«Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты экспедициясы Маңғыстау облысында

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Нұр Отан» партиясы және ЕлАна сайты мен «Qazaqstan Zamany» газетінің бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты экспедициясы Маңғыстау облысында.
Экспедиция мүшелері «Qazaqstan Zamany» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер екі күн аясында Түпқараған ауданы мен Мұнайлы аудандарына барды. Аудан басшылығымен, оқушылар және мұғалімдермен кездесіп, шаруа қожалықтарының тыныс-тіршілігімен танысты.

 

ТҮПҚАРАҒАН АУДАНЫНДАҒЫ
ЗАУЫТ 22 ТҮРЛІ ӨНІМ ШЫҒАРАДЫ

 

Экспедицияның алғашқы күні «Qazaqstan Zamany» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ Түпқараған ауданындағы жылыжай мен бекіре фермасы және сүт зауытына барды. Экспедиция құрамына Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев та қосылды.
«Тетис» ЖШС қарайтын жылыжайдың аумағы 3 гектар. Жылыжайда қызанақ, қияр, құлпынай егілген. Қызанақ пен қиярдың 3 сорты бар.

Өнім гидропоника әдісімен өсіріледі. 20 адам жұмыспен қамтылған. 2017 жылдан бастап жұмыс жасайды. 2017 жылы 300 тонна өнім алған. Биыл 500 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Жылына қиярдан 2 рет өнім алады. Ал, қызанақ пен құлпынай 12 ай бойы өнім береді. Дайын өнімді өңірдегі сауда орындарына өткізеді.

Жылыжай ісін дөңгелетіп отырған шаруа Темірбек Бекебаев. Егін шаруашылығына деген икемділігі оны жылыжай шаруашылығымен айналысуға алып келген. Шаруа субсидияға қатысты бірнеше мәселелерге тоқталды.

— Ебін тапқан адам қай істі де дөңгелетіп алып кетеді. Жылыжай шаруашылығымен айналысу маған аса қиындық тудырмады. Мемлекет тарапынан көмек көптеу болса жақсы болар еді. Бүгінгі таңда 2 тыңайтқыш пен суға субсидия аламыз. Ал, гидропоника әдісінде қолданылатын басқа тыңайтқыштарға субсидиямыз жоқ. Газ бен электр энергиясының тарифі қымбаттау. Сол екеуіне субсидия болса жақсы болар еді, — дейді Темірбек Бекебаев.


Содан соң, экспедиция мүшелері бекіре фермасына барды. 2014 жылы ашылған жобаның құны 650 млн теңге. Одан бері ол көркейген, кеңейген. Қуаттылығы жылына 60 мың тонна өнім. 20-дан аса адам жұмыс істейді. Солардың бірі — Гаухар Ұзақбаева.
— Балықтарға күніне екі рет жем береміз. Жұмысым өзіме ұнайды. Бекірелер ерекше күтімді қажет етеді. Бекірені ферманың өзінің дүкеніне апарып сатамыз. Балықтардың суын күніне бір рет ауыстырамыз.


Экспедиция мүшелері ат басын тіреген үшінші нысан — “Ағарған” сүт зауыты. “Аsia milk” тауарлық белгісімен танымал сүт өнімдері ерекше екен. Құрылтайшысы Байжанов Нияз Тұңғышұлы. 50 адамды жұмыспен қамтып отырған, отандық таза табиғи сүт өнімдерін шығарып жатқан кәсіпорын басшысын сөзге тарттық:


— Зауыт биылғы жылдың қаңтар айында ашылды. Сиыр сүті мен түйе сүтінен өнімдер шығарады. Тәулігіне 40 тонна сүтті өндіріс процесіне жіберу қуаты бар. Қазірше тәулігіне 15 тонна сүтті өңдеп, түрлі өнімдер шығарудамыз, — дейді іскер кәсіпкер.
Зауыт 22 түрлі өнім шығарады. Болашақта 40 түрлі дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр. Биоайран, йогурт, қаймақ, ірімшік, құрттарымен танымал болып үлгерген сүт зауыты қыркүйек айынан бастап түйе сүтін қабылдауды бастапты. Сүтті Маңғыстау өңіріндегі шаруа қожалықтарынан қабылдайды.


— Біздің өнімдер бүкіл Маңғыстау облысында, яғни супермаркеттерде бар. Атырау облысына да шығара бастадық. Ол жаққа бір апарғанда 6 тонна бірақ апарамыз. Келешекте Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларға өнім жеткізуді ойластырудамыз, — дейді зауыттың бас технологы Гүлбаршын Жәлелқызы.
Түйенің сүті 10 күн бойы ашымай тұра береді. Түйе сүтінде А, С дәрумендері көп. Олар адамның иммундық жүйесін нығайтады, ағзаның ауруларға қарсы күресін күшейтеді. Әсіресе асқазан ауруларына өте пайдалы. Бас технолог түйе сүтін қалай қабылдап, анализін жасап, қайнатып, пастерлеп, суытып барып бөтелкелерге, ыдыстарға құятындықтарын айтты.
Мемлекет тарапынан қолдау болып жатыр екен. Субсидия алған. 1 пайыздық несие алыпты. 2 көлік сатып алған. Ол көліктер тоңазытқыш камераларымен жабдықталған. Атырауға, басқа аудандарға өнімдерді сол көліктермен жеткізеді.
Гүлбаршын Жәлелқызына тағы бірнеше сұрақ қойдық.


— Аппараттарды Ресейден сатып алдық. Сүт азайған мезгілдерде Белоруссиядан құрғақ сүт аламыз. Біз ол жаққа өзіміз барып, көріп, келісім-шартқа отырдық. Құрғақ сүт дегеннен тұтынушылар қорықпасын. Сүтті кептіріп, құрғатқанда ешқандай қасиеті өзгермейді. Соған көзіміз жетті, — деді ол.
Зауыт қызметкері аппараттағы электронды таблоны басып, бір мезетте 8 тонна сүтті айран етіп ұйытуға жібереді. Сүт құбырлар арқылы арнайы ыдыстарға құйылады.

 

МАҢҒЫСТАУДЫҢ
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САН САЛАЛЫ

Экспедиция құрамындағы Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев аймақтағы шаруашылықтың жай күйіне тоқталды.
— Қазіргі таңда облыс бойынша шөп шабу жұмыстарымен 30 бригада айналысуда. Статистикалық мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Маңғыстауда ірі қара мал саны — 19905 бас болып 12,1%-ға, қой, ешкі – 417232 бас болып 5,7%-ға, жылқы – 75 839 бас болып 10,9%-ға, түйе – 62 606 бас болып 10,6%- ға болып, барлық мал саны — 575 582 басты – 7,1% артып отыр. Сондай-ақ статистикалық мәлімет бойынша осы жылдың 6 айында барлық санаттағы шаруашылықтарда мал мен құстың тірілей салмақта етке өткізілуі 6795,9 тоннаны құрап 6,1%-ға, сүтті өндіру 5621,2 тоннаны (5193,3 т.) құрап 8,2%-ға, жұмыртқа 5 509,7млн дана (3462,5 млн дана) болып 2 есе артық өндірілген, — дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев.
Қазақстан Республикасында АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында жайылымды суландыру мен шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған. Өңірде жер үсті суларының болмауы себепті, мал шаруашылығымен айналысатын субъектілер осы инвестициялық субсидиялау бағдарламасы негізінде мал суару үшін құдық қаздырып, қазуға кеткен шығынының бір бөлігін (80%) өтеп алуда. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын субъектілер үшін тиімді болып, шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. 2018 жылы қазылған 52 жаңа ұңғымаға субсидия беріледі деп жоспарланып, бүгінде есепті кезең ішінде қазылған 48 ұңғыманың барлығы дерлік субсидияланды.
— 2017 жылы 1030 гектар жерге, оның ішінде тамшылата әдісімен 800 гектарға көкөніс-бақша дақылдары егіліп, одан 15 800 тонна өнім алынды. Ал биылғы жылы 1100 гектар жерге егін егіліп 16 800 тонна көкөніс, бақша өнімдері алынады деп жоспарланған болатын, алайда жаңадан қосылған жылыжайлар есебінен бұл көрсеткішті 18 000 тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазіргі таңда қала және аудан мәліметтеріне сәйкес облысымызда барлық егіс алқабы 24 га құрайтын 41 жылыжай бар, оның 6 өнеркәсіптік жылыжай (14 га) және 35 фермерлік жылыжай (10 га). Орта есеппен 2017 жылы 19,8 гектар жылыжайдан 3420 тонна өнім алынған болса, 2018 жылы 24 гектар жылыжайдан 4200 тонна өнім алынады деп күтілуде. (1 гектардан 175 тонна). 2018 жылы Ашық топырақта өсірілген 1100 гектардан 13800 тонна алынады.(1 гектардан 12,5 тонна). Барлығы 18000 тонна, — дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Ізімтаев.
Қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес есепті кезең ішінде егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтар саны — 161-ге жетсе, ал мал шаруашылығы бойынша — 1000 шаруашылық болып отыр.
Облыста 2016-2018 жылдар аралығында барлығы 21 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Құрылған кооперативтердің бағыты: 2 шұбат өндіру, 3 мал сою, 14 ет, шұбат өндіру және 2 көкөніс-бақша дақылдарын өндіру. Қазіргі таңда 21 кооперативтің 12 жұмыс жасап тұр, 9 кооператив өз жұмысын тоқтаты.
Жаңаөзен қаласы бойынша — 2018 жылдың 9 айында «Атамекен Маңғыстау» кооперативі — 8 тонна ет, 10 тонна шұбат, «Ботакөз ұжымы» — 10 тонна ет, 9 тонна шұбат өндіріп, жергілікті тұрғындарға сатқан.
Бейнеу ауданы бойынша — «Бейнеу» кооперативі 2018 жылдың 9 айында 293,4 тонна ет өндірді. «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ-ға 276 490 000,0 теңгенің өнімін тапсыруға келісімшарт жасасты, 9 айға 194 тонна ет тапсырған. 300 бас ірі қара малын бордақылайтын комплекс салынып жатыр. Сондай-ақ «Бергенбек» кооперативі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 36,3 млн теңгеге несиеге модулді мал сою пункті мен рефрижиератор сатып алып, а.ж. шілде айында мал сою цехын іске қосты. Басқарма арқылы 15,7 млн теңгесі субсидияланды.
Маңғыстау ауданы бойынша 2017 жылдың соңында іске қосылған «Сегізбай Ата» кооперативінің ет консервілеу цехы ауыл тұрғындарынан 4 тонна ет қабылдап, 6500 дана консерві өндірді.
Сонымен қатар, Каспийдің кефаль балығын қайта өңдеуді қолға алып, балық консервілеу цехын салып, 1 тонна кефаль сатып алып, 4500 дана өндірді.
Мұнайлы ауданы бойынша жыл басынан бері «Құйылыс-А» кооперативі 8,5 тонна ет және 4 тонна шұбат, 156 тонна көкөніс және бақшалық дақылдар өндіріп, халыққа сатқан.
Түпқараған ауданы бойынша 2018 жылдың 9 айында ПРК«СК Ағарған Транзит» зәкірлік кооперативі ауыл тұрғындарынан, ШҚ «Еркебұлан», ШҚ «Кеңес», ШҚ «Гүлмира» шаруашылықтарынан сүт өнімін қабылдауға келісімшарт жасасып — 8 тонна 562 лт сүт қабылдап, кооператив өнімді «Wdosagargan» ЖШС-не өткізеді.
Республика бойынша мал шаруашылығын цифрландыру негізінің бірі — өңірдегі жайылымды алқаптарды цифрландыру бойынша (электрондық картасын қалыптастыру) 2 ай ішінде облысымыздың картаға енгізілген аумақ — 301 326,67 га құрады, орындалуы — 7,2% жетті.
Енді биыл бөлінген несие қаржысы шегінде шамамен 341 адамға несие беріліп, 574 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Cондай-ақ бағдарламаның екінші бағыты — «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне азаматтарды оқыту үшін облыстық бюджеттен 37 млн.тенге бөлініп, 528 адамды оқыту жоспарланған. Аталған қаржы басқарма арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына аударылды. Бүгінгі күні топта 157 адам оқытылды. Қараша айының соңына дейін 371 адам оқытылады.

 

ӨРІСІ МАЛҒА, АЛҚАБЫ ЕГІНГЕ ТОЛЫ МҰНАЙЛЫ

 

ОҚУШЫЛАРЫ ДА, ҰСТАЗДАРЫ ДА БЕЛСЕНДІ

Мұнайлы ауданындағы 5 мектепте керемет бір кездесу өтті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Есен Орынбасарұлы мәжіліс залына жиналған ұстаздар мен оқушыларға келген қонақтарды таныстырды. Сәуле Мешітбайқызы жас шәкірттерді білімге ұмтылуға шақырды, ол үшін кітап, газет-журналдарды көп оқу керек екенін баса айтты. Саят Қамшыгер өз кезегінде “Мөлдір бұлақ” журналы жайлы мол ақпарат беріп, өз өлеңдерін оқыды. Гаухар, Арайлым сияқты оқушылары да ағаларынан қалыспады. Мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі Гүлнұр Лесбайқызы бастаған ұстаздар қауымы келген қонақтарға өздерінің сауалдарын қойды.


Кездесуге № 1 мектептің де ұстаздары мен өнерлі оқушылары келді. Сахнада мәнерлеп өз өлеңдерін оқыған ұл-қыздарға көпшілік риза болып ыстық ықыласпен алақан соқты.
Мұнайлы ауданындағы №3 мектепте өткен кездесуде мектеп директоры Жанар Байназарова қонақтарды таныстырып, мектеп жайлы қысқаша ақпарат бере кетті. 162 мұғалімі, 1803 оқушысы бар мектепте өнерлі оқушылар көп екен. Олардың ән шырқап, би билегендері, өз өлеңдерін оқығаны әсерлі болды. Мектептің 100 кітап жобасы бойынша оқушыларға кітап оқудан жарыс өткізіп тұратыны көңілге қуаныш ұялатты. Биылғы жылы ең көп кітап оқып жеңімпаз болған 11-сынып оқушысы Мұхамеджан Шұғыла велосипед жеңіп алыпты. Шұғыламен сөйлесудің реті келді. Өз қатарластарына ең маңызды қай кітаптарды оқуға кеңес беретінін сұрағанымызда М.Әуезовтің “Абай жолы”, Ш.Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күн”, С.Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ә.Нұрпейісовтің “Қан мен тер”, Ә.Кекілбаевтың “Үркер” кітаптарын атады.


Оқушының жеңісі мектеп ұстаздарының аянбай, уақытпен санаспай еңбек етуінің, ұжым ауыз біршілігінің арқасында. Мектеп директоры Жанар Байназарова мұны жақсы түсінеді.
— Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты…» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазіргі мектеп — оның табысты қызметі сапалы білім беру үдерісі және педагогикалық ұжымның, соның ішінде басшы кадрлардың жоғары кәсіби еңбегі нәтижесінде жүзеге асырылады. Біз нәтижеге бағытталған білім беру моделіндегі білім беру сапасын жетілдіруде жылдан жылға айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеміз.

Яғни, білім баспалдағымен сатылап көтеріліп келеміз. Былтырғы оқу жылынын корытындысында оқу сапамыз 48,5 пайыз болып, ҰБТ қорытындысы бойынша орта ұпай 92 пайызбен аудан бойынша лицейден кейінгі орынды иелендік. 4 алтын белгі, 6 үздік аттестат иегерлері шықты. Грантқа құжат тапсырған 21 түлектің 18-і грантпен оқуға мүмкіндік алды. Жыл бойы жасалған жұмысты қорытындылау мақсатында аудан мектептеріне 20 критериймен рейтинг жүргізілген болатын. Нәтижесінде төгілген тер, ерен еңбектер еленіп мектебіміз ең үздік нәтиже көрсетіп «Жыл мектебі-2018» атағын және ауыспалы білім кубогын жеңіп алып бағалы сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ тарих пәнінің мұғалімі Құралай Қамысбай «Үздік тарихшы», физика пәнінің мұғалімі Шамғұлова Меруерт «Үздік зерттеуші» атанып, арнайы сертификаттармен марапатталды. Жақсы ұстаз-мектептің жүрегі деген, мектебіміздің ұстаздары жаңа технологияны енгізу мен қолдану бойынша облыста алдыңғы орында. Ұстаздардың іс-тәжірибелерін таратуда республикалық «Білім айнасы» баспасының арнайы 3 нөмері толықтай біздің мұғалімдерге арналып 36 ҚМЖ мен мақалалары жарық көрді. Блум таксономиясын қолдану бойынша республикаға танымал мектеп болып отырмыз. Үш тілділік бойынша 7 мұғаліміміз курстан өтіп, 6 арнайы сертификатқа ие болды, біреуі әлі оқуда. Жалпы мектеп мұғалімдері білім мазмұнын жаңарту бойынша біліктілік арттыру курсынан 80 пайыз өтті. Қалғаны алдағы уақытта оқытылады. Ғылыми жобалардан да осал емеспіз. Базарбай Ақдидар жетекшісі З.Қасжанова мен Сарсенбай Марғұлан жетекшісі Қуат Байназаров, республикалық «Зерде» ғылыми жобадан ІІ орын, 11-сынып оқушысы Мұқамбет Іңкәр жетекшісі М.Шамгулова Халықаралық ғылыми жобадан қола медаль иегері атанды. Аудандық сайыстарды айтпағанда, облыстық сайыстарға 27 оқушы жолдама алса, 20-ы орын алды, — дейді мектептің жетістіктерімен бөліскен Ж.Байназарова.


Экспедиция мүшелері № 4 жалпы білім беретін мектепті де назардан тыс қалдырмады. 183 ұстазы мен 1605 оқушысы бар мектептің жетістігі көп екен. Мектеп директоры Дина Күлмеханова экспедиция мүшелеріне білім ордасының жаңалықтарымен бөлісті.
— Оқушының жетістікке жетуіне қанат бітіретін ұстаз болса, оның демеп, күш-қуат беретін ата-ана. 5-8 сынып оқушыларының жаратылыстану және гуманитарлық пәндері бойынша өткен аудандық пәндік олимпиадада 11 оқушымыз жетістікке жетті. Аудандық «Зерде» оқушылардың шығармашылық іздену жұмыстары сайысына 9 оқушы қатысты. Оның ішінде І орынды – 2 оқушы, ІІ орынды – 3 оқушы, ІІІ орынды – 4 оқушы иеленді. Осы сайыстың облыстық кезеңінде 6 сынып оқушысы Ислам Эльмира ІІІ орынды иеленді, жетекшісі Утарбаева Ақжарқын. Бастауыш сынып оқушыларының аудандық пәндік олимпиадасында 4 сынып оқушысы Айжарық Жеңіс ІІ орынды иеленіп, облыстық олимпиадада ІІІ орынды иеленді. Жетекшісі Құлбарақова Бибіажар. 2017-2018 оқу жылында жеткен жетістіктеріміздің рейтингісі бойынша, мектебіміз 2018 жылдың 25 тамыз күні өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде «Креативті мектеп-2018» номинациясымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Мұндай марапат мектеп мерейін өсіретіні сөзсіз. 2018-2019 оқу жылында да оқушыларымыз биіктерден көрініп, мектеп абыройын асқақтатады деген ойдамыз, — дейді мектеп директоры Дина Күлмеханова.
№11 мектептің ақылды оқушылары да экспедиция мүшелерін таң қалдырды. Шығарған өлеңдерін оқып, тамылжыта ән айтты. Кездесуде сөз сөйлеген мектеп директоры оқушылардың жетістігін тізбектеді.


— Қыркүйек айында «Полиглот-2017» аудандық интелектуалдық сайысында 10 сынып оқушысы Ибрагимова Айтгүл І орын иеленді. Оқушыларымыз «Би әлемі» аудандық байқауына қатысып, 5 «Г,Ғ,Д» сынып оқушылары І орын иеленді. Оқушыларымыз Мұнайлы ауданының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық «Асық ату» жарысында да жеңімпаз болды. Ал, ғылыми жобаның аудандық кезеңінен 7 оқушы жүлделі орындар алып, 1 оқушы облыстық кезеңінен ІІІ орын иеленді. Пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен 5 оқушы ІІІ орынға ие болды. Әр түрлі байқауларға 30-дан астам оқушыларымыз қатысып, жүлделі орындарды алып келді, — дейді мектеп директоры Қаршагүл Әділбекова.


№11 мектептің ұжымы экспедиция мүшелеріне «Qazaqstan Zamany» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгерге оқушылардың өз қолымен жасаған құс мүсіндерді сыйға тартты. Қонақтар мұндай кәде сыйға өз ризашылықтарын білдірді.
Экспедиция мүшелері дәл осы күні халықаралық жарыстан жүлделі оралған аудан мектептерінде тәлім алатын оқушылардың салтанатты құттықтау шарасына қатысты. Мұнайлылық оқушылар Түркіменстан республикасы «Аваза» туристтік аймағында өткен Каспий теңізі жағалауындағы елдер арасында ұйымдастырылатын ІІ мәдени-спорттық фестивальден Маңғыстаудан намысын қорғап, белбеулі күрестен ІІІ орын, волейболдан ІІІ орын, баскетболдан ІІ орын алып келген екен. Халықаралық додада командалық есепте Маңғыстаудың намысын қорғаған мұнайлылықтар ІІІ орын иеленіп, өңірдің мерейін өсірген.


Алыстан ат терлетіп келген экспедиция мүшелеріне аудан басшылығы ауыл шаруашылығындағы жетістіктер жайлы да ақпарат берді.
Аудан бойынша 2018 жылдың 1 қыркүйегіне ірі қара мал — 1190, қой, ешкі — 19016, жылқы — 3907, түйе — 4390, құс — 41295 басты құрайды. Аудан аумағында 142 мал шаруашылығы және 40 егін шаруа қожалықтары тіркелген. Оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғалған топырақта 10 фермерлік типтегі жылыжай жұмыс жүргізуде.
2 өнеркәсіп типтегі жылыжай бар.
«Greenhause E.C.O» жылыжайы — 2 гектар көлемінде егін егіп, 100-150 тонна қияр өнімін алып, қол жетімді бағамен халыққа жеткізуде. Жұмыспен қамтылғандар саны 25 адам.
«КаспийАгроКомпани» жылыжайы — 4 гектар көлемінде егін егіп, 1 гектарынан 100-200 тонна қияр өнім алуда. Жұмыспен қамтылғандар саны 60 адам.
Барлық егін шаруа қожалықтары тамшылатып суару әдісін қолданып, өнімдерін шығарып келеді.
2018 жылдың қаңтар айынан бастап 40 егін шаруа қожалықтары егіншілік технологиясын цифрландыру (электронды карта) жүйесіне 184,4 % орындалып егін шаруашылықтары күні бүгінге дейін 266,87гектар алқапты сандық технологияға көшірілді.
Аудан бойынша 3 мал сою пункті бар. 2018 жылдың қаңтар айынан қыркүйек айына дейін мал сою орнына келіп түскен малдың есебі: мүйізді ірі қара мал — 3587 бас, жылқы — 889 бас, түйе — 77 бас, ұсақ мүйізді мал — 3684 бас, шошқа — 100 басты құрайды. Аудан бойынша мал сою пунктерінде басқа аймақтардан (облыстардан) және облыс ішінен ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау, сату, сою, өсіруге бақылау-қадағалау жұмыстары күнделікті жоспармен жүргізіледі.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында 2 кооператив құрылды.
Кооперативтердің 2018 жылдың қыркүйек айына дейінгі өнімдері:
«Құйылыс — А» кооперативі ет — 8500 тонна, түйе сүті — 4000 литр, қарбыз — 61 тонна, қауын — 70 тонна, көкөніс — 25 тонна.
«СА-Кішкенеқұм» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2018 жылдың 3 ақпан айында «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасы мен 1 пайызбен несие алу мақсатында түйе етінен консервілеу цехы және мал сою алаңын құрылыс салу үшін ашылып, қазіргі таңда 30 млн теңге қаражатын алуға құжаттары рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. «Нұр капитал» өңірлік бағдарламасынан қолдау тапқан жағдайда 2019 жылдың басынан аталған құрылыс нысандарын салу жұмыстары жүргізіледі.
Ауданда құс шаруашылығы да жақсы дамыған.

Мақаланы дайындаған —
Айман Нұрмағанбет