«Ауыл — ел бесігі»: ақтөбелік кәсіпкерлер туған ауылдарында әлеуметтік нысандар салуда

Ақтөбелік кәсіпкерлер Президенттің 2018 жылы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік ортасын жаңғырту аясында бастамалық еткен «Ауыл — ел бесігі» ауқымды жобасын дамытуға бар күштерін салып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасы өңірде кең қолдау тауып, «Ауыл қамқоршысы» акциясы басталды.

2018 жылдың қорытындысы бойынша аталмыш акция аясында ауылдық елді мекендерде 2 млрд теңгеге 344 жоба жүзеге асырылды: жолдар мен көпірлер жөнделді, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді.

Дәрігерлік амбулатория, балабақша мен мәдениет үйлері сынды әлеуметтік нысандар құрылысының ірі жобалары да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 2018 жылдың қараша айында Алға ауданының Амангелді ауылында тұңғыш рет ауылдық клуб ашылды. Оны «Райымқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов салған. Амангелді ауылы – кәсіпкердің туған жері.

«Мен осы ауылда туып-өстім. Мұнда ересектер мен балалар өздерінің бос уақыттарын өткізе алатын ауыл клубы немесе демалыс бағы болғаны есімде жоқ. 250 орындық клубтың ғимаратында теннис және бильярд үстелдерімен жабдықталатын екінші зал бар»,- деді жобаның жүзеге асырылуына 118 млн теңге салған Самат Қалдығұлов.

Бұдан басқа, бизнесмен осы жылдың көктемінде клуб аумағындағы үлкен бақты абаттандыруға ниетті. Шыршалар отырғызылып, гүлзарлар егіледі, жаяужолдар салынатын болады. Сонымен қатар, ол құны 25 млн теңге болатын қоғамдық монша салуды жоспарлап отыр.

«Осыны көрген өзге кәсіпкерлер де бастаманы қолдап, туған ауылдарына, туған жерлеріне көмектеседі деп сенемін»,-деді ол.

Алға ауданының Тамды ауылында дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. Мұндай сыйлықты туған ауылына бизнесмен Шамиль Каспранов тарту етті. Жөндеу жұмыстарының құны 30 млн теңгені құраған. Енді тамдылықтар емделушілерді қабылдау үшін барлық жағдайы жасалған жылы әрі жарық жерде медициналық көмек алатын болады.

Әлеуметтік осал топтағы халыққа көмек көрсету басымдық болып табылады. Осылайша, өткен жылдың күзінде Қарғалы ауданының Петропавл ауылында бала күндерінде ата-анасыз қалған облыстың үш тұрғынына жаңа жайлы баспана сыйланған болатын. Үшпәтерлі үйдің жалпы алаңы 163 шаршы метр. Тұрғын үй сумен, жарықпен және газбен жабдықталған. Құрылысқа кәсіпкер Ерзат Әлиқұлов 25 млн теңге салыпты. Бұдан бұрын Ырғыз ауылында отбасылы жеті жетім баспаналы болды. Бұл «Наурыз-СИМ» ШҚ директоры Ибрагим Сәрсенбаевтың арқасында мүмкін болды. Ер адам жеті пәтерлі үйді абаттандыруға 47 млн теңге салған. Бұдан басқа, ол жаңа қоныс иелерінің ересектерін жұмыспен қамтыды.

Биыл ақтөбелік кәсіпкерлер туған ауылдарын қамқорлыққа алуда жалғастырады. Алдын ала мәліметтер бойынша, олар 2,6 млрд теңгеден астам сомаға көмек көрсетпек. 199 елді мекенде 314 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ, мәдениет, спорт және т.б. салаларындағы жобалар бар. Мысалы, қалталылар Қобда ауданының Қаракемер ауылындағы алпыс орындық мектептің, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы жабық спорт кешенінің, Мәртөк ауданының Хазрет ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Шалқар қаласындағы Жастар сарайының және т.б. құрылысын қаржыландыру міндетін мойындарына алды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі