«Ауыл – ел бесігі» экспедициясы – Павлодарда!

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен халықаралық «Қазақстан дәуірі» (бұрынғы «Қазақстан заман») газеті бірлесіп бастаған дәстүрлі «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Павлодарда болды. «Қазақстан дәуірі» газетінің бас директоры, «Ел-Ана» қоғамдық бірлестігінің президенті Сәуле Мешітбайқызы бастаған экспедиция мүшелері жақында Шарбақты ауданы Александровка ауылындағы «Абай» шаруашылығымен танысты. Бұл бүгінгі таңда облыс көлеміндегі ет бағытындағы ең үлкен серіктестік. Біріншіден, ет өнімін экспорттау арқылы өңір экономикасына қомақты табыс әкелсе, екіншіден осы Александровка ауылы тұрғындарының бар жағдайын жасап отыр. Бүгінгі таңда елді мекеннің 150 ден астам тұрғыны осы шаруашылықта жұмыс істейді. Бір екшелігі — сырттан маман тартпайды екен.  

«Ауыл – ел бесігі» экспедициясының құрамында жоғарыда айтқандай халықаралық «Қазақстан дәуірі» газетінің ұжымы, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары болды. Экспедиция мүшелерін Александровка ауылынан Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сержан Иманқұлов, сол ауылдағы «Абай» ЖШС-нің бас директоры Едіге Арбиев және атқарушы директоры Құсайын Букаевтар қарсы алды.

Александровка ауылдық округінің тарихи атауы Жаңакөл. Кеңес үкіметі орнамас бұрын осылай аталған екен. Ауыл ауданның оңтүстік шығыс жағына қарай 37 шақырым жерде орналасқан. Ауылда жаңа салынған мешіт, орта мектеп, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана, музей сынды мәдени-әлеуметтік нысандардың барлығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, Павлодар облысы бойынша ең ірі бордақылау алаңы бар «Абай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де осы елді мекенде орналасқан. Бір сөзбен айтқанда бұл шаруашылық бір ауылды жарқыратып ұстап отырған жайы бар. Соның арқасы шығар, Александровка халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігі жағынан облыстағы ең алдыңғы қатардағы ауылдардың біріне айналып үлгерді. Иә, біз бұл жерден тұрғындарға барлық жағдай жасалған  нағыз 21 ғасырдың ауылын көргендей болдық. Көшелері тап-таза әрі жарықтандырылған. Жолдарының барлығы асфальтталған, қора-қопсысы жинақы, әлеуметтік нысандары да күрделі жөндеуден өткен. Қысқасы, оқуын енді бітірген жалынды жас мамандар үшін жұмыс істеп, тіршілігін көтеруге таптырмайтын жер. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласын меңгерген мамандар үшін жұмыс дайын. Баспанаға да бас қатырмауға болады. Мұндағы «Абай» ЖШС-нің басшылыра кім келсе де үймен қамтамасыз етіп, қолдан келген қамқорлығымызды аямаймыз деп алақандарын жайып отыр.

«Абай» ЖШС-ін 1999-2000 жылдары ағайынды Арбиевтер құрған. Шарбақты ауданының Александровка ауылына 2011 жылы келіп қоныстаныпты. Алдымен мал бордақылау алаңдары мен базалар салыпты. Қазір серіктестік еншісінде мал шаруашылығына арналған 2,5 мың гектар және егін шаруашылығына арналған 20 мың гектар алқап бар. Биыл оның 12 мың гектар алқабына мал азығына арналған майлы дақылдар отырғызған, келесі жылы 1 мың гектарға көтеруді жоспарлап отр. Шаруашылық ет бағытындағы қара малын өсірумен айналысады. Қазіргі күні бұл шаруа қожалықта 2,5 мың бас қара мал және 4 мыңнан астам қой түлігі бар. Бүгінде облыс көлеміндегі ең үлкен бордақылау алаңы осы серіктестіктің еншісінде. Бір жолда 10 мың бас сиырды кіргізіп, бордақылауға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар алыс жақын шет елдерге ет экспорттаумен айналысады. Қой етін Араб Эмиратына жіберсе, қара мал еті Ресей мен Өзбекстанға шығарылады. Шаруашылық 2015 жылы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінен 2 миллиард 300 миллион теңге көлемінде несие алған. Бұл қаржыны биылдан бастап қайтара бастайды.

Тілеуберді САХАБА