«Ауыл аманаты»  — Ұрпақ аманаты

Қазіргі уақытта Қазақстанның ауылдық жерлерінде тұрғындардың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы, бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді бағдарлама болып табылады.

Ауданымызға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, “ЕлАна” қорының президенті, “Qazaqstan dauiri” газеті мен “Мөлдір бұлақ” журналының Бас редакторы Мешітбаева Сәуле Мешітбайқызы келіп, Жаңа жол ауылындағы мал бордақылау алаңшасын және Бірлікүстем ауылдық округіндегі пескоблок цехын аралап, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуымен танысты.

Шу ауданы «Ауыл аманаты» жобасының тиімділігін айқын көрсететін аймақтардың бірі болып табылады. 2019 жылдан бері Жаңақоғам, Бірлікүстем, Қорағаты, Жаңа жол және Көкқайнар ауылдық округтерінде 715 жоба жүзеге асырылып, жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеге несиеленді. Жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, 705 ауыл тұрғыны 3,6 миллиард теңгеге 21 394 бас мал сатып алған. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуіне және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етті.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 5 адам 34,6 миллион теңге несие алып, өз ісін бастап, ауыл тұрғындарына қосымша жұмыс орындарын ұсынуда. Жобаның нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 81,8%-ға төмендеп, жұмыссыздық деңгейі азайған.

«Ауыл аманаты» жобасының аясында тағы да көптеген жаңа жобалар іске асырылмақ. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. 1,082 миллиард теңгеге 135 жоба жүзеге асырылып, 338 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 28 жоба, кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы бойынша 105 жоба және мамандандырылған кооперативтер ашу бағытында 2 жоба жоспарланған.

«Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсартуға, ауыл шаруашылығын дамытуға және өзін-өзі жұмыспен қамтуға үлкен ықпал етуде. Аталған жобаның жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын арттырып, тұрмыс-тіршіліктерін түзеп, жұмыссыздықты азайтуда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл бағдарлама ауылды дамытудың тиімді жолы әрі халықтың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Сонымен қатар, Қазақстандағы ауылдық жерлердің дамуы мен әлеуметтік мәселелерін талқылау мақсатында Сәуле Мешітбайқызы Аманат партиясының ғимаратында ауыл әкімдері және мектеп директорларымен маңызды кездесу өткізді. Жиын “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, қатысушылар арасында пікір алмасу жүргізілді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, білім беру саласындағы мәселелер және ауыл шаруашылығын дамыту жолдары кеңінен талқыланды. Сәуле Мешітбайқызы ауылдағы әлеуметтік мәселелерді шешудің маңыздылығын атап өтіп, барлық қатысушыларды өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.

Ауыл әкімдері мен мектеп директорлары жергілікті жерлердегі жағдайды баяндап, ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу соңында ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған бірқатар шешімдер мен нақты қадамдар жоспарланды.

Бұл жиын ауыл өмірін жақсартуға бағытталған нақты бастамаларды талқылап, болашақта оларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды алаң болды.