Ауыл әкіміне ел риза

Әрбір әкімнің іс-әрекеті, тұрғындармен қарым- қатынасы елдің билікке деген сенімін нығайтады. Осындай жоғары жауапкершіліктің үдесінен шығып жүрген облысымыздағы санаулы жас әкімдердің бірі – Данияр Әбдіразақ. Ол Меркі ауданындағы Ақтоған ауылдық округінің әкімі. Ауыл жұрты оның қарапайымдылығы мен ашықтығын, іскерлігін жоғары бағалап отыр.

Ауылға атбасын бұрғанымызда әуелі жол-жөнекей кездескен тұрғындардың пікірін тыңдадық.

– Ауылымызға әкім етіп Даниярды өзіміз сайлағанбыз. Бұл жігіт бұдан бұрын әкімдікте жұмыс істемесе де, жастық жігерімен бірден меңгеріп кетті. Ауылымыздың шеткері көшесінде тұратын жас отбасына асарлатып үй тұрғызып беруге ауыл жұртын ұйымдастырды. Төменірек тұста орналасқан дендробағымызға бұған дейін су бармаған болатын. Меркі су шаруашылығымен жұмыстың жүйесін тауып, үйлестіре білгенінің нәтижесінде барлық ағаштар суғарылып, қазір арша, шыршалар қалпына келіп, саябағымыз жақсарып қалды. Ауылымызға әкім болып келгеннен-ақ қариялармен де, жастармен де жеке кездесіп, кеңесті. Содан бері қандай да бір іс бастаса әуелі ауыл ақсақалдарымен ақылдасады. Алдағы атқарар жұмыстарын да айтып отырады, жоспарларына қарағанда алдағы уақытта да жақсы істер жүзеге асатын сияқты. Шүкір, қазір де ауылымыздың жағдайы жаман емес. Әкіміміздің іскерлігіне қарап, бұдан ары да заманның талабына сай өзгерістермен ауылымыз көркейе берер деген үміттеміз, – дейді Жоран Аляуханов ақсақал.

Ауылдық жерлерде, әсіресе қыз- келіншектер су тасу, от жағу секілді шаруалармен таңның қалай атып, күннің қалай батқанын байқамай қалатыны рас. Ақтоғанның келіндерінің жайы қандай екенін де білмек болып, біразымен пікірлестік. Солардың бірі– Мөлдір Ақылбаева.

– Шүкір, қазір ауылымыздың жағдайы жақсы. Бұрынғыларша күйбең тірліктің қамытын арқалап жүрміз дей алмаймыз. Ауыз су, газ үйге қосылған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ауылымыз үлкен жолдың бойында орналасқан, бұл да біраз шаруаның шешілуіне септігін тигізеді. Ал Данияр Ақылбекұлын тұрғындар болып, өзіміз сайладық. Жас әрі білімді азамат болған соң сенім мен үмітіміз зор. Бұл қызметке келгеніне енді бір жыл болады, әзірге тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Өз жұмысына тиянақты екенін көріп жүрміз. Қай уақытта қандай мәселемен келсек те, жылы жүзбен қабылдап, ой-пікірімізді тыңдап, мәселеміздің шешілуіне ден қояды. Әрине, елді дамыту тек бір адамның қолынан келетін іс емес, ол үшін бәріміз жұмылып, еңбектенуіміз қажет, – дейді.

Ал әкімнің өзімен сұхбаттасқанымызда Данияр Әбдіразақ «Қандай жетістіктерге қол жеткізсек те, бәрі ауылдастарымның қолдауы мен ортақ іске жұмыла білуінде» деп ақтоғандықтарға ризалығын жеткізді.

– Ауыл әкімінің сайлауына өзімді өзім ұсынып, түскен болатынмын. Сайлауалды бағдарламамда халыққа ең қажетті газ, электр жарығы, ауыз су, жол мәселелерін шешуді мақсат еттім. Негізі бұл ауылда көгілдір отын бар, бірақ оны әкімшілік жүргізбеген, тұрғындар өздері қаражаттарының жеткенінше тартып алған. Сондықтан 50-60 үйге газ қысымы жетпейтін. Әкімдік қызметке келгенімде тұрғындармен сөйлесіп, осы мәселені қолға алдық. Бұған әкімшіліктен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Өз тарапымыздан «Қазтрансгаз» мекемесімен келісім жасасып, олар 3 километр құбырды бөліп берді, соған тұрғындар өздері бірігіп 2 шкафты газ реттеуіш пунктін (ШРП) орнатты. Сонымен көгілдір отын мәселесі шешілді. Тағы бір түйінді мәселе – электр жарығы еді. Кеңестік кезеңнен бері төрт көшенің электр жүйесі бір трансформаторда болған, бұл үлкен жүктеме. Сондықтан 250 киловаттық трансформатор қажет болды. Аудан әкімдігіне жобасын, құжаттамаларын әзірлеп, ұсындық. Аудан әкімі тарапынан қолдау тапты, трансформаторды ауылға әкеліп те қойдық. Бағаналары орнатылды, бір ай шамасында бұл жұмыс та түбегейлі аяқталады.

Ауыз су жүйесі де ескірген. Толықтай жаңартуды қажет етеді. Сметалық жобасы жасалып жатыр. 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарымен ауыз судың мәселесі де оң шешімін табатын болды. Жолдың жайына келсек, өздеріңіз білетіндей Ақтоған ауылы аудан орталығына баратын үлкен жолдың бойында орналасқан. Ауылға кіретін жол жақсы, ал ішкі көшелерде өз кезеңімен жоспарға сай жөнделетіндері бар. Негізі бұрыннан асфальтталған, бірақ жол 7 жыл шамасында ескіреді, соған қарай жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Көшелердің жарықтандырылуына күннен қуат алатын шамдар қойсақ деп жоспарлап отырмыз. Себебі біздің округ тек жарықтандыру үшін 1 жылда екі жарым миллион теңге төлейді. Егер күн сәулесімен жарықтандыруды орнатсақ, аталған қаржыны басқа іске жұмсар едік. Мұндай жарықтандыру пилоттық жоба ретінде ауданымыздың Ақарал ауылына қойылды. Бір жыл көлемінде байқап көреді, нәтижесі тиімді болса, біздің ауылға да соны қолданамыз, – дейді ауыл әкімі.

Данияр осы ауылда туып, өскен. Мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына көлік техникасы мамандығымен оқуға түседі. Кейін білімін ары қарай жалғастырып, көлік логистикасы бойынша магистратураны бітіреді. Содан соң 2 жыл Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасу мақсатымен оқып келеді. Студент кезінде Алматы қаласындағы Алматы қонақүйінде жұмыс істеп, іскерлігімен көзге түсіп, сол жерде директордың орынбасары қызметіне дейін көтерілген.

Осындай білім, тәжірибе алып, туған ауылына 2019 жылы жеке кәсіпкер болып оралады. Жеке кәсіпкерлігін 2016 жылы ашып, өзі директорлық міндетті атқарған. Өз ауылында кәсіпкерлігін жалғастыра жүріп, 2022 жылы ауыл әкімінің сайлауына өзін өзі ұсыныпты. Бәлкім, жас жігіттің еңбектен қашпайтын қабілеті мен біліміне сенгендіктен болар, ақтоғандықтар өткен жылдың 27 сәуірінде ауыл әкімі етіп сайлайды. Небәрі 28 жасында ауылға әкім болған Данияр Ақылбекұлы Меркі ауданы бойынша алғаш рет лимон өсіру шаруашылығын бастаған екен.

– Ауыл тұрғындарының тұрмыстық әл-ауқатын арттыру мақсатындағы 2,5 пайызбен берілетін несие алып, іс бастауға ауылымыздан биыл 260 адам ниеттеніп отыр. Қазіргі уақытта тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын, құжаттарын рәсімдеу ісін жүргізіп жатырмыз. Олардың көбі мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап отыр. Бұйыртса, кооператив құрылады. Бүгінгі уақытта ауылда жұмыссыз жүрген адам жоқтың қасы. Әрине, көбі өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Ауыл адамдарының бірлігімен мен осында әкім болып келгелі бері бүгінге дейін 14 үй асарлатумен салып берілді. Бұл тұрғындардың ауызбіршілігін көрсетеді. Осындай бірліктің арқасында ауылда қылмыс та көп орын алмайды. Әрине, ел іші болған соң бірен-саран бұзақылық көрсеткен балалар кездесіп қалады, бірақ ауыл ақсақалдары өз араларында ортаға салып, мәселені ушықтырмай шешіп отыр. Ауыл кәсіпкерлері ортақ істерге тұрақты түрде демеушілік жасап, бірліктің үлгісін көрсетіп жүр, – дейді Данияр Әбдіразақ.

Негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, мұнда да ағын су жайы күрделі мәселе екенін әкім жасырмады. Ақтоған ауданның батыс бөлігіндегі ең соңғы орналасқан округ болғандықтан, ағын судың жетуі қиындау екен. Ал таудан келетін су ауылға жеткенше жол бойы жерге сіңіп кетеді. Бұрынғы салынған каналдардың тозығы жеткен. Қазір осы мәселенің оңтайлы шешімін табуды қарастырып отырған ауыл әкімі бұрынғы арықтарды аршып, ауылға ағын судың ең болмаса 70-80 пайызын жеткізуді жоспарлауда. Жоспарын жүйелі жүргізіп, мақсатына жемісті жететініне де сенімді.

Қамар ҚАРАСАЕВА
Меркі ауданы