АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАБЫС ЕҢБЕКСІЗ КЕЛМЕЙДІ
Ел экономикасының негізгі тірегі саналатын, әрі мемлекеттің ерекше қолдауынан ие саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аудан халқының басым көпшілігі де осы атадан қалған кәсіпті жанына серік еткен. Қиындығы бір басқа жетіп артылатын мал өсіру және егіншілікпен айналысатын шаруа адамдарының адал еңбегі жайлы газет бетінде жиі жазып та жүрміз.
«Екі қолға бір күрек» таппай жүргендерге үлгі болсын деген ниетпен жуырда Бетқайнар ауылындағы «Артем» шаруа қожалығына қарай жол тартып, бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Басшысы Александр Дрокин аталмыш қожалықты осыдан сегіз жыл бұрын құрып, содан бері ісін өрге жүргізіп келеді.
Шаруа қожалығының негізгі бағыты – егін шаруашылығы. 300 га алқаптың 50 гектарына жүгері, қалғанына арпа және бидай егілген. Өткен жылы гектарынан 6 тонна жүгері, арпа мен бидайдан әрқайсысы 2 тоннадан астам өнім алған.
Биыл да шаруа қожалығы мол өнімнен үмітті. Күн жылынып, жер арқасы жібіген шақтан шаруалар жұмысқа кіріскен. «Тыңайтқыштардың жетіспеушілігінен өнімділік төмендейді. Сондықтан, биыл біз аммофос тыңайтқышын көбірек қолдануды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде жүгері алқабына 400 келі аммофос тыңайтқышын, егу барысында тағы 150 келісін пайдалану жоспарда бар»,-дейді қожалық иесі.
Сонымен қатар, шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, оның ішінде Зеңгі баба түлігін өсірумен айналысады. Бүгінде қорасында 80 бас бұқасы бар. Ауыл шаруашылығына қажетті техникалары да жеткілікті. Үш комбайн, төрт МТЗ-тракторы және төрт К-700 тракторлары маусымдық жұмыстарға жарап тұр.
Осы уақытқа дейін жұмысы бір жүйеге түсіп, шаруасы шалқып отырған қожалықтың бүгінгі көрсеткіштері нәсібін жерден терген диқандардың маңдай терінің арқасы. ШҚ басшысы бүгінде алты адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың әрқайсысы жұмысына адал, жауапкершілігі мол қарапайым еңбек адамдары дейді басшылары.
Әңгіме барысында Александр Дрокин шаруашылыққа қатысты өзекті мәселелерді де айтып өтті. Солардың ең негізгісі – суару мәселесі. «Өткен жылы егіс алқабын суғару үшін екі шақырымға жуық арық қаздық. Болашақта тамшылатып суару әдісін пайдаланып, өнімділікті арттырсақ деген ниетіміз бар. Ол үшін мемлекеттің қолдауы қажет, әрине. Сонымен қатар, аммофос тыңайтқышын алғанға мемлекеттік субсидияға қажетті құжаттарымызды өткізіп қойдық»,-деп жоспарымен бөлісті.
«Жақсының аты жария» демекші, ерте жастан еңбекке араласып, қарапайымдылығымен өзгелерге үлгі болған Александр Дрокин ауыл арасында жомарттығымен де танылған. Ол әрқашан көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүреді. Осындай игі қасиеттерді бойына жинаған еңбек адамының ісіне береке тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ