Ауыл тұрғынының табысы
Тіршілік қыламын деген тірі пенденің екі қолына бір күрек қашанда табылады. Оған еліміздің табиғи климат жағдайы да, мемлекетіміздің қолдауы да бар. Тек, кәсіп бастаймын деген жанда шын ықылас – ниет болса, таңдайға таңсық экзотикалық жемісті де Жамбыл жерінде өндіруге болады. Бұған жылыжайында банан өсіруді қолға алған бағбан Ермұхан Әжіғаттың жаңа бастамасы дәлел.
Жамбыл ауданы, Ерназар ауылының тұрғыны Ермұхан Әжіғат өткен жылы мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, ауласына жылыжай салған. Бүгінде айналасы 1 сотық жерде құлпынайы жайқалып өсіп тұр. Талай жылдар Алматыда дәнекерлеуші болып цех ашып, жұмыс істеген азаматтың тірлігін тастап, басқа кәсіпке ауысуына ауылға деген сағынышы, қара шаңыраққа деген құрметі себепкер болған.
– Кәсіп қыламын деушілерге бүгінде қолдау көп. Әсіресе, ауыл тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Осыны әрбір отандасымыз терең ұғынса екен. Өкінішке қарай, о сы мүмкіндіктен бас тартып, үйін тастап, қалаға сабылатындар қаншама. Менің де бұл бағытқа бет бұруыма басты себеп – осы. Қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып, жаныма жақын бағбандықты қолға алып, өзге де өнімдер өндірсем деген ниетімнің арқасында жаңа кәсіп бастап отырмыз. Алдағы тағы бір мақсатымыз – бананды өзімізде өндіріп, бәсекеге қабілеті қолайлы орта қалыптастырып, халыққа қолжетімді етсек дейміз. Мысалы, Қытайда аталған өнім түрін 10-20 теңге аралығында алуға болады, ал бізге жеткенше бұл баға шарықтап кетеді, – дейді бағбан.
Экзотикалық өнімді елімізде алғаш болып Түркістан облысының шаруалары өсіріп бастаған. Ермұхан Әжіғат т а сол кәсіпкерлердің арнайы тренингіне қатысып, шаруашылықтың қыр-сырын меңгерген. Солай былтыр жаз айларында жер дайындап, жылыжай соғып, қарашада құлпынай көшетін отырғызған. Осылайша, қыс бойы арнайы күтіп-баптап, сәуірдің алғашқы күндерінде өнімін сатылымға шығарған. Айтуынша, өнімдерін ауданның кәсіпкер қыз-келіншектері шоколадты құлпынай жасауға бірден сатып алған. Тұрақты тұтынушылары бар ауыл азаматы бүгінде ауласында лимон мен банан өсіруге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
– Мұндай өнімді күтіп-баптау ісінде ең маңыздысы – бөлме ішіндегі ылғалдықты сақтау. Сол арқылы жылдың қай мезгілінде де сапалы өнім алуға болады. Ол үшін жылыжай ішін терең етіп қазып, арнайы жылу мен жарық желілерін жүргіздік. Осының бәріне 4 миллионға жуық қаражат жұмсалды. Алғаш сынама ретінде құлпынай өнімін өсіріп, байқап көрдік. Қазіргі таңда Сарыағаштағы бағбандардан банан жемісінің тұқымын алып, өнімді өсіруді қолға алмақпыз, – дейді кәсіпкер.
Ерназарлық тұрғын құлпынай мен бананнан бөлек лимон өнімін өсіріп, ауласына су диірменін орнатқан. Сол арқылы электр қуатын үнемдеп, өзінің дәнекерлеушілік қабілетінің арқасында жұмыс күшін де азайта білген. Алдағы уақытта бағбандығымен қатар диқаншылығын дамытып, арпа-бидай өнімдерін шығаруды мақсат еткен кәсіпкер жастарды кәсіп бастаудан қашпай, ауылдық жердің игілігін бірге көруге шақырып отыр.
– Соңымыздан ерген жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оларға бар білгенімізбен бөлісуге қашанда дайынбыз. Жастарымыз мемлекет қолдауын барынша игі мақсатқа пайдаланып, тәуекел жасап, түрлі кәсіп түрін бастауға ниет танытса екен. Өз басым ауыл азаматтарының, ауыл ақсақалдарының қолдауымен қайтарымсыз грант жайлы құлағдар болып, осынау бастаманың игілігін көрудеміз. Бұдан бөлек, елді мекенде жаңа іс бастаймын деушілерге ақсақалдар кеңесі мен қоғамдық кеңес тарапынан кең қолдау жасалып, бағыт-бағдар беріліп отырады. Ауыл әкімі де үнемі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастар ортасынан табылып, осындай бастамалардың ұйытқысы болуда, – дейді бағдарламаның жемісін көруге себепкер болған жандарға алғыс айтқан Е.Әжіғат.
Жамбылға жаңа кәсіп түрін алып келген азамат мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы жайында айта отырып, алдағы уақытта кәсіпкерлік бағдарламаларының саны артып, халық мүмкіндігі мол жобаларды тиімді кәдеге жаратса дейді. Сондай-ақ, ол болашақта мемлекеттік субсидиямен көмек берілсе, 2,5 пайыздық несие алып кәсібін одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.
Жалпы Жамбыл ауданды қ кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қуат Ошақбайдың мәліметінше, аймақта тұрақты табыс тауып отырған 8 639 шағын және орта бизнес субъектілері бар. Нысандарда 7 915 адам еңбек етіп, жалпы 30,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Жамбыл ауданы
Нұрболат АМАНБЕК