ӘУЛИЕНІҢ ШАПАҒАТЫ ТИГЕН АҒА
Әулиелер Алланың жердегі нұры» деген. Рухани ұлылығымен, діндарлығымен, әулиелігімен, даналығымен, батырлығымен ерекше өнегелі ісімен қасиет қонған Тұлғалар ел жадында мәңгі қалған Әулиелерге айналған.
Бұл кісі туралы аңызға бергісіз шындық әңгімелер ел арасында кең тараған.
Тарыққанды жебеп, қиналғанды қолдаған әулие бабаның бейіті төменгі Шу бойындағы, Бетпақтың шетінде елге пана болған қарауылдай болып көрінеді.
Әулиенің шапағаты көпке тиген. Бүгінгі менің әңгімеме арқау болып отырған Ильясов Бөлтірік Шәмшіұлы осы Сағыр қалпе әулие бабаның шапағаты тиген ағамыздың бірі.
Мен де елдің ағасы бола білген, 35 жыл бір мектептің директоры болған, 5 мәрте аудандық мәслихаттың 5 шақырылымының депутаты болған Бөлтірік ағамыздың дүниеге келудегі Әулиенің тиеген шапағаты туралы айта кеткенді жөн көрдім.
Бөлтірік ағамыздың өз аузынан естіген сөздерді сөзбе сөз келтірейін:
«Үкімет тарапынан Бетпақдала арқылы Арқаға мал шығару жөнінде тапсырма болды. 1948 жылы ең алғаш Арқаға қарай мал шығарылды. Біздің Коммунар совхозының өзінен 5 жылқышы, 10-нан аса қойшылар Арқаға қарай көшті. Менің әкем де мал бағатын. Біздің әкеміз бен шешеміз сол кезде жаңадан үйленген, жасы 18-19 — дағы жас семья екен. Екеуі мен туылғанға дейін жылға дейін 5 жылдай бала көрмеген. Сол кезде төменгі Шудың бойында Тамалардың Сағыр қалпе деген әулие кісісі бар екен. Біздің Әйнек деген шешеміздің әкесі, өзі тәуіп, көріпкелдігі бар Жұбаныш деген атамыз Дәрікүл апа, Әйнек апа, Нұрыш апа және шешем Алтынкүлді әкемізбен бірге сол Сағыр қалпе әулиенің басына алып барып, түнейді. Нұрыш апамызда да бала жоқ екен.
Әулиенің басына түнеп, азанда тұрған кезде Жұбаныш атамыз сұрай бастайды. Дәрікүл апа түсімде бір қария кісі келіп, орамал берді дейді. Онда сен келесі жылы қыз туасың дейді. Өзінің қызынан сұраса, ол да маған орамал берді дейді. Онда сен де қызды боласың дейді. Нұрыш ападан сұрайды, сен не көрдің деп. Нұрыш апа айтады, маған біреудің қамшысын әперді дейді. Онда сен біреудің баласын асырап аласың дейді. Айтқандай, Нұрыш апа қайнысының баласын асырап алады. Содан, біздің әкейді шеттеу алып шығып, сен не көрдің дейді.
Біздің әкей: «Қойныма екі қасқырдың баласы кіріп кеткен екен, ұрайын деп жатсам бір үлкен қария келіп, «ұрма, екеуі саған серік болады, келесі жылы келін егіз бала туады, ұлдың атын Бөлтірік, қыздың атын Қаламқас қой, — деп айтты дейді. Жұбаныш көке әкеме бұл түсіңді ешкімге айтпа дейді. Ауылға барған кезде қалың малдың арасынан бір қасқа ісек қарап тұрады, соны құдайыға шал дейді. Айтқандай, әкем өзіне тіке қараған қасқа ісекті құдайыға шалып, Құран оқытады. Сөйтіп, бір жылдан кейін біз дүниеге келдік. Бірінші мен туылыппын. Атымды Бөлтірік қойыпты, менен кейін қарындасым келді дүниеге. Атын әулие айтқандай Қаламқас қойыпты. Осы Әулиенің арқасы болу керек 35 жыл мектеп директоры болғанда бір теріс қылық жасамай, ешқандай бір ескерту алмай абыройлы қызмет атқардым. Жоғарғы жақтан басшылар келіп жатқанда бір мектепте болмай қалған күнім болған емес. Кейде, сабағым болмаса да аяңдап, мектепке барып қалсам, он-он бес минуттан кейін аудан басшылары келіп тұратын. Осының бәрі мені жетелеп жүрген сол Сағыр қалпе әулиенің арқасы деп ойлаймын. Енді менде бір мақсат бар. Келесі жылы көктем айында Сағыр қалпе әулиенің басына тәу етіп барып, Құран оқытасам ба деп отырмын, — дейді жетпістің жотасына шыққан Бөлтірік ағай.
Жазушы, қаламгер ағамыз Дулат Шалқарбаев Сағыр қалпе туралы әңгімесін өзінің кітабында былай деп жазады:
…- Бір атақты адамның асында болған бәйгеге Таманың Сабырбай деген байы ат жаратады. Ол Сағыр қалпемен құрдас екен. Асқа кетіп бара жатыр қалпеге соғады.
— Бәйгеге ат қоспақпын, сенен бата алайын деп келдім, шын әулие болсаң ертең мені қолда», — дейді.
— Жарайды. Атқа шабатын балаға айтып қой. Шаң жақтырмай жел жағында отырсын де, — дейді Сағыр қалпе күліп.
Ертеңгі бәйгіде әлгі ат үздік келеді. Қайтарда ат иесі Сағыр қалпеге соғып, кілем жабылған атанды босағасына байлайды.
-Мынаны қарашы, — дейді Сағыр қалпе иығын көрсетіп. Екі иығы да көгеріп кеткен екен.
— Атың тартудың күшімен зорға келді. Сенің бір ауыз сөзіңді қимап едім,- деген кезде, «Әулиелігіңе енді сендім», — деген екен құрдасы.
Тағы бір оқиға. Тағы бір бабаның әулиелігі.
Таманың Шажа руынан шыққан Есжан батыр жол жүріп келе жатқан. Түзге отырмақшы болып аттан түсе бергенде, дәл қасындағы бұтаның түбінен жұмыртқа басып жатқан торғай пыр етіп ұшады. Осыдан үріккен ат жұлқи тартып қолынан шығып кетеді де, ұстаптайды. Есжан жақындай берсе болды, желіккен ат құйрығын шаншып, осқырынып шаба жөнеледі.
Елсіз далада батыр шын сасады. Бетпақдаламен ойнауға болмайды. Есжанның ерні кезеріп, тамағы құрғап, шөлдей бастайды. Жан қысылғаны соншалық, маңдайы терлеп, ажалмен жекпе-жекке шыққандай әсер пайда болады. Шөл далада батырлығын сөз емес. Батыр шын сасады.
Сасқаны емей немене:
— Бозқасқа!.. Бозқасқа! .. деп, айқайлап, құдайға, әруаққа жалбарынады.
Бірден аузына қатар құрбысы Сағыр қалпе түседі
-Әй, Сағыр қалпе, мені елсізде өлтіресің бе?. Көрсет құдіреттіңді, — дейді бар дауысымен айқайлап.
Тіпті осы сөзді бір емес екі рет, үш рет….он рет қайталайды. Қайталап келе жатып дөң басына шығады.
Келсе, аттың ұзын шылбыры қарағанға оралып тұр екен. Оны Есжан әзер дегенде тарқатып алады.
Бір күні құрдасы Сағыр қалпенің үйіне барады. Ол кіріп келгенде Сағыр қалпе күліп:
— Өтірікші келдің бе? — дейді
— Қашан өтірік айттым?
— Бетпақдалада атыңнан айырылып қалғанда айтқан бозқасқаң қайда?
— Оны қайдан білдің?
— Білмесем айтам ба. Сондағы жан дауысыңның шыққаны-ай. Маған неше рет жалынғаның есіңде бар ма? — дейді.
Түу, саған дауа жоқ екен. Енді сөзді қойдым, — деп, Есжан жастыққа қисая кетіпті, — дейді Дулат аға өзінің кітабында.
«Төменгі Шу бойындағы атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы жатқан қырдың үш шақырым шығысында Тама — Төлеп әулие Сағыр Қалпе Қуандықұлының сағана- бейті. Дертке шипа іздегендер тәу етіп түнеп қайтатын, дегеніне жеткізетін әулиелік киелі орын. Оның басына өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ұрпақтары тұрғызған Сағана мен, тәу етіп түнеушілерге соғылған иесіз қонақ үйі. Айдаладағы бұл жай төсеніштермен, жамылғы, жастық, көрпешелер және тамақтанатын жеткілікті ыдыс аяқтарына дейін жабдықталған .Отыз жылға аяқ басып бара жатса да қайта толықпаса кемімейтін бұл бұйымдарға жан адам қол тигізген емес. Жаз бойы алыстан келіп түнеушілер толасымай жатады…» деп, жазады өз естелігінде КСРО Журналистер Одағының мүшесі, жазушы ағамыз Бергентай Нұрмаханұлы жазады.
Сағыр қалпе осындай кереметі, қасиетті адам болған. Оның мүрдесі төменгі Шудағы «Қуарал» деген жерде. Оған зиярат етушілер әлі де жеткілікті. Олармен әулиенің рухы тілдесіп, түсінде аян береді. Бұл шындық.
Осындай әулиенің шапағаты тиіп, дүниеге келген Бөлтірік ағамыз да елге елеулі еңбек етті. Ауданның білім саласының дамуына өлшеусіз өз үлесін қосты. Аудан тарихында бір мектепті ұзақ жыл басқарған азаматтардың қатарынан болды. Бұл кісіге дейін бір мектепті ұзақ жыл басқарған, соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Дәуірбаев Шахыбала ағай еді. Ол кісі Ақтоғай мектебін 29 жыл үздіксіз басқарған болатын.
Жетпіс жас мерейтойыңыз құтты болсын, Бөлтірік аға!
Жасай беріңіз әулиенің шапағаты тиген ардақты Аға!
А. Тілемісов
ҚР Журналистер Одағының мүшесі