Ауылда тұрудың қиындығы

1.Ауылда тұрудың қиындап кеткені рас. Өйткені, мұнда малдың жем-шөбі қымбат. Бір арба шөп 25-30 мың  теңге тұрады. Қорасында бес бас малы бар адамға  малын қыстан аман алып шығу үшін жылда кем дегенде 5  арба шөп сатып алу керек, бұған шамамен 125-150 мың теңге қаражат керек. Малға шөппен бірге жем де керек. Жаңағы 5 бас малға қыс айында кем дегенде оншақты қап жем  жұмсалады. Егер бір қап жемнің құны 2,500-3000 теңге болса, 10 қап жемді сатып алуға 25000-30000 теңге керек. Сонда  5 бас малды қыстан шығару үшін жемін, шөбін қосқанда барлығы 160 мың – 180 мың теңге қаражат қажет екен. Бұған тағы уақ мал шығынын қосыңыз, сонда қыс айларындағы мал бағу шығыны, шамамен 220 мың — 250 мың теңгеге жуықтайды.

27zaman2

     Мал ұстау, тіпті, жаз айларында да оңай емес. Өзегін жалғап отырған малдары қолды болып кетпеу үшін ауыл адамдары қолдағы аша тұяғын жазда арнайы бақташыға бақтырғанды жөн көреді. Ол малыңызды бағып бергені үшін әр ірі басқа 700 теңгеден алады, ал қой-ешкі секілді уақ жандықтың басынатұрғындар 250-300 теңгеден төлейді.  Егер бір үйде кемі 5-6 бас ірі қара мен оншақты жандық болса, ай сайын жазғы мал бағымына шамамен 6-7 мың теңге ақша жұмсалады екен. Сонда сәуір мен қараша аралығындағы 8 айға кем дегенде 50 мыңдай ақша кетеді. Мұны жоғарыдағы малдың қыстық бағымының қаражатына қоссақ,  қысы-жазғы мал бағу шығыны, шамамен, 300 мың теңгенің үстіне шығып кетеді.

1434617420_l

    Ауылда отын мәселесі де қиындап тұр. Бұрын отынның арзан кезінде отты аямай жағып, даңғарадай үйлерін «монша» жасап отыратын жұрт бүгінде қыс мезгілінде тек бір-екі бөлмесін ғана пайдаланып, қалғандарының есігін жазға дейін бітеп тастайды екен. Өйткені, 5-6 бөлменің бәрін жылыту қиын, ауылда отын қымбат. Бір текше метр ағаш 5000 теңгеден болса, бір тонна көмір 14-15000 теңге. Қыстан тоңбай шығу үшін бір үйге кем дегенде 6 текше метр ағаш, 4 тонна көмір керек болады. Бұл дегеніңіз, шамамен 90 мың теңгедей қаражат. Бұған малды қыстан шығару үшін жұмсалатын жоғарыдағы 200 000-250 000 теңгені қоссаңыз, көгілдір отын жетпеген ауыл тұрғындарының қыстан мал-жанын аман-есен шығару үшін 300 000-350 000 теңге жұмсайтынын көреміз.

   Мұндай қаражатты ауылда екінің бірі таба алмайды. Мал азығы қатты қымбаттап кеткеннен бері ауылдағылар қораларындағы мал басын азайтудың амалын жасайтын болған. Өйткені, оларды асырап-бағуға көп шығын кетеді. Мүмкіндігі барлар үйлері мен қолдарындағы малдарын сатып, қалаға жақын жердегі елді мекендерге көшуде. Мұндай мысалдарды тек біздің өңірден ғана емес, еліміздің барлық аймақтарынан да көптеп келтіруге болады. Бұл-ауылдың ең үлкен проблемасы. Осы жағдай одан әрі жалғаса берсе, ауылдағылар қалаға үдере көшіп, ауылдарды жоғалтып алуымыз мүмкін. Мұның арты елде азық–түліктің азайып, оның тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, мал азығы мен отын-су  бағасының соншама шарықтап кетуіне жол бермеу керек. Және мал азығы мен отын-суды арзандатудың тетіктерін табу керек.

24-%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb8

2.Ауылдардағы тағы бір үлкен мәселе, бұл – жұмыссыздық. Бұдан ауылдағылар тек жеке кәсіппен айналысқанда ғана құтыла алады. Ал жеке кәсіппен айналысуға жұрттың бәрі дайын емес. Айналысқысы келетіндердің өзі жұмысын жүргізу үшін қаражат таба алмайды. Жұмыссыз адамдарға банктер несие бермейді және олардың баспаналарын банктер кепілдікке алмайды. Сондықтан, ауылдағыларға несие қаражатын беру жағдайын олардың басындағы жағдайға сәйкестеп ұйымдастыру керек. Оның үстіне ауыл-аудандардағы әкімдер мен кәсіпкерлік бөлімі және жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін кез-келген кісіге жағдай жасай бермейді. Ауылдардағы әкім-қаралардың өздерінің жақын-жуықтарына, тамыр-таныстарына немесе несиеге алған қаражатын бөлісетін кісіге ғана көмектесетінін жиі естіп жүрміз. Бұл туралы жоғарғы жаққа арыздануға «бұдан соң олар бізге күн көрсетпейді» деп ауыл адамдары қорқады. Бұл туралы жазғанымызбен, ештеңе өзгеріп жатқан жоқ. Сондықтан, Астанадағы министрлік өкілдері мен облыс басшылығынан комиссиялар құрылып, олар ауылдарға кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша жоспарлы түрде жиі шығып тұруы керек.    

a980bce8-2195-44f8-983d-8851ee80ca2a_w987_r1_s

3. «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа келіп жатқан жастардың көбісі ауылға түпкілікті қалуға құлықсыз. Олардың бірқатары ауылға тек үй мен көтерме ақысын алуға ғана келеді. Ауыл жастарының арасында өздері әке-шешесімен бірге тұрып, үй алуға берілген қаражатты басқа мақсатқа жұмсап жіберетіндер де бар. Сондықтан, «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алып, тұрғын үйді түпкілікті қалатындарға ғана беретін қылу керек. Ал ауылға уақытша тәжірибе жинақтау үшін келетін жастарға жалдамалы үйлер мен жатақханадан орын берсе де жарайды.

5d17815249ca904fe25df41d70b12596_xl

4. Біз биыл аудандарды аралағанда Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Батырханұлы қазақ жастарының тым жалқау екенін айтып, қынжылды. Оның сөзінше өткен жазда суы, жарығы келіп тұрған жерді ұсынғанда, картоп егіп, өз шаруасын жүргізгісі келетін бір адамды таппаған. Жылыжаймен жұмыстанғысы келетіндер де көп емес. Жұрттың көбі жер алып, көкөніс еккеннен гөрі біреуден көптеп сатып алып, оны келілеп сатып ақша тапқанды қалайды екен. Жұрттың нәпақасын Жерден табуды үйренуі үшін не істеуге болады?  Ауыл тұрғындарымен бұл жөнінде сөйлескенімізде, олардың бірқатары Жермен жұмыстанудан қашпайтындарын, бірақ, ала жаздай еңбектеніп өсірген жеміс-жидектері мен көкөністерін жаппай өткізудің қиындығын айтып, бұл жұмысқа тәуекел ете алмай отырғандарын жеткізді. Мұны қалай шешуге болады?

5. Ауылдағы мал арасында сарып (бруцеллез) ауруы көп. Осыған орай, ұлттық тағамымыз бесбармақты да қорқасоқтап жейтін болдық. Осы күдікті сейілту үшін ауыл тұрғындарының қорасындағы мал басын қатаң есепке алып, жасырып қалғандарға айыппұл салу керек. Және ауыл тұрғындарының барлығын малдарын ауруға қарсы ектіруге үлкен мөлшерде айыппұл салу арқылы мәжбүрлеу керек.

korova1

     Сондай-ақ, ауыл малы ауырмау үшін мал мамандарына жағдай жасау керек. Батыс Қазақстан облысындағыдай ветеринар мамандарға жағдай жасау үшін ауылдық округтерге мал егетін арнайы орындар салу керек. Және сол қосындардың қасында ветеринар мамандар үшін ішінде жұмыс жасайтын компьютері, малмен жұмыс жасағаннан кейін  жуынатын орны, қызметтік киімдерін ауыстыратын бөлмесі бар жұмыс орны ұйымдастырылса дейміз. Бұл жағдай ветеринар мамандарының ауылда тұрақтап жұмыс істеуіне ықпал етеді. Ал ветеринар маман бар жерде жұқпалы мал ауруларының азаятыны анық.

55ee5d2a54

6.Ауылдарда ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруге ықыласты әрі мүмкіндігі бар адамға кәсібін шағындап жүргізуге көмек берілсе. Мысалы, қымыз, шұбат, сүт өнімдерін өңдейтін шағын цех ашуға қойылатын талаптарды жұмсартып, несие қарызын өтеуге алғашқы жылдары каникул берілсе. Сөйтіп, ауыл кәсіпкерлерінің аяғынан тұрып кетуіне мүмкіндік берілсе. Сырттан келген инвесторлардан гөрі сол ауылда қалып, өмірін сол жерге арнаған адамның жұмыс жасағаны пайдалы емес пе?

Айша ӨТЕПАЛИ,

Батыс Қазақстан облысы