Ауыл бизнесін дамытқан Баян

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылында тұратын Баян Абдуллаева — тасы өрге домалаған кәсіпкердің бірі. Ол 2014 жылы «Даму» қорының бағдарламасы бойынша мемлекеттен грант алып, дүкен мен кондитерлік цех ашқан.

2015 жылы Баян бизнесті кеңейтіп, дамыту жолында Жетібай ауылында жасөспірімдер мен балаларға және олардың ата-аналарына арналған ойын-сауық орталығын ашады.

Бұл жоспарды жүзеге асыруға «Қазақстанның Халық Банкіне» хабарласып, қаржылай көмек сұраған. Аталған банк осы ұсынысқа оң шешім шығарып, кәсіпкердің жобасын қолдаған. Баян жоба бойынша, сондай-ақ, субсидия түрінде бірыңғай кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасының «Бизнестің жол картасы — 2020» бөлігі ретінде, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, 14%-дан 4%-ға дейін мөлшерлемені төмендетті. Яғни оның 10%-ы мемлекет тарапынан өтеледі.

— Қазіргі таңда қандай кәсіппен айналысқың келсе, мемлекет барлық жағдайды жасайды. Мұның барлығы кәсіпкерлерге таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Негізі, бизнеспен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Алайда менің кәсібім 2014 жылы мемлекеттік бағдарламаның арқасында қанатын кеңге жайды. Алда жүзеге асыратын жоспарларым көп, — дейді кәсіпкер.

Мемлекеттік бағдарламаның арқасында бой көтерген «Тұмар» ойын-сауықтыру орталығының бүгінде жұмысы қарқынды. Орталықта балалардың ойын алаңшасы, ертегілер кейіпкерлері мен шағын асханасы бар.
Бүгінде орталық Жетібай ауылындағы балалар мен олардың ата-аналары толықтай бой жазып демалатын сүйікті орынға айналған.

Айман Оңғарбайқызы