Ауылда да көпқабатты үйлер беріліп жатыр
Тәуелсіздік мерекесін ел болып тойлаймыз. Себебі оның жемісін халық көріп жүр. Отырар ауданындағы Қоғам ауылдық округінің тұрғындары да Тәуелсіздіктің жемісін көп көріп жүрген ауылдардың бірі. Осы жылдың басында Мыңшұқыр елдімекенінде 180 пәтерлі үй берілді. Бұған қол жеткізген тұрғындардың әкімдерден бастап, Елбасыға айтар алғысы шексіз.
— Ауылымызда көп қабатты он үйдің пайдалануға берілгені қаншама отбасының баспана мәселесін шешті, – дейді Қоғам ауылдық округінің әкімі Жеңісбек Зернәбиев. – Қоғам ауылында бір мезгілде 25 адам қабылдайтын дәрігерлік емхана пайдалануға берілді. Одан бөлек Мыңшұқыр елдімекенінде медециналық тірек ашылды. Қоғамдағы Нарымбетов пен Әуелбеков көшелері асфальтталды. Талаптыдағы Құдайберенов көшесіне тас төселді.
Жарықтандыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қоғамда үлкен жолдың бойындағы 800 метрге аяқ жол төселіп, жарықтандырылды.
Осылай деген Ж.Зернәбиевтің сөзі шындықтан алшақ емес. Жуырда аталмыш ауылға барғанда бұған өзіміздің де көзіміз жетіп қайтты. Жалпы бұл ауылда атқарылып жатқан жұмыстар көп. Ал оның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы екені анық.
Рауан БАЛАБИ,
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ.