АУЫЛ ӘКІМДЕРІНЕ «АУЫЛ АМАНАТЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен «Ауыл Аманаты» бағдарламасына енгізілген ауылдық округтердің әкімдері мен жаңадан құрылған кооператив төрағаларына арналған семинар-кеңес өтті.
Кеңес барысында басқарма басшысы Нұрби Жігітеков бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
— 2023 жылы 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 ауылдық округ қаржыландыруға ұсынылып отыр. Бұл округтерде жалпы 72 897 адам тұрады және аула саны – 13 276. Бүгінгі күні 266 өтінім келіп түссе, 26 округтің барлығында кооперативтер құрылып, тіркеуден өтті. Енді «1 ауыл – 1 өнім» жобасы бойынша әрбір ауылдық округ не болмаса бір қатар округтермен бірлесе отырып жоғары қосымша құны бар өнім өндіру қажет. Ол үшін округте қайта өңдеу цехі қажет не болмаса округтер маңайында орналасқан ірі кәсіпорынның айналасына бірігіу тиіс – деп атап өтті басқарма басшысы.
Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы ауыл әкімдеріне «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда дербес жауапкершіліктерді ескертіп, әр ауылдық округте сүт, ет және көкөніс өнімдерін өндіруді тапсырды.
Сондай-ақ, кеңес барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшысы Дәулет Әбілқайыров, АгроТехҚызметінің басшысы Берікбол Мәндібаев, «Агро Green» компаниясының (гидропоника) маркетологі Бекзат Тұмақбаев, «ҚазИоти» трактор құрастыру зауытының директоры Әділбек Құлыбаев бағдарлама аясында атқарылатын жұмыстар жайлы ақпараттармен бөлісіп, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берді.
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы