АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІ АРЗАН БАҒАДА САТЫЛДЫ
Өткен сенбі күні аудан орталығы Мойынқұм ауылында Мұхаддас дүкеніне қарама-қарсы алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай, Кеңес, Бірлік, Биназар, Ақбақай, Мирный, Жамбыл, Мойынқұм, Хантау, Ақсүйек, Мыңарал, Шығанақ, Қызылтал, Қызылотау ауыл, ауылдық округтерінің шаруалары, диқандары, балықшылары, жеке кәсіпкерлер қатысты.
Жәрмеңкеде Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай ауылдарының шөпшілері түктелген табиғи шөпті 700 теңгеден, байланған руллонды 3500 теңгеден саудаласа, Кеңес, Бірлік, Биназарлық диқандар қызанақтың бір килограмын 150 теңгеден, қиярды 300 теңгеден, қауынды 200 теңгеден, қарбызды 50 теңгеден сатты. Тұтынушылар бірліктік диқан Жандос Әлішевтің тіл үйірер тәтті қарбызын молынан алып жатты. Сондай-ақ Ақбақай, Мирный, Жамбыл, Мойынқұм, Хантау, Ақсүйек ауылдарының шаруалары жылқы етінің 1 килограмын 2000 теңгеден, сиыр, қой еттерін 1700 теңгеден өткерді. Мұнда да жәрмеңкеге шығарылған ет 1 сағатқа жетпей өтіп кетті. Ал Мыңарал, Шығанақтың балықшылары балықтың 1 килограмын 500 теңгеден саудаласа, қызылталдықтар құрт пен ірімшікті 3500 теңгеден, қызылотаулықтар қымыз бен шұбаттың 1 литрін 1000 теңгеден мойынқұмдықтарға ұсынды.
Мойынқұм ауылының тұрғындары Қожай Көдеков, Мұрат Қапезов, Әуелбек Омаровтар жәрмеңкеге шығарылған тауарлар көпшіліктің көңілінен шыққанын, алайда ет өнімдерінің аз мөлшерде саудаға қойылғанын айтып, алдағы кезде жәрмеңкені ұйымдастырушылар ет пен балық өнімдерін көптеп шығарса деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен қатар жәрмеңкеде Жамбыл ауылдық округі биылғы бидай дәнінің 1 килограмын 65 теңгеден өткеріп, мойынқұмдық тұрғындардың алғысын алды.
Ағымдағы жылы алғаш рет өткізіліп отырған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін алдағы кезде апта сайын ұйымдастырса деген ой-тілек жәрмеңкеге келген әр тұтынушының көкейінде тұрды. Көпшіліктің ойын осы жәрмеңкені ұйымдастырушылар болашақта ескерсе диқанының да, шаруаның да, тұтынушының да көңілінен шығатыны анық.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫ