Ауыл шаруашылығы ғалымдарымен кездесу
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев отандық ауылшаруашылығы саласының ғалымдарымен кездесіп, аграрлық аймақтағы ауқымды мәселелер мен алдағы жоспарларды жан-жақты талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керектігін, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану қажеттігін баса айтқан болатын. Осыған айрықша назар аудартқан аймақ басшысы саладағы негізгі міндеттердің бірі – инновациялық амал-тәсілдерді қолға алу, ауыл шаруашылығы өндірісін агроғылыммен ұштастыру екендігін атап өтті.
— Жамбыл облысы ауылшаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Асыраушы саладағы қордаланған күрделі мәселелердің барлығы бізге де қатысты. Биылғы құрғақшылық мәселесі, тамшылатып суару жүйесін енгізу, ауылшаруашылығы өнімдері өндірісінің тиімділігін арттыру, ветеринария саласындағы жағдайлар біз үшін аса маңызды. Осы ретте ғылыми тұрғыда саладағы мәселелерді оң шешіп, дамыту жолында ғалымдардың қосар үлесі зор,-деді облыс әкімі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, профессор Теміржан Айтбаев алдағы уақытта ел аумағында алғашқылардың бірі болып Әулиеатада көкөніс бақша шаруашылығын құруға қатысты ұсынысын жеткізді.
— Институттағы 200 түрлі тұқымның 70-тен астамы Жамбыл өңірінде өнім беріп жатыр. Шетелде пияздың 1 гектары үшін тұқымға 550-600 мың теңге кетсе, отандық шаруашылықтарда ол он есе арзан. Ол үшін тұқым шаруашылығын дамытуымыз керек. Еліміздегі пияздың да негізгі алқаптары Жамбыл облысына тиесілі. Кезінде Әулиеатада сәбіз де пияз секілді көп өсетін еді. Қызанақ, жеміс-жидек, жүзім, жылыжай шаруашылығын да облысқа кеңінен енгізсек дейміз. Осы ретте бірер жыл бұрын ел аумағы бойынша алғаш рет көкөніс шаруашылығын Байзақ ауданында құрсақ деген жоспарымыз болған еді. Сол жоспарды жүзеге асыруға ниеттіміз,-деді Теміржан Ерқасымұлы.
Ербол Қарашөкеев көршілес қырғыз елінде де егістік жерлер көп болмағанымен тұқым өндіру ісі жоғары деңгейде жолға қойылғанын атап өтіп, ұсынысты қолдайтынын жеткізді.
Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Ғалия Әкімбекова ел аумағында кооператив құру бойынша басқа өңірлерге әулиеаталық шаруашылық ұжымдарының ішкі механизмдерін пилоттық жоба ретінде көрсетсек деген ұсыныс білдірді.
Ал, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Нұрлан Балғабаев жерасты суларын пайдалану, сор жерлерді қалпына келтіру бойынша ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, жерасты суларын пайдалану бойынша неше гектарға қанша қаражат кететіні де салалық министрлікке ұсынылған.
Облыс басшысы аймақта 22 мыңнан 25 мың гектарға дейін пияз егілсе, соның тең жартысы тамшылатып суарылатынын, осы бағытта ұңғыма қазу жұмыстарына субсидияны 80 пайызға арттыру шаралары да орындалып жатқанын жеткізді.
Сол секілді ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Жан Ниязбеков зиянкестермен, шегірткемен күрес жұмыстарына сала мамандары биологиялық, экологиялық және технологиялық жағынан дайын екенін айрықша атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Аюп Ысқақов шаруалардың біліктігіне қатысты ойын ортаға салды.
— Жасыратыны жоқ, қазір жастардың арасында асыраушы салаға деген қызығушылық өте төмен. Себебі мектептер баланы оған бейімдемейді. Балалар тіпті ауылдық жерлерде тұрса да мал бағып, егін егудің қыр-сырын білмейді. Салалық жоғарғы оқу орындарында да студенттер өте аз. Сондықтан біз жастарды мектеп жасынан салаға бейімдейтін жоба әзірледік. Жобаның жүзеге асырылуын әрбір мектепке, оқу орнына дайындап береміз. Тек ұсынысымыз қолдау тапса дейміз. Оған қоса өңірде гидропоника жақсы басталды. Бірақ әлі де болса оған ғылыми негіздеме керек,-деді Аюп Рәшидұлы.
Басқосу барысында «KazOnimExport» корпорациясының төрағасы Алмасбек Байшекеев те шаруаларды жаңа «Сенім» бағдарламасына қатысуға шақырды. Айтуынша, бағдарлама механизмінде асыраушы саладағы өзекті мәселелердің барлығы қамтылған. Корпорацияға келген әрбір шаруа айлықпен, қажетті мамандармен, құрал жабдықтармен, жем-шөппен қамтылмақ. Алты жылдан кейін мал шаруалардың өзінде қалады екен.
Аймақ басшысы аталған ұсыныс бойынша ауылшаруашылығы басқармасымен бірлесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жиын соңында ғалымдардың ұтымды ұсыныстарын қолдайтынын жеткізген Ербол Қарашөкеев асыраушы салаға ғылыми жетістіктерді дер кезінде енгізудің маңыздылығын атап өтіп, жаңа жобалар мен айтылған мәселелерді саралауды орынбасары Қанатбек Мәдібекке тапсырды.
Жамбыл облысы әкімдігі