АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҚАЖЕТІ ӨТЕЛУІ ТИІС
Аудандық маслихат депутаты, «АMANAT» партиясының аудандық маслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Ғ. Шубаеваның ұсынысымен осы аптада аудан әкімдігінің бөлімдері мен оған қарасты мекемелер және аудандық білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен Қияқты ауылында қоғамдық қабылдау өтті. Қоғамдық қабылдауды өткізу үшін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жақсыбек Исақов бастап барды. Ауыл тұрғындары қабылдауды жекелей тұлғаларға емес жалпы жиын форматында өткізуді ұсынды. Жиында алдымен ауылдағы ауызсу мәселесі қозғалды, бұл мәселенің жағдайын Жақсыбек Сағымбекұлы бастан аяқ тұрғындарға түсіндіріп берді. Содан соң ауылға кіреберіс 5 шақырымнан тұратын тас жолдың жөндеу жұмыстары туралы сұрақ қойылып, биылғы жылға тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін мүмкіндік бар, күрделі жөндеу жұмыстарын ауыл әкімінің ұсынысымен келесі жылдың бюджеттік жоспарына енгізуге болады деп жауап берілді. Ауыл тұрғындарының келесі сұрағы ауыл балаларына арналған спорт алаңшасының салынуы жайлы болды. Ол жөнінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков айтып берді. -Ауданның 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында Қияқты ауылына заманауи спорт алаңшаларын салып беру көрсетілген, алайда оның мерзімі 2024 жыл деп белгіленген, осыған орай 2024 жылға қаржы қарастырылып, ауылдарыңызда жасанды төсеніші бар кіші футбол алаңшасы бой көтеретін болады,- деді. Келесі кезекте ауыл тұрғындары Айгүл Назарова, Сәбира Шырынғазиева, Ақмарал Оспанова, Бауыржан Бекмағамбетов, Бақыт Сыздықовалар көше жарығы, жедел жәрдем мәселесі, полиция қызметкерінің жиі рейдтер жүргізуі, екі қабатты үйдің шатырын жөндеуге көмек көрсету, осы үйдің алдынан машиналар өтпеу үшін шлагбаумдар орнату, жеңілдетілген несие алу, мектептің жылу жүйесі, бастауыш сынып балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету сияқты сұрақтар қойып, оған нақты жауап алды.