Ауылда атқарылған жұмыс көп

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Ұзынкөл ауылында жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар атқарылған.

Аудан орталығынан 15 шақырым ғана қашықтықта орналасқан Ұзынкөл ауылдық округі мен оған қарасты Еңбекші елді мекенін қоса есептегенде, мұнда мыңнан астам халық қоныстанған екен. Ауылдық округ әкімі Бекежан Шарафутдиновке хабарласқанымызда, бірден ауылдағы қуанышты жаңалықтармен бөлісті.

– Жуырда ауылымыздың кіреберісіндегі екі шақырым жолымызға орташа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар қуанып қалды. Бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген еді. Қазіргі таңда ауылдағы 40 шақырымдық канал қайтадан қалпына келтірілуде. Бұл жұмыс келер жылы жалғасады. Ауылды жедел интернет желісімен қамту мақсатында «актив» ұялы байланыс желісі қосылуда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығының құрметіне жауынгерлер ерлігіне тағзым ету мақсатында Мәңгілік алау мен аллея ашылды. Тұңғыш Президент күнінде пайдалануға берілген аллеяға жауынгер жерлестеріміз бен ҰОС-нан оралмаған боздақтардың есімдері жазылды, – деді Бекежан Биболатұлы.

Көгілдір отын мен ауыз су мәселесі толықтай шешімін тапқан Ұзынкөлде он бір жылдық мектеп пен балабақша, күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі, фельдшерлік-амбулаториялық пункт жұмыс жасайды. Сонымен қатар туған жеріне жанашыр азаматтардың көмегімен мешіт бой көтерген.

Ауылдық округ әкімі Б.Шарафутдинов ауылда ауыл шаруашылығымен айналысатындар қатары басым екенін атап өтті. 60-қа жуық тіркелген шаруа қожалығының 40 шақтысы өз шаруаларын дөңгелетіп отырғанын жеткізді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

Гүлзара Мәдидің суреті