АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ БАСТАЛАДЫ

Жақында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Мойынқұм аудандық сайлау комиссиясының ұйытқы болуымен «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы» аудандық семинар – кеңес болып өтті.
Аудандық мәслихат аппаратының мәжіліс залында санитарлық талаптарға сәйкес өткізілген жиынға Шу аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Бауыржан Стыбаев, аудан әкімінің аппарат басшысы Нұрзия Атаева, бірқатар тиісті бөлім басшылары, аудандық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары, орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері қатысты.
Сержан Садуакасовтың төрағалығымен өткен семинар – кеңес барысында әкімдердің тікелей сайлауын өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері, сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру, науқанды қаржыландыру, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық сүйемелдеу мәселелері қаралды. Мәселелер ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлауға байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып қаралды.
Семинар – кеңес бағдарламасына сай, аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Садуакасов «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру және өткізудің құқықтық және ұйымдастырушылық аспектілері», «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізуге қатысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына түзетулерді іс жүзіне асыру туралы», «Әкімдерді сайлау мәселелері бойынша түзетулерді іске асыру үшін қабылданған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының заңға тәуелді актілері туралы» баяндамаларын жасады. Сонымен қатар, аудан әкімінің аппарат басшысы Нұрзия Атаева «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мен өзара іс – қимылы туралы» сөз қозғаса, аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Мейірхан Жайлау «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жөніндегі сайлау құжаттары нысандарының жобалары» жайлы баяндап берді. Ал, аудандық сайлау комиссиясының мүшесі Ұланбек Әліпбеков «Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс – шаралардың үлгілік күнтізбелік жоспарының жобасы туралы», комиссия хатшысы Мейірхан Жайлау «Ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлау науқанын қаржыландыру мәселелері» жайында хабарлама жасады. Басқосуда сұрақ-жауапқа кезек беріліп, өзара пікір алмасқан кеңеске қатысушыларға әдістемелік ойын ұйымдастырылды.

 

Кеңес барысында Сержан Садуақасов сайлау жүйесінің және сайлауды ұйымдастыруға тартылған орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың алдында тұрған үлкен міндеттерді толыққанды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерінен құзыреттілікті, жұмыстарының үйлесімділігін ерекше талап ететінін жеткізді.
— Жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылармен сайлау өткізуде біраз міндеттер жүктелген. Біріншіден — сайлау рәсімдерін мүлтіксіз сақтап, сайлауды заңнамаға сәйкес өткізуді қамтамасыз ету. Екіншіден – сайлау күні санитарлық нормаларды сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлу. Үшіншіден сайлауға қатысатын сайлаушылардың тізімін айқындау және нақтылау жұмыстарының дұрыс болуы. Төртіншіден сайлаушыларды тасымалдау мәселесі мен үйде дауыс беретін сайлаушыларды қамту мәселесіне жіті назар аудару. Соңғысы әлеуметтік – саяси ахуалдың тұрақтылығы, — деді Сержан Садуакасов.
Бұған қоса шарада «Пандемия жағдайында ауылдық деңгейдегі әкімдердің сайлауын өткізу туралы» аудандық санитарлық — эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Айман Елеуова, «Мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету» жөнінде аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мейірхан Төлеулиев, «Ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау барысында сайлау комиссияларының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету туралы» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Айжан Ноғайбекова баяндады.
Семинар соңынан оған қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.