Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру өркен жайып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.
Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біршама қиындықтарды өткерді. Бүгінгі таңда мемлекет деңгейінде қабылданған бағдарламалар мен жобалардың арқасында ауыл шаруашылығы саласының тамырына қан жүгіріп, қайта даму жолына түскені белгілі. Қазір облыстың ауыл шаруашылығы саласымен бірге өнеркәсіп өндірісі де дамып келеді.
Мәселен, биыл облыста өнеркәсіп өндірісінде 778,9 миллиард теңгенің, ал ауыл шаруашылығында 562,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өсім 6,1 пайызды құрады. Аймаққа бұл кезеңде 343,6 миллиард теңгенің инвестициясы тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғарылаған.
Ауыл шаруашылығына 32 миллиард теңге бөлініп, дақылдар 756,2 мың гектар алқапқа орналастырылып, егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға ұлғайған. 371,1 мың гектар алқапта орналасқан масақты дәнді дақылдар орылып, одан 633,4 мың тонна астық жиналған. Бұдан бөлек, 1576 мың тонна көкөніс дақылдары, 290,2 мың тонна картоп, 1,1 мың тоннадан астам пияз жиналып отыр.
Аймақта мал басының өсуі ет өндірісінің артуына жол ашып келеді. Мәселен, биыл 1,7 мың тонна ет экспортталған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы жалпы құны 17,9 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 281 жұмыс орнын құру көзделген. Осы салаға 14,8 миллиард теңгенің 10 инвестициялық жобасы іске қосылып, 179 адам жұмыспен қамтылған. Алдағы үш жылда 18 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Биыл 5,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы орналастырылып, 187,2 мың тонна өнім жиналды. Оның 117,2 мың тоннасы қант зауытына өткізіліп, одан 11 мың тонна қант өндірілді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесінде алдағы жылы қант қызылшасы алқабын 10 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.
Облыста суармалы алқаптың көлемі 179,2 мың гектарды құрайды. Оның 55,2 мың гектары тиісті нормативтерге сәйкес сумен қамтамасыз етілсе, 47 мың гектар алқап 30-40 пайыз деңгейде қамтылып отыр.
Халықаралық қаржы институттары арқылы 35 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда 25 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. 2022-2024 жылдары 306 су нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 55 мың гектар алқапты қайта айналымға қосу көзделген.
Бүгінгі таңда «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмысын жақсарту» қанатқақты жобасы өз жалғасын табуда. Алдағы үш жылда аталған жоба аясында барлық елді мекенді қамту жоспарланған. Ол үшін республика бюджетінен 75,5 миллиард теңге қаралуда.
Облысымызда 87 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,4 пайызға өскен. Олар 130 мың адамды жұмыс орнымен қамтып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 311,3 миллиард теңгенің өнімін өндірген.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 69 миллиард теңгеге 188 жоба қаржыландырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 21,7 пайызды құрады.
Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес сауда үстемесін белгілеуде заң талаптарын қайта бұзғаны үшін 5 сауда нүктесіне 10 АЕК көлемінде айыппұл салынып, барлығы 29 дүкенге хаттамалық ескерту берілді. Қосымша 7 дүкенге айыппұл салу бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте сауда үстемесін көтермеу туралы 199 тауар өндірушілермен, 490 сауда дүкендерімен меморандум жасалған болатын.
155 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 3 мың тоннаға жуық 9 тауар (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран) түрі бойынша тікелей жеткізу ұйымдастырылды. 244 ірі сауда желілерімен 11 мың тонна көлемінде 10 (ұн, тауық еті, ет, тұздалмаған сары май, рожки, сүт, пияз, картоп, қырыққабат және сәбіз) тауар түрі бойынша күзгі форвардтық келісім жасалды.
Облыс халқына бүгінгі таңда 32 әлеуметтік павильон қызмет көрсетуде. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірлесе отырып 532 жәрмеңке өткізілді. 17 мың тонна арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдері өткерілген.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» келісімімен бірінші сортты бидайының ұны 130 теңгеден наубайханаларға өткерілуде. Ұнның қымбаттау себебінен нан бағасы 90 теңгеден 100 теңгеге өсті. Статистикаға сәйкес ұн бағасы 24,8 пайызға өскенмен өңірлер арасында 12- орында және орташа республика бағасынан 11,2 пайызға төмен. Бүгінгі таңда нарықтағы бірінші сортты ұнның бір килограмының орташа бағасы 200-210 теңгені құрайды.
Қазіргі таңда облыста қанттың үш мың тоннадан астам қоры бар. Сауда желілеріндегі қанттың орташа бағасы 490 теңге, ал әлеуметтік дүкендерде 485 теңгеден сатылуда.
Ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге де айрықша көңіл бөлініп отыр. Саланы қаржыландыруға 1,94 миллиард теңге бөлінді.
Малдың саны 4,4 миллионды құрады. Бұл республикадағы екінші көрсеткіш. Мемлекеттік тапсырыспен малдың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар шеңберінде 20,7 миллион вакцинациялау және 5,6 миллион диагностикалық жұмыстар жүргізілді.
Жайылым жерлердің пайдаланылуын зерделеу барысында өңірде 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды. Жер кодексіне (36-бабы) сәйкес ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 170 мың гектар жерді беру жұмыстары жүргізілуде. Ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігі елді мекендерге қайтарылуда. Орман қорындағы бір миллион гектар жайылым уақытша пайдалануға берілген. Игерілмеген және заң талаптарын бұзып пайдаланған 153 мың гектар жайылым мемлекеттік жер қорына қайтарылды.
Жер қорында 8,1 миллион гектар жайылым жер бар. Оның 3,6 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы, 570,7 мың гектары елді мекендер жері, ал 1,7 миллион гектары орман қорында, бір миллион гектары босалқы жер қорында орналасқан.
Мемлекет басшысының елдің барлық өңірлеріне 2 миллиард ағаш отырғызу жөнінде тапсырмасы бар. 2021-2025 жылдары 140 миллион түп ағашты мемлекеттік орман қорына отырғызу жоспарланған. Осыған орай ормандарды молықтыру және молайту туралы кешенді жоспар жасалды. Өткен жылы 7,3 мың гектар алқапқа 10,6 миллион дана ағаш отырғызылды.
Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында алдағы 5-6 жылда 8 мың тоннаға дейін балық өндіру жоспарлануда. Биыл 483 тонна балық өндірілді. Оның 313,8 тоннасы форель, 150,5 тоннасы тұқы тұқымдас балық. Балық шаруашылығын субсидиялауға 78 миллион теңге бөлінген.
Табиғат пайдаланушылар өзен-көлдерден бөлінген квота шеңберінде бір мың тонна балық аулаған. Коммуналдық меншіктегі 15 су қоймаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл вегетациялық кезеңде 900 гектар суармалы егістік алқапты ылғалдандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен 6 жаңа су қоймасын салу көзделуде. Бүгінде 3 су қоймасының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде.
Туризм саласының дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Ірі туристік аймақтардың ашылуы, туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі, орналастыру орындары санының көбеюі ішкі туризмнің дамуына өз септігін тигізуде. Жылдың басынан бері жалпы облысқа 100 мыңға жуық турист келген екен. Оның 1,5 мыңы шетелдіктер. Облыс аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар. Бес археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал тау бөктерлерінде 30-дан астам шатқалдар орналасқан.
Негізгі туристік нысандар саны 37 болған болса, қазір біз ол нысандар санын 65-ке жеткіздік, 45 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрап отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 206 қонақ үй, 434 тамақтану орындары, 7 шипажай, 15 демалыс орындары, 11 балаларды сауықтыру лагерьлері, 24 туристік ұйым, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқаруда.
Ағымдағы жылдың 1 қазанында киелі Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы статусына ие болды. Бұл іс-шараның өтуі, біздің аймақтың мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиғалардың бірі деп санауға болады.
Қанатбек МӘДІБЕК,
облыс әкімінің орынбасары.