Ауыл мектебі – әлеуметтік мәдени орталық

Биылғы оқу жылындағы   жұмыс сапарымды   еліміздің шалғайдағы  ауыл мектептерінің ұжымдарымен   кездесуден бастадым. Онда алпыс  жылдық тарихы бар Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп ұстаздары және  оқушыларымен кездесіп, жұмыстарымен таныстым.

Ауыл – қазақтың алтын кіндігі. Барлық салт-дәстүр, ұлттық құндылық, ұлттық тәлім-тәрбие – бәрі ауылда. Сонымен қатар ауыл мектебі – тек білім ордасы ғана емес, үлкен мәдениет орны, рухани орталығы, ел бірлігінің алтын қазығы. Қазақ мектебі – халқымыздың ұлттық асылдары мен қазыналарын сақтау, дамыту мен болашаққа аманаттаудың кепілі. Өткен ХХ ғасырдың басында Алаш ардақтыларының бірі Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі…» — деген болатын.

 

 

Солардың бірі –  Қарағанды облысы, Нұра  ауданындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебіЖанкуатова Кулпаш Даукесқызы  басшылық ететін бұл мектеп – жылдар бойы өзіндік  дәстүрі қалыптасқан іргелі әрі өзіндік тарихы бар оқу орындарының бірі.

Жаңа білім ошағының заман талабына сай жасақталған сыныптарында оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. 520 орынға лайықтандырылған мектеп  базасында «Компьютер»,«Робототехника»,  «Физика», «Химия», «Технология» кабинеттері мамандандырылған бағытта жұмыс жасайды. Сонымен бірге 80  орындық асхана мен  100  орындық акт залы, спорт залы бар. Қазіргі таңда  мектеп жанындағы «Балдырған» ша­ғын орталығында 2 топта 45  бала тәрбиеленеді.

Мектепте  400  оқушы білім алуда. Әр жылдары  мектеп бітіруші түлектер жоғарғы көрсеткішке ие. Өткен жылы мектептен   екі   «Алтын белгі» және екі  «Үздік аттестат» иегерлері шықты. ҰБТ-ның көрсеткіші бойынша аудан көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, бірнеше оқушы 100-ден жоғары балл еншіледі.

 

 

  Педагогикалық ұжым мектептің оқу-тәрбие үрдісіне жаңа мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған, жеке тұлғаны тәрбиелеу мәселесі бойынша тәрбие мен білімді ұштастырып, шығармашылықпен жұмыс атқаруда.   Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебі  төрт жыл  жаңартылған білім беру мазмұнына көшу аясында еліміздің 30 жалпы білім беретін пилоттық мектептер қатарында болды. Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру   бағдарламасы — заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын  қанағаттандыратын тың бағдарлама. Орта білім мазмұны жаңарту  шеңберінде аталған ауыл мектебі  Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп, нәтижелі әдістемелік  жұмыстар атқарды. Бірлескен жұмыстардың  басты бағыты – бұл ұстаздарының  кәсіби біліктілігін арттыру арқылы  білім сапасын жақсарту.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Елбасымыздың іргелі бастамаларының бірі «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» жобасы  аясында Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде  Нұра ауданынының Құрметті азаматы, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, ҚазССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі Усабаева Нұрғайша Жағанқызы атындағы орыс тілі, әдебиетші ғалым, филология ғылымдарының кандидаты,  ұлт қайраткері , Нұралық ақын Бүркіт Ысқақұлы атындағы қазақ тілі  мен әдебиеті,  40 жылдан астам ауданның  білім беру саласында ұстаздық қызметін абыроймен атқарған, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» ,  «Еңбек ардагері» Жахина Жамал Ильясқызы атында ашылған  жаңа үлгіде жабдықталған кабинеттер жарқырап тұр.  Бұл кабинеттер  оқушылардың шығармашылық, ақындық қабілеттері мен ғылыми жобалар жазуға үлкен септігін тигізіп, таланттар мектебін тәрбиелейтін бірегей орталық болатыны  сөзсіз.

 

 

Мектеп ұжымы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыра отырып, «Цифрлы мектеп» жүйесіне толығымен көшті. Мектеп сайты, «Bilimal», Bilimlend,  Enbek.kz  сайттары тұрақты жұмыс жасауда.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «ІТ-сыныбы»  ашылуының негізгі мақсаты командалық жұмысты және кеңістіктік ойлауды дамытып, балаларды шабыттандыру және интеллектуалдық әлеуетті ашу.
«Робототехника үйірмесінде» жеткіншектер көптеген зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жүзеге асырады. Сабақ барысы балалардың жобаларды бірлесіп әзірлеуіне және ойлау еркіндігін дамытуға бағытталған. «ІТ-сыныбы»  ашудың  тағы бір мақсаты ол жас жеткіншектерге тек ғана жаңа технологияларды үйретіп қана қоймай, оларды республикалық және халықаралық жарыстарға қатыстыру. Үйірмеге қатысқан  балалар түрлі жобаларды жоспарлап, оны дамытуды, әр түрлі бағдарламалармен жұмыс жасайды.  Сондай-ақ, ұялы телефонға және компьютерге арналған ойындар құрастыруды, «Macebloсk» конструкторы арқылы роботтарды жинап, әрі бағдарламалауды,  3D обьектілер мен интерьерді моделдеуді де меңгеруде.

 

 

Мектеп оқушылары «Электроника және радиотехника»  саласы бойынша облыстық «Жас  радиоконструкторлар»  сайысының  жүлдегері атанып,  Халықаралық «Roboland» олимпиадасы  бойынша  «ЖАС ТЕХНИК» номинациясымен марапатталды.

Бүгінде заман талабына сай ақпараттық технологияларды пайдалануға ерекше мән беріліп, мұғалімдерге  Онлайн сабақтарын өткізуге , әлемдік білім стандарттарын пайдалануға зор мүмкіндіктер барАймақтағы ауыл мектептеріне әдістемелік көмек көрсету жұмыстары   интернет арқылы жүзеге асырылуда.  Мұғалімдер үшін  қашықтан өткізілетін түрлі тақырыптарда тәрбиелік жұмыстар , білім беру жүйесі бойынша   бейне сабақтар, роликтер әзірленіп  мектептің  арнайы «Facebook» парақшасына тіркеледі.  Бүгінгі күні түрлі тақырыптардағы бейне сабақтар, бейне роликтер бойынша жазылған  жақсы пікірлер мұғалімдерді шабыттандыруда.

Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы әрқашан білім саласындағы жаңалықтар бойынша  аймақ мектептерімен  бірлесіп жұмыс атқаруда.

«Zoom» платформасы арқылы «Қашықтан оқытуды жүзеге асыру»,  «Қашықтан тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыру», «Бейне сабақтар ұйымдастыру және өткізудің әдістемелік жолдары» тақырыбында серіктес ауыл мектеп мұғалімдері үшін  вебинарлар өткізіліп тұрады.

Еліміздің ертеңгі сенімі-жас ұрпақтың бойына туған жерге,халқына деген сүйіспеншілікті оятып,париоттық сезімге баулу,білімді,өнегелі ұрпақ етіп өсіру-қазіргі қоғамның өзекті тақырыбына айналуда. Аталған мақсатта мектепте     «Жас сарбаз» сыныбы  ашылып, сабақтан тыс уақытта  алғашқы әскери дайындық жетекшісі «Жас сарбаздармен» әскери-патриоттық тәрбие беру іс-шараларың  өткізіп,  әскери дайындықты меңгертуде. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30-жылдығына орай «Сарбаз сахнасы» әскери-патриоттық байқауына қатысып, «Жас Сарбаз» сыныбы Тәуелсіздік тақырыбына «Тәуелсіздік толғауы» көркем сөз оқу шеберлігі, «Елім менің» номинациясы аталымы боынша патриоттық ән орындауда, «Алаш арыстары» аталымы бойынша көрініс қою сайыстарында  жүлделі орындарды иеленіп, облыстық  деңгейде жеңімпаз атанды.

 

 

 

Білім ордасының педагог қызметкерлері облыстық, республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болып, педагогикалық шеберлігін шыңдауда. Мектеп ұстаздарының қатарында «Ы.Алтынсарин» төс белгісінің иегерлері,  «Педагогика саласының үздігі», «Дене шынықтыру пәнінің үздігі», «Биология пәнінің үздігі», «Талантты ұстаз» марапаттардың иегерлері «Ұлағатты ұстаз, дарынды шәкірт» атты республикалық байқауының женімпаздары баршылық.

Ауылдық жерлердегі өмір деңгейін жақсартуға, ауылға жас мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының шапағатын сезініп отырған жас мамандар аталған білім ордасында аз емес.

Кейінгі үш жылда   «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында   мектепке он бес  жас маман жұмысқа қабылданып, олар жас ұрпаққа білім беру бағытында еңбек етіп келеді. Жаңалыққа жаны құмар, өз мамандығын шексіз сүйетін мамандарға тәлімгерлік жасап, бағыт бағдар берудің орны ерекше. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында   мектепке жұмысқа қабылданып, жас ұрпаққа білім беру бағытында еңбек етіп жүрген  география пәнінің мұғалімі Усербаев Нурдос Жанатұлы  облыстық «Жыл мұғалімі» сайысына қатысып,  облыс әкімінің сыйлығының иегері  атанып, І дәрежелі дипломмен және «Жыл мұғалімі-2021» атағымен  марапатталды.

Биылғы оқу жылында мектепке қабылданған қырық 1-сынып  оқушылары «Әліппе» оқулығымен  қауышты. Білім күні Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің  әрбір бірінші сынып оқушысына «Әліппе»оқулығын салтанатты түрде тапсырылды.   Жаңарған «Әліппе» оқулығы бойынша бірінші сынып оқушылары тек оқып, жазып қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін танып-білуде.  Әліппе  балаларға шырақшы болып, білім нәрін сеуіп, жақсылыққа бастай берсін!

 

 

          Өскелең ұрпақты өсіріп, тәрбиелеуде еңбегі өлшеусіз ауыл мектептеріндегі ұстаздардың кәсіби даму жүйесін жетілдіру – бүгінгі күннің басты міндеті. Бүгінгі берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ертеңіміздің баянды болуы үшін еңбектенуіміз қажет. Қырандай қарыштап дамып келе жатқан жас мемлекетіміздің болашағы – алтын бесігіміз ауылдан басталады. Сол ауылдан шығатын жас ұрпақ саналы да, сапалы білім алуының бірден-бір шарты – мұғалімнің жаңашыл болуы.

«Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса» деген екен А.Байтұрсынов. Сондықтан үнемі кәсіби біліктілігін артып, жаңашылдыққа ұмтылған педагог қана шығармашылықпен, зор қуатпен еңбектенеді. Себебі,  әлем таныған елде рухани бай және интеллектуалды тұлғалар мекендеу қажет.

     Болашағына сенім артып, зор үмітпен қарайтын кез келген мемлекет жеткіншек ұрпағының сапалы білім алып, тәлім-тәрбиесі мол азамат болып өсуіне айрықша назар аударады.

Қарағанды облысы Нұра ауданындағы  Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін  мектеп ұжымы  жетістіктердің бәріне егемендіктің арқасында қол жеткізді. Тәуелсіздігіміз баянды, егемендігіміз еңселі болсын!

 

Сәуле Мешітбайқызы, қоғам қайраткері