Ауылдағы ағайын асарлатып үй салуда
Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы Сарысу ауданында да сәтті жүзеге асырылуда.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан аудан тұрғындары асарлатып тұрғын үй тұрғызуда.
Ағымдағы жылы Сарысу ауданың орталығы Жаңатас қаласында және 8 елді мекендерінде (Саудакент, Игілік, Жайылма, Ұйым, Ә.Бүркітбаев, Досбол, Тоғызкент, Ұ.Сыздықбайұлы) әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға «Асарлатып үй салу» тәсілімен ауыл тұрғындардың және демеушілер есебінен 5 жаңа жеке тұрғын-үйлердің құрылысы және 4 күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Құрылыс жұмыстарының барысында еріктілер тізімі жасақталған.
Жоғарыда аталған жаңа құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарына ауыл әкімдердің, ауыл тұрғындардың және демеушілер есебінен құрылыс заттары алынуда.
Әр күн, апта еріктілер, халық қалаулылары мен жастардан құралған топ асарға құлшыныспен көмектесуде. Аудан басшысы Марат Сұлтанғалиев қолы қалт еткенде асардың басы-қасынан табылады.
Өз қолымен кірпіш тасып, лай илеп, бір кірпішін болса да қалауға барынша атсалысуда.
Күні кеше демалыс күндері аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері асар жұмыстарын жасады.
Аудан басшысы:
— Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және облыс әкімі Б.Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасын қолға алу жөнінде тапсырмасына сәйкес ауданда асарлатып үй салу қолға алынған болатын. Соның бірі осы өздеріңіз көріп тұрған қаладағы жұмыс барысы.
Ауыл тұрғындары мен ерікті жастардың ұйымшылдығымен бүгінгі таңға фундаментінен шатырына дейінгі жұмыстар жүргізілуде.
Басты мақсат үйсіздер қатарын азайту. Көпке қуаныш сыйлау,-деп ағынан жарылды.
Бірлескен істе береке болады деген осы. Берекемізден айырмасын
Дариха Үмбетиярова