«Ауылдағы үйлер төңкеріліп, малдар жамырап қашты»: Ақтөбеліктер соққан дауыл туралы айтып берді
Оқиға туралы ауыл тұрғындары айтып берді. 9 тамыз күні сағат 21:30 шамасында Ойыл ауданы Көсембай ауылында қатты жел соқты. Дауылдың күшті болғаны сонша, электр бағандарын, қоршауларды құлатып, үйлер мен қосалқы құрылыстардың шатырларын жұлып әкетті.
«Ауылдағы үйлер төңкеріліп түсті. Сиырлар мөңіреп, қойлар қатты маңырады… Малдың бәрі далаға кетті. Ауылда бағаналар құлап, бүкіл жерді қараңғы басты. Тұрғындардың аман қалғанына қуаныштымыз. Жел басылған соң ер адамдар құлаған шатырларды көтеріп, астында қалған малды шығарды», – дейді тұрғындар.
Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, қатты желдің салдарынан Қайыңды ауылдық округіне қарасты Көсембай ауылында 51 ғимараттың, оның ішінде 35 үйдің шатыры зақымданған. Қалған ғимараттар қоралар мен қосалқы құрылыстар. Ауылда барлығы 74 үй, 380 тұрғын бар. Ауыл тұрғындары өрт сөндірушілермен бірге құлаған ағаштар мен жұлынған шатырларды алып жатыр.
“Ауылда тоғыз бағана құлады. Оның жетеуі қалпына келтіріліп, учаскеде 15 жұмысшы 5 арнайы техникамен жұмыс істеп жатыр. Барлық тіректер қалпына келтірілгеннен кейін ауылға электр жарығы беріледі. Келтірілген шығын әлі бағаланған жоқ”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Көсембай Үйіл аудан орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан.
Бұған дейін, Ақтөбе облысында қатты желден ауыл тұрғындарының тең жартысының үйлері шатырсыз қалғанын хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, 10 тамыз күні ақтөбеліктерге бұршақ жаууы мүмкін екені ескертілген. Билік азаматтарды өз мүлкіне қамқорлық жасауға шақырды.
stan.kz