған жоқ. Қайта «тарта жесең тай қалар, тартпай жесең нең қалар» дегенді айтты. Шындықты айтты. Ал сол шындық біреулердің шымбайына батып, «шыңғыртып» жатыр. Себебі халықтың жағдайы күн өткен сайын төмендеп барады.

Айтпақшы, «Ардагерлер үйіндегі» жиналыста қазақтың  тойы жайлы жақсы ойлар айтылды. Дарақылыққа жол бермеуді қадағалауды кей азаматтар мойындарына алды. Соның өзін әлеуметтік желі арқылы көріп, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан ағайынға не деуге болады? Бәрі де қазақ үшін емес пе! Ашуланатындай, тілдейтіндей не айтылды? Қазаққа болсын, қазақ той деп шашылмасын, шамасына қарасын, несиеге батпасын, ертең де күн бар, балалар бар, солар қысылып қалмасын дегеннен басқа не айтылды? Ішінде өзім де болдым. Бәрін тыңдадым, бәрін көрдім. Сен тоқ болғанымен, ашығып жүрген, балама той жасап бермесем, елден, жұрттан, ағайыннан ұят болады деп қиналып жүрген қазақ көп. Мұны неге мойындамасқа? Арзан намыс қазақты жарға жығады. Осыны естен шығармасақ екен, бауырлар!

Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Ғасырлар бойы ұлтымыздың мәдениеті салт-дәстүрлерімізден көрініс табуда. Ата-бабаларымыз салт-дәстүрді берік ұстанып, әдет-ғұрыптан аспай, ырым-тыйымдар арқылы өнегелі ұрпақ тәрбиеледі. Бүгінде беташар, сыңсу, құйрық-бауыр, сырға салу, сүндет той т.б. салттарымыз әлі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді. Тәуба! Шүкір! Алайда оған да «реформа» жасағысы келіп тұратын қазақтар байқалады. Бұл ұят. Дәстүрді сыйламау. Құндылықты құрметтемеу деген осы!  Қазіргі жастарымыз кейбір салт-дәстүрлерімізді біле бермейді. Оның себебі неде? Бәлкім, жастарымыз тарихқа қызықпайтын шығар? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен де, ондай жастар қазір мүлдем кездеспейді деу шындыққа да жанаспайды.

Шынында, қазақ – кешеден кеңпейіл, қонағын Құдайындай сыйлаған халық. Содан да ғой, той десе алып ұшып тұратыны. Одан бөлек, ата-бабамыздан қалған ырым-тыйымдарымыз да жетіп артылады. Олардың біршамасы ұмыт болса, кейбірі өзгеріске ұшырап, заманға лайықтандырылды. Ал қазақтың ата-бабасы көрмеген ырым мен ғұрып, салт-дәстүрі туралы жоғарыда айттым. Бәрі де тойда көрініс беруде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың «Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылы халыққа Жолдауындағы мына сөздері мысал бола алады: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» дегені өзекті мәселе.  Әулиеата өңірінде Президентіміз айтқандай, той тойлаудың әдебі, орны, ұстанымы жайлы  салт-дәстүрге негізделген жақсы бастама көтеріліп жатыр.  Тек оны бар қазақ қолдауы тиіс! Сонда ғана оның ғұмыры баянды болмақ.

 

Үндеуді қолдау – ұрпақты қорғау

 

Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырлары елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа үндеу жасады.

Үндеуде қазіргі тойлардың негізгі сипатынан ажырай бастағаны ерекше айтылып өтті. Ұлттық өнер жанашырлары тойды жас ерекшеліктеріне қарай өткізу жағдайына да тоқталды. Сол сияқты тойдағы ерсі көріністер де қазақтың тойын мазаққа айналдырып жатқаны да қозғалды.

 

Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырларының елімізде
той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа

ҮНДЕУІ

 

Құрметті бауырлар! Қадірлі Жамбыл жұртшылығы!

 Той – халық қазынасы. Тәлім мен тәрбиенің өнегесі. Алыс-жақын ағайын мен көңілі жақын адамдардың бас қосып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсететін ортасы.

 

Той мәдениеті – ұлт мәдениеті десек, өзгелерден ерекшеленіп тұратын қазақ тойы ұлттық сипатынан ажырап қалған жоқ па? Құндылықтар құрдымға кетіп,  келеке-мазаққа айналған жоқпыз ба? Жалпы, қазіргі тойлар қалай тойланып жүр? Міне, бұл сұрақтар бәрімізді мазалайтыны белгілі. Осыған байланысты той  өткізу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, асабалар одағы бірлесіп, үндеу жолдап отырмыз.

Құрметті бауырлар! Қазіргі уақытта тойдың түрі көбейді. Демек, олардың өткізілу жобасының өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Сондықтан тойды жасамас бұрын, оның маңызы мен мағынасына мән беріп, шақырылатын қонақтардың жас ерекшеліктеріне қарай оны дұрыс топтастыру және той өткізу уақытын реттеу, бос даңғазалық пен ысырапшылыққа жол бермеу қажет.

Тойды дұрыс ұйымдастыру мен өткізуге аса жауапкершілікпен қарап, әулеттің үлкендері немесе тәжірибелі әрі жанашыр  жақындарымен ақылдасуды қолға алған абзал. Өйткені, тойдың мағыналы өтуі – той иесінің абыройы, әулеттің беделі, ұлт мәдениетінің көрсеткіші.

Тойдың мәнді өтуінің тағы бір негізгі шарты асаба мен өнерпаздарды дұрыс таңдау және жиынды өткізу жоспары мен сценарийді бірлесіп жасау болып табылады. Той барысында ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге, той қонақтарының беделіне нұқсан келтіретін орынсыз әзілдер мен тақырыптан тыс ән-билерге жол бермеу керек.

Өткізілетін той-жиындар отбасылық қуаныштар, әулетпен бірге атқаратын салт-дәстүрлер, кең көлемде аталып өтетін салтанатты  кештер болып топтастырылуына аса көңіл бөлу маңызды.

Құрметті  ағайын! Соңғы кездері ел арасында орын алып жүрген келеңсіз жағдайлар, атап айтқанда, жан-жануарларды дастарқан жайылған тойханаға кіргізу, қазақтың ұлттық құндылықтарын келеке етіп – ересек адамды бесікке салу мен таққа отырғызу, қазақы шапанды малға жабу, ит-мысыққа той жасау той мәдениетінің төмендеуіне жеткізіп отыр.

Осы мәселелер оң шешімін табу үшін өңірімізде құрылып жатқан Асабалар одағы той мәдениетін қалыптастырудың ұйытқысы болады деп есептейміз!

Ендеше, халқымыздың қадір-қасиетін, ұлтымыздың ұлылығы мен бабалар өсиетін сақтап, тойды тәрбие ордасына айналдырайық!

 

 

PS: Бұл үндеу Жамбыл облысының бар аудандарында ұсыныс ретінде айтылып жатыр екен. Соның ішінде Шу, Мойынқұм, Қордай секілді аудандарда ерекше қолдауға ие. Облыстың идеология  жөніндегі орынбасары Серік Сәлимов ел көтерген мәселені дер уақытында қолдап, мән беріп, ел азаматтарымен кеңесіп жатқанына қуанып қалдым. Алла разы болсын! Облыстан қолдау болмаса, көп шаруаның, өзекті мәселелердің арты сиырқұйымшақтанып кететіні рас қой.

Енді осы бастаманы Астана, Ақорда қолдаса, қуаттаса, өзге аймақтар да қарап жатпайды деп сенемін. Бұл – қоғам белсенділерінің, елге сыйлы ардагерлердің бастамасы! Аяқсыз қалмасына кәміл сенемін. Себебі той мәселесі, тойдағы дарақылық пен мақтампаздық бар қазақтың жанды жері! Олай болса  тойды салт-дәстүрге негіздеп, мақтан үшін  текке шашылмай, босқа ісіп тасынбай, әдептен озбай, баймын деп тасымай,  кедеймін деп жасымай өткізу – заман талабы. Үндеуге қолдау – шектен шыққан масқара тойлардан ұрпақты қорғау. Осыны бір сәт естен шығармайық, ағайын!

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері