«Ауыл аманаты – бабалар аманаты» республикалық форумы не бермек?

 «Ауыл аманаты – бабалар аманаты» республикалық форумы не бермек?

Ауылдардың дамуы     облыстардың, өңірлердің дамуына серпін болады. Ал қуатты өңірлер елді дамытудың драйвері екендігі айқын. 

Мемлекет басшысының жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығына сәйкес, Ақтөбе облысында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Ақтөбе облысы республикада алғашқылардың бірі болып қолға алған ауылдық жерлерде тұратын адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұл жобаға ауыл тұрғындарының қызығушылығы жоғары.  

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» жобасына арналған республикалық форум өтті. 

Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге кешенді көзқарас

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтті  - el.kz

«Ауыл аманаты» жобасы аясында облыстың барлық 134 ауылдық округіне скрининг жүргізіліп, алынған мәліметтер негізінде аудандарды дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді. Негізгі мақсат – қолдау шараларының «бірыңғай пакетін» іске асыру арқылы әлеуметтік-экономикалық дамудың толыққанды жүйесін құру. Осылайша, Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманаты» жобасы жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жолымен халықтың табысын арттыруды ғана емес, білім беруді, денсаулық сақтауды, спортты дамыту жөніндегі шараларды да қамтиды. Ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге кешенді көзқарас – Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманаты» жобасының негізгі ерекшелігі.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша отбасылық табысты арттырудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, ауыл тұрғындары үйлерін кепілдікке қойып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Бұл – ел тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Екіншіден, тұрғындар ірі шаруа қожалықтарынан малдай тауарлық несие алып, оны төлімен қайтаратын болады.

«Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіреді. Бұл  ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процестерін жүйелеуге мүмкіндік береді.

Форумға  ауқымды жобаға қатысушылар, жастар, ірі шаруашылықтар, мемлекеттік органдардың басшылары, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері, барлығы 1000 адам қатысты.

Ақтөбе облысы әкімі Ералы Тоғжанов форумға қатысушыларды құттықтап,  Ақтөбе облысының Қазақстанда алғаш болып іске асырған бұл жобасы ауылдың дамуына, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, өңір тұрғындарының жұмыс орындары мен табыстарын ұлғайтуға ықпал ете отырып, ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын атап өтті.

Өңір басшысы «Ауыл аманатына» үлкен үміт артып, жоба халықтың ауылдардан қалаға үдере көшуі сияқты күрделі мәселені шешеді деп есептейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жарлығында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ерекше назар аудара отырып, ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Біздің өңір халқының 25,5%-ы немесе 236 мың адам ауылдық жерлерде тұрады. Соңғы 4 жылда ауыл халқының саны 7,1%-ға азайып, 18 мың адам болды. Көші-қон ағымында еңбекке қабілетті жастардың үлесі басым. Осы себепті біз ауылдық елді мекендерді дамытудағы практикалық іс-қимылдарға көшуіміз керек.

Былтыр елімізде алғаш рет «Ауыл аманаты» жобасы  Ақтөбе облысында бастау алды. Біз ауылдың мәселелерін шешпей, қала мәселелерін шеше алмаймыз, –  деді Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтті  - el.kz

«Ауыл аманатын» іске асыру арқылы жобаға қатысатын ауылдардағы жұмыссыздық деңгейін 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды 49,3%-ға төмендетеді. Отбасының орташа табысы 2 есе артады.

 

Жоба аясында тұрғындар қаладан ауылға көшіп жатыр 

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы  өтті: 2023 жылғы 28 ақпан, 18:02 - inform.kz жаңалықтары

Аталған жоба халықтың, әсіресе жастардың ауылдан көшуін төмендетуге септігін тигізетіні айқын. Ақтөбе облысының тәжірибесі көрсеткендей, бір кездері қалаға көшіп келген адамдардың ауылға оралуына қол жеткізілді.

Серікбай Жұмағалиев – 90-жылдардың басында Ақтөбе қаласында жақсы өмір   іздеуге мәжбүр болғандардың бірі. Жақында ол отбасымен бірге туған Ойыл ауданының      Бестамақ ауылына қайта оралып, құс өсірумен айналысуға ниетті.

– «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, туыстарыммен кеңесіп, туған ауылыма қайтуға шешім қабылдадым. Мен отбасымның материалдық жағдайын жақсарту үшін көшіп келдім. Барлық құжаттарды жинап, тапсырып, құс шаруашылығына 7,6 миллион теңгеден астам қаражат алдым. Енді менің мақсатым – құс бордақылау бойынша өз бизнес-жобамды сапалы іске асыру және ауданның сауда нүктелерін өніммен қамтамасыз ету. Ауылдастарыма осы жобаға қатысуға кеңес беремін. Мен «Ауыл аманаты» ауыл тұрғындарына көп пайда беретініне сенемін және ауылда тұрып, жақсы ақша табуға мүмкіндік бергені үшін Президентке, облыс әкіміне алғыс айтамын, – деді С.Жұмағалиев.

Ал Қуатбай Асабаев былтыр Маңғыстау облысынан Мұғалжар ауданының Жұрын ауылына көшіп келген.

– Қазір ауылдың өмір сүру жағдайы бұрынғыдай емес. Өткен жылы Жұрынға газ келді, барлығы дерлік қаладағыдай. Мен мал өсіремін. Өткен жылы мемлекеттен өтеусіз грант алып, мал басын көбейттім. Қазір Жұрындағы үйімді кепілге қойып, «Ауыл аманаты» бойынша несие алғалы жатырмын. Мен ауданды көкөністермен, картоппен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмын. Ауыл әкімдігі өзен бойынан бір гектар жер бөлді. Облыс тұрғындарына, әсіресе ауыл тұрғындарына осы мүмкіндікті пайдаланып, бар болғаны 2,5 пайызға несие алып, өз ісін бастаудан қорықпау керектігін айтқым келеді. Бұл өз өміріңді, отбасыңның өмірін жақсартудың нақты мүмкіндігі, –  деді Қуатбай Асабаев.

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтті  - el.kz

Форум сарапшылары «Ауыл аманаты» –  ауылдық жерлердегі жаңа экономикалық саясаттың негізі, ол халықтың ауылдан кетуін азайтып қана қоймай, кепілді табыс көзі бар тұрақты жұмыс орындарын құруға, ауылдық жерлердегі әлеуметтік шиеленіс деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

Жобаны шаруалар да, кәсіпкерлер де қолдайды 

Ақтөбелік шаруалар «Ауыл аманаты» жобасын қолдайды

«Ауыл аманаты» жобасы аясында тұрғындар жеңілдетілген несиемен қатар тауарлық несие де ала алады. Яғни, тұрғындар ірі шаруашылықтардан мал алып, оны көбейтіп, қорасын толтырады.  Бүгінгі таңда 28 ірі шаруашылық 70 отбасына 165,6 млн теңге сомаға 865 бас мал берді. Ал кешегі өткен форум аясында тағы 33 отбасы 75,8 млн теңгеге 530-дан астам мал алды.

– Ауылдағы ағайын банктен несие алуда көп кедергіге тап болады.Себебі кепілге қоятын мүлкі жоқ, не талапқа сай емес. Ал «Ауыл аманатының» басқалардан ерекшелігі сол – қатысушының әрқайсысының жағдайы, қаржылық мүмкіндігі жеке қаралады. «Ауыл аманатының» артықшылығы – берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны. Жеңілдетілген несие алғысы келетін кәсіпкерлер тек мал, құс пен өсімдік шаруашылығы, сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау және          ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу бағыты бойынша жұмыс істесе жеткілікті.

Жоба аясында тауарлық несие беріліп жатыр. Шаруа қожалықтары өз малын тұрғындарға несиеге 7 жылға дейін береді, – дейді Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.

Жобаға қатысушыларға тауарлық несие берген белсенді шаруашылықтар қатарында Ойыл ауданы Саралжын ауылынан      «Нұр-Асыл» ШҚ басшысы Өмірғали Аманғали бар. Ол форум барысында Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– Біздің облыс осындай жобаны алғашқылардың бірі болып бастағанына қуаныштымын. Мен өз үлесімді қосуым керек деп шештім және үш жұмыссыз ауыл тұрғындарына 60 бас қой бердім.  Барлық ауылдастарды «Ауыл аманатына» қатысуға шақырамын. Ел Президентінің, облыс әкімінің ауылдарға осындай зор қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – деді Өмірғали Аманғали.

Алға ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Асылзат Дәулетиярова «Санжар-Т» шаруа қожалығынан екі сиыр алған.

– Бізде 5 бас мал алуға мүмкіндік болды, бірақ біз аздан бастайық, өз күшімізді көрейік деп шештік. Жолдасым екеуміз жобаны ұзақ зерттедік, несие алудан қорқатынбыз, бірақ тауарлық несиенің тиімділігін оқып-біліп, шешім қабылдадық. Шынын айту керек, маған телеарнадан көрсетілген, екі қолы жоқ болса да, тігін тігумен айналысып жүрген Анар Бексұлтанова, тағы бір жерлесіміз, екі қолсыз Тайбек Өтегенов жігер берді. Жұмыс деген аяғымыздың астында жатыр, тек ынта, ниет болуы қажет. Егер үйің мен жұмысың болмаса, неге қалада жақсы өмір іздеу керек? Барлық ауыл тұрғындарын мемлекет ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалануға, ауылда өз шаруашылығын дамытуға шақырамын, – деді Асылзат Дәулетиярова.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасын қолдауға шаруа қожалықтары ынталы. 28 шаруа қожалығы ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беруге дайын. Тауарлық несиеге берілген мал басы төлімен қайтарылады.

Бұл ерекше жобаны қолдауға кәсіпкерлер де дайын. «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы барысында аудандардың әкімдіктері мен өңірдің бірқатар ірі кәсіпорындары, шаруашылықтары арасында ауылдарда жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы 10 меморандумға қол қойылды.

Маңызды құжаттар аясында «Нектар» ӨК Алға ауданы Тамды ауылында кешенді спорт алаңын салуға, «Қойлыбаевтар әулеті» қоры Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында «Әкелер саябағын» абаттандыруға көмектеседі. Жеке кәсіпкер Спартак Төремұратов Ойыл ауданының Кемер ауылында жастардың бастамаларын дамытуға арналған орталығын салуға ниетті. Шалқар ауданының Біршоғыр ауылында «Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС және «Диабаз-НТ» ЖШС қаражаты есебінен орталық саябақ бой көтермек және Біршоғыр станциясының кіреберісіне күрделі жөндеу жүргізеді. «Қазгеоруд» ЖШС «Әулие-Алтынды» жолының 27 шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылында спорт алаңын орнатады. «Айсая Ақтөбе» ЖШС Байғанин ауданы Жаңатаң ауылына 7 шақырым грейдерлік жол салады.

«Абаттандырылған ауыл» жобасы аясында барлығы кемінде 120 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылады. Жобаның негізгі мақсаты – ауылды ХХІ ғасырдың дамыған ауылына кезең-кезеңімен трансформациялау, онда халық сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

 

«Дем» жұмыссыз жастар санын азайтады 

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырыла бастады: 2022 жылғы 3  қараша, 04:14 - inform.kz жаңалықтары

«Ауыл аманаты» жобасы жұмыссыз жастардың санын азайтуға да көмектеседі.

Аталған жоба аясында жұмыссыз ауыл жастарын кәсіптік дағдылауға бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба іске қосылды.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен Ішкі саясат басқармасының мамандары ауылдық жерлердегі  35 жасқа дейінгі жастарға скринингтік жұмыстар жүргізіп, ауыл жастарының паспортын жасақтады. Скрининг өңірдегі 35 жасқа дейінгі 209 мың жасты қамтыды. Скрининг нәтижесінде 12 аудандағы «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтен 278 жұмыссыз жас анықталды.

Осы жұмыссыз жастар «Дем» жобасы арқылы білім алып, ауылшаруашылығы,     әлеуметтік-мәдени және қаржылық сауаттылық сияқты бағыттар бойынша дәріс тыңдайды.

Жобаның мақсаты – қысқа уақыт ішінде жаңа дағдыларды үйрену, жұмыссыз жастардың санын азайту, «Ауыл аманаты» жобасының арқасында өз ауылының экономикасы мен әл-ауқатын көтеру.

«Дем» жобасына «Ақбөбек» халықаралық мектебі демеушілік етеді. Олар қатысушыларды жатын орынмен, тамақпен және оқумен қамтамасыз етеді. Курс барысында жұмыссыз жастарға мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп, қала кәсіпорындары мен бизнес нысандарында практикалық сабақтар өткізіледі.

Жоба қорытындысы бойынша әрбір қатысушы бекітілген тәлімгерімен бірге бизнес-жобаларды қорғайды және сертификаттарға ие болады. Оқуды аяқтаған соң, жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Ал олар алған білімдері мен дағдыларын ауылдастарымен бөлісе алады.

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты – Бабалар аманаты» республикалық форумы өтті  - el.kz

 

Тағдырлы Тайбектің кәсібі  

Шалқар ауданының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі жан Тайбек Өтегенов ақтөбеліктерді «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуға шақырды.

Ол 20 жыл бұрын электр сымын байқамай басып қалып, 10 мың вольттық токқа түсіп, екі қолынан айырылған. Соған қарамастан мемлекеттік қолдау шараларын белсенді қолдана отырып, өз үйінің ауласында кәсібін бастағанын айтады.

– Мен құс шаруашылығымен 2018 жылы айналыса бастадым. «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 250 мың теңге көлемінде өтеусіз грант алдым. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2020-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы бойынша бизнесті кеңейтуге 2 миллион теңге көлемінде несие алған. Жұмыспен қамту орталығы арқылы бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Мен ауылда тұрып, жұмыстың  жоқтығына шағымданатын адамдарды түсінбеймін. Іс бастаймын, жұмыс істеймін дегендер үшін мүмкіндік зор. Барынша соны тиімді пайдалану керек. Өзім «Ауыл аманатына» қатысамын. Күтер үмітім де, жоспарларым да көп. Мен сияқты ауыл тұрғындарының әрқайсысы өздерінің қаржылық жағдайын едәуір жақсарта алады. Ең бастысы – ерінбеу, жалқау болмау, –  дейді Тайбек Өтегенов.

 

Ауылға жан-жақты көмек

«Ауыл аманатының» ауыл тіршілігіне қан жүгіртіп, серпін беретіні анық. Жеке отбасылардың табысын арттырумен қатар, ауылдың әлеуметтік жағдайы да жақсарып қалатын болды. Мәселен, «Ауыл аманаты» аясында фельдшерлік-акушерлік пункттерді жаңғырту жобасы басталды, бұл әсіресе шалғай ауылдарға қатысты. Фельдшерлерге онлайн-диагностика жүргізу үшін   инновациялық медициналық жабдықтары бар арнайы сөмкелер беріледі. Науқастар туралы барлық деректер тікелей облыс орталығына жіберіліп отырады, білікті бейінді дәрігерлер науқастың жағдайын қашықтан көруге, емдеу бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Жоба ауылдарда көрсетілетін медициналық көмектің сапасын едәуір арттыруға септігін тигізеді. Ақтөбе облысында барлығы 300-ден астам ауылдық алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандар бар, олардың 100-ге жуығы шалғай жерлерде орналасқан.

– Бұл елді мекендерде дәрігер қарастырылмаған, ауырған кезде халық ауылдық медбике көмегіне жүгінеді немесе аудандық ауруханаға барады, бұл одан сайын жағдайды ушықтыруы мүмкін. Ең ыңғайлы әдіс – заманауи мобильді диагностикалық кешен арқылы көмек көрсету.  Ол науқастың жағдайы туралы нақты мәліметтер береді. Бұл ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық тексеруді ұйымдастыру кезінде таптырмас құрылғы,  –  деді форум барысында Облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының аға фельдшері Гүлсезім Бекбергенқызы.

Мобильді диагностикалық кешеннің көмегімен пациент үйден шықпай-ақ сапалы, заманауи алғашқы медициналық көмек ала алады. Қан зерттеуін талдауға, электрокардиографияны жүргізуге, науқастың дене салмағының индексін, сүйек массасындағы май мен судың пайызын, температураны, жүрек соғу жиілігін білуге болады. Білікті дәрігерден телемедициналық кеңес алу мүмкіндігі қарастырылған.

Ауылдық мектептерде мамандардың тапшылығы және білім беру сапасын арттыру мәселелері «Ауыл аманатының» құрамдас бөлігі – «Bilim ALL» жобасының көмегімен шешіледі. Жоба аясында пәндердің бір бөлігі балаларға қашықтан оқытылады. Оқытуды Ақтөбе қаласындағы үздік мектептердің педагогтері жүргізеді. Онлайн сабақтар мектептерде жергілікті мұғалімдердің бақылауымен өткізіледі. Бұл бір мұғалімнің шағын жинақты мектепте бірнеше пәнді оқыту тәжірибесін жоюға мүмкіндік берді, сондай-ақ, шағын жинақты және қарапайым ауыл мектептеріндегі оқу сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерде дене шынықтыру мен спортты дамытуға да көп көңіл бөлінеді.  Соңғы жылдары облыс аудандарында 20-дан астам спорт кешені салынды. Жүзуден аға жаттықтырушы, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы, Еуразиялық ойындардың жүлдегері, түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Астам Бағандықов жұмыс істейтін Байғанин балалар-жасөспірімдер спорт мектебі аталған кешеннің бірі. Жас спортшы мемлекеттің ауыл мен ауыл жастарын қолдауы болашақта жаңа спорттық жетістіктерге, жаңа жеңістерге қол жеткізетініне сенім білдірді.

– Ауылда жұмыс істеу маған қиындау болды, өйткені қалада туып-өстім. Мемлекетіміз менің табысты спортшы болу туралы арманымды жүзеге асыруға көмектесті, енді мен ауыл жастарының дамуына, жаңа есімдердің шығуына өз үлесімді қосамын. Еліміздің спорттық жетістіктері көбінесе ауылдағы спорттың даму деңгейіне байланысты. Олимпиада чемпиондары, Азия және әлем чемпиондары атанған отандастарымыздың басым көпшілігі ауылдан шыққаны ешкімге құпия емес, – деді республикалық форумға қатысушы Астам Бағандықов.

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырыла бастады: 2022 жылғы 3  қараша, 04:14 - inform.kz жаңалықтары

P.S. Бүгінде елімізде алғаш болып бастаған «Ауыл аманаты» жобасы тұтас       республикада іске асырыла бастады. Осылайша батыстағы ең ірі өңір тұтас ел аумағына үлгі болып отыр. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік проблемаларын жедел шешу үшін бұл жобаны бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асыру мақсатында Үкімет қазынадан 52 миллиард теңге қаражат бөлген.

М.ТАБЫН, Ақтөбе облысы