Ауыл халқының табысын арттыру жолында
Алғаш рет 2019 жылы біздің өңірден бастау алған ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бүкіл Қазақстан бойынша масштабтауды тапсырғаны белгілі.
Осы мақсатта, Ынтымақ ауылдық округінде «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін ауыл халқына микрокредиттер беру» бағдарламасы аясында кездесу ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбековтің төрағалығымен өткен басқосуда мәдімарлық тұрғындарға аталмыш жобаға қатысты кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталған жоба ауданымызда 2019 жылы Қостөбе, Түймекент, кейіннен Үлгілі ауылдық округтерінде енгізілген. Аталған 3 округтің тұрғындары бұл жобаның тиімді тұстарын айтып, округте мал басын өсіріп, егістіктегі өнім көлемін арттырып отыр. Өз шаруа қожалықтарын ашып, бос жүрген азаматтарды жұмысқа тартуда да пайдасы мол. Облыстық «Тараз ӘКК» АҚ-ы «АгроТехқызмет» жетекшісі Берікбол Мәндібаев жоба шеңберінде қаржыландырылатын бес бағытқа жеке-жеке тоқталды. Жиын барысында оған қатысушыларға үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтерді жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашу бағыттары бойынша жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, жоба аясындағы қаржыландырудың негізгі талаптары, несие шартының талаптарын орындамағаны үшін төленетін айыппұл мөлшері, қаржыландыруға арналған құжаттар тізбесі, несиенің мақсатты пайдалануын растайтын құжаттар туралы қосымша ақпараттарға қаныққан ауыл тұрғындары өздерін қызықтырған сауалдарға нақты жауаптар алды.
Байзақ ауданы
«Ауыл жаңалығы» — ақпарат.