Ауыл азаматтарының абыройлы ісі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы елдегі әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуге, азаматтарды өздері тұратын елді мекендерді абаттандырып, өлкені жандандыруға, дамытуға бағытталған. Сөйтіп, бұл жоба елден шыққан азаматтар мен жастарды жалпы қоршаған ортаны қорғауға, ауылды құрметтеу ісіне баулуды көздейді. Мұның айналасында көптеген ізгіліктер мен асыл қасиеттердің жатқаны анық.
Таластықтар мал шаруашылығына өлшеусіз тер төккен озат шопан Елемес Бекбасаровты ерекше мақтан етеді. КСРО-ның кезінде де шопанның абыройы биіктеп, кеудесіне орден тағып, жоғары марапаттарға ие болғанын білеміз. Тіпті тәуелсіздік жылдары жеке шаруа қожалығын ашып, еңбек еткенін ауылдастары әлі ұмыта қойған жоқ. Ол кезде шаруа қожалығын ашу – жаңашыл іс. Ондайға көп адамның батылы бара қоймайтын.
Елемес Бекбасаров осы жаңашыл істі жолға қойды, істің көзін тапты. Ол мал шаруашылығын дамытумен қатар, өзі туып-өскен Көшек ауылын көркейтуге де ерекше еңбек сіңірді. Қазір айтылып жатқан «Туған жер» жобасына осыдан 25 жыл бұрын өз үлесін қосты. Бұл күнде өзі өмірден өтіп кетсе де, Бекбасаров жасаған істер, ол кісі жүріп өткен іздер төменгі Талас бойында сайрап жатыр.
Көшек ауылында Елемес Бекбасаровты және жұбайы Нұрсұлу Әлжанқызын еске алуға арналған спорттық іс-шаралар өтті. Әуелі Нұрсұлу Әлжанқызы атындағы балалар алаңы ашылды. Жиында Талас ауданының Құрметті азаматы Байзақ Көлбаев, Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Тәттібай алқызыл лентаны қиды. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жасан Тілеубеков әннен шашу шашты.
Мұнан соң Қызыларық қырында облыстық деңгейде ұлттық ойындар өткізілді. 10 шақырымға созылған тай бәйге, 15 шақырымға созылған құнан бәйгеде Қордай ауданының жүйрігі топ жарып, бас жүлдеге тігілген түйені иеленді. Жуалы ауданынан қосылған жүйрік екінші орынды еншілеп, сиыр малы мен бордақы қойды қанжығасына бөктерді.Тай бәйгеге жарау тай тігілген 5 жүлдені Т.Рысқұлов ауданынан қосылған жүйріктер еншіледі.
Бәйге соңы қомақты қаржы бөлінген салым көкпарға ұласты. Үшарал ауылының тұрғыны, атақты көкпаршы Қаршыға Жақыптың айы оңынан туды. Арғымақтың бауырында ұршықтай үйірілген ол салымды бірінен соң бірін салып, жұрттың айызын қандырды. Сондай-ақ асық ату, жамбы ату, қазақша күрес түрлерінен де жарыс өтіп, жеңімпаздары анықталды. Бұл жиынға Көшек ауылының азаматтары Дүйсенбай Баққараев пен Дүйсенбі Бекбасаров демеуші болды.
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ақ жол газеті