Ауылдан алыстамаған асқақ тұлға
Қай қызмет болса да адамды тәрбиелейді. Сол ұзақ жылғы әдептен болар, өзім туралы көбірек айтуға, басымнан кешкен ерекше сәттердің өзін баспасөз беттерінде баяндай беруге шорқақ екенмін. Дегенмен, көпшілік білуге тиіс, айтылуы қажетті бір жағдай бар. Ол қазақ халқының дара да дана перзенті Дінмұхамед Қонаевтың Талас ауданына 1992 жылы келуі. Бұл сапар туралы да естелік айтқысы келетіндер көп. Айтып та жүр. Ал, бірақ тарихи сәтке айналған сол іс-шара жайлы басы-қасында болған өзіміз айтып берсек, әсерлі және шынайы естелік болады деп ойлаймын.
Жалпы, Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың есімін бала күнімізден біліп өстік. Аталарымыз ол кісінің үлкен басшы екенін, бізге аталас ағайын екенін құлағымызға құйып отыратын. Димекеңді алғаш бетпе-бет көруім 1984 жылғы желтоқсан айы. Талас аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары және аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы қызметіне Қазақстан Компартиясы орталық комитетінен бекуге барған едік. Ол кезде талап солай. Содан бізді қабылдауға тиіс кісіні күтіп тұрғанбыз. Дінмұхамед Ахметұлы келе қалды. Сол кезде қырық жастың төңірегіндегі жігіттер едік. Әр аймақ, әр облыстан келіп тұрмыз. Бәрімізге қол беріп амандасты. «Бұл жігіттердің бәрі қызметке келіп тұр ғой», деп сұрап жатыр. Менің Талас ауданынан екенімді естігенде жаныма біраз аялдап, ақырын: «Ел қалай? Туыстар қалай?» деп сұрады. Жүрегім бір жақсылықты сезіп, ішім жылып сала берді. Қонаевтан артық кімнің қолдауы керек. Содан бізді ешкім де қабылдаған жоқ. Бәріміз сол қызметтерге бекіп шықтық. Бұл да Димекеңнің шапағаты, жүрегінің жылуы еді. Кейіннен 1986 жылы желтоқсан айында қызметінен кетті. Жанымыз ауырып жүрді. Алыстан тілеулес болғаннан басқа дәрменіміз жоқ болды.
Содан 1992 жыл келді. Ол кезде Ералы Дадабаев Талас ауданының әкімі, мен ауыл шаруашылығы жөніндегі бірінші орынбасарымын. Сол жылы жауын-шашын мол болып, дала «жасыл кілемге» оранып тұрған. Біздің аудан мал төлдетуден облыс бойынша бірінші орынға шықты. Құдай беріп тұрған жыл болды. Әрине, сол жылы Димекең 80 жасқа толған еді. Аудан басшысы Ералы Дадабаевтың ойға алған жоспары бар екен. Аудандық малшылар слетін өткізуді жоспарладық. Аудан басшысы мамыр айының басында ауданның беделді ақсақалдарын, аудан активін, кеңшар директорларын жинап, ақылдасты. Әңгіме – Дінмұхамед Қонаевты елге шақыру туралы. Ақылдасу деген аты ғана. Ералы Дадабаев өзі сөйледі, өзі шешті, өзі тапсырма берді. Маған бұрылып: «Әй, Есенаман, Димекеңді шақыруға сен барасың. Сенің қызметтік көлігің жаңа ғой. Менде жоқ көлік сенде бар. Ақсақалдардан Әбілқайыр Сатыбалдин мен Сейілбек Әбдиев барады. Екі көкеңді жақсылап апарып кел», деп нықтады. Аудандық кеңес төрағасы Әбдірахман Әбдірәсіловке: «Сен шақыру хатын жаз. Димекеңе де, Мырзатай Жолдасбековке де жаз. Жақсылап жаз Әбдірахман», деп шегелеп тапсырды.
Содан Әбілқайыр, Сейілбек көкелерімді жайлы машинаға отырғызып, 3 мамыр күні кештетіп, Алматы қаласына жеттік. Қонақүйге жайғастық. Ертеңіне таңертең сағат тоғызда сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтің қабылдауында болып, хатты тапсырып, аудан әкімінің сәлемін жеткіздік. «Шақыруларыңыз жақсы. Ризамын. Бірақ шұғыл тапсырмалар бар. Мен сіздер айтқан күнге босай алмаймын. Ералы Дадабаевқа өзім шығып сөйлесемін. Сіздер қазір Димекеңнің үйіне барамын дедіңіздер. Менің қызметтік көлігіммен барыңыздар. Көмекшісі Серік Әбдірайымовқа хабарлап, айтып қоямын. Сіздер қайтқанша тағы да хабарласамын», деп Мырзатай ағамыз жылы жүзбен шығарып салды.
Содан Димекең тұратын үйдің ауласынан кірдік. Дінмұхамед Ахметұлы да өз есігінің алдында көліктен түсіп жатыр екен. Күн жұма болатын. Зухра жеңгейге Құран бағыштап қайтқан беті екен. Димекең Сейілбек Әбдиев пен Әбілқайыр Сатыбалдинді бірден таныды. Құшақ айқастырып, ықыласпен амандасып жатыр. Үйіне кірдік. Өзі ғана екен. Мен ертіп барған екі қариямен ұзақ әңгімелесіп, қуанып, жадырап қалды. 1973 жылы Димекең Талас ауданына келгенде Бөлтірік Әлменұлы бабаның басына елеусіз ғана барып, Құран бағыштап қайтқан екен. Сол кезде «Бостандық» кеңшарының директоры болып жүрген Сейілбек Әбдиев үлкен кісіні дастархан жайып, күтеді. Арада 20 жыл өтсе де сол құрметті Димекең ұмытпаған екен. Біздің шақыруымызды қабыл алды. Қатты қуанды. «Мен барамын. Атамекенге, ағайынға қалай бармаймын. Ол жаққа бармағалы алты жыл болып қалыпты. Барамын», деп толқыды. Естелікке суретке түстік. Димекең: «Қызметшілерді рұхсат беріп, ертерек қайтарып едім. Сіздерге дәм бере алмайтын болдым-ау» деп қиналды. Дегенмен, жайылып тұрған дастарханнан дәм таттық. Димекеңді елге шақыру сапарымыз осылай сәтті жүзеге асты.
Ауданға келген соң Ералы Дадабаев бәрімізді қайтадан жинап, ақылдасты. «Үлкен кісіні қалай қарсы аламыз, қайда апарамыз, не сыйлаймыз?» деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Әркім түрлі ұсыныстар айтты. Автокөлік мінгізейік, ат мінгізейік дегендер де болды. Дегенмен, соңғы сөзді аудан басшысы өзі айтып: «Ұсыныстарыңыз дұрыс. Дегенмен, көлік те, жылқы да мінгізуге болады. Бірақ, осы жолы дабырлатпай қасқыр ішік пен түлкі тымақты сыйға тартсақ» деген байламын жеткізді. Солай болатын болды. Аудан әкімі қасқыр ішік пен түлкі тымақты тіктіріп дайындауды маған тапсырып, «Есенаман, қасқыр ішік үлкен кісіге дәл сыятын болсын» деп шегеледі. Үйінен бір үлкен қасқырдың терісін алдырып берді. Бұл әңгімені Қосатбек деген қария естіген екен. Маған келіп: «Сен қасқырдың қасқыры барын білесің бе? Менде таудың арлан қасқырының терісі бар», деп ол қасқырдың терісін әкеп берді. Содан «Менің терімді ал, менің терімді ал» деушілер көбейді. Димекеңе деген елдің шексіз ықыласы ғой бұл. Содан тапсырмаға кірісіп кеттім. Қызыләуіт ауылында Әбдіхалық деген қария бар еді. Көлікпен сол кісіні алдырдық. Сол кісінің денесіне өлшедік. Әбдіхалық қария: «Мен қайдан естеріңе түстім» деп риза болды. «Енді сізден үлкен денелі кім бар?» деп ол кісіні қуантып қойдық. Қосатбек қария: «Енді тері жететін болды. Тек жон арқасын қиып алып, содан тіктір» деп кеңес берді. Оны кім тігеді? Бұрын Жаңатұрмыс ауылында тұрған Назипа деген тігінші әпкеміз бар еді. Ол кісіге барып едік. «Димекең көкем үшін тігемін. Барымды саламын» деп қуанып кетті. Содан үлкен қасқыр ішік пен түлкі тымақ айтылған уақытта дайын болды. Ақкөлдегі қырға бірнеше киіз үй тігетін болдық. «Менің үйімді тігіңіздер» деген адамдар көбейіп кетті. Қырдағы орындарға киіз үйге орын жеткізе алмай қиналдық сонда. Міне, Димекеңе деген ел құрметі.
Дінмұхамед Ахметұлы 16 мамыр күні кешке келіп, аудан әкімі Ералы Дадабаевтың үйіне түсті. Ол кісінің үйінде Айтбай Назарбеков, Берден Байқошқаров, Сейілбек Әбдиев бастаған танымал қариялардың бәрі болды. Сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Еркінбек Солтыбаев, Сарысу ауданының әкімі Әбдіманап Көпбергенов те осы тарихи жиынға куә болды. Ералы Дадабаев барлық қонақтарды таныстырып өтті. Менің тұсыма келгенде: «Ералы-ау, мен осы жиынға осы азаматтың шақыруымен келіп тұр емеспін бе?» деп әзілдеп қойды. Димекең өзі жиынды басқарып, еркін сөйлеп, рахаттанып отырды. Қасындағы қадірлі ақсақалдар Айтбай мен Сейілбекке жиі бұрылып, өткен шақтардағы жарқын сәттері еске алып отырды. Елдің жайы, жердің жайы сөз болды. Тарихи әңгімелер өте көп айтылды. Мен Димекеңнің тарихты көп білетініне таңдандым. Қандай әңгіме айтылса да, қандай тұлғалар жайлы сөз болса да қосылып, олар жайлы кеңінен ой қозғады. Міне, үлкен кісі келген кеш осылай өтті. Артық сөз, өсек-аяң айтылған жоқ.
Ертеңіне қырда аудандық малшылар слеті өтті. Дінмұхамед Қонаев ел алдында толғана сөйледі. Димекеңе аудан басшысы қасқыр ішік пен түлкі тымақты сыйға тартты. Слеттің ресми ашылуынан кейін көкпар, ат бәйге, құнан бәйге, қазақша күрес, теңге ілу барлық ұлттық спорттық шаралар өтті. Үлкен кісі барлық іс-шараны асықпай, жайланып отырып көрді. Әр кеңшардан келген үлкен ақсақалдармен шын пейілімен, қуанып амандасты. Емен-жарқын сөйлесті. Сол кезде Димекеңнің алдында бірнеше әнші ән салды. Солардың қатарында бұл күнде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған Бақыт Шағырбаев та бар. Бақыт Шағырбаев қазіргі таңда да Димекеңе арналған әндерді әр жиында жүректі шымырлатып айтып жүр.
Түс қайта Дінмұхамед Ахметұлы Ойыққа қарай бет алды. Жолда Кеңсайға аялдады. Кеңсайдағы қырда үлкен тастың үстінде отырып, арғы етектегі жайлаудың бәрін көріп, қуанды. «Міне, береке деген осы. Атамекенім осы. Өссін, өнсін» деп толғанып отырды. Қазір Ойық ауылының азаматтары ол жерге асфальт төсетіп, ескерткіш орнатып қойған. Қадірлі Қонаев ақсақал отырған тасты да ерекшелеп белгілепті. Мен әрі-бері өткен сайын сол тасқа отырып, ойға берілемін. Сол Димеңнің өзімен кездесіп, сырласқандай күй кешемін.
Ойық ауылына барып, Бөлтірік бабаның басына Құран бағыштады. Сол кезде аудан басшылары біздерге қарап: «Бөлтірік бабаның басына кесене орнату керек. Не істеп жатсыздар?» деп сұрады. Біз сол кезден бұл шаруа жөнінде ойланып қалдық. Арада төрт жыл өткенде Бөлтірік баба кесенесі тұрғызылып, үлкен ас берілді. Ол кезде аудан әкімі Балтабай Бекежанов болатын.
Ол кісі содан соң Жуалы ауданы арқылы Шымкентті басып өтіп, Ташкент қаласына шығып кеткені белгілі. Айтпақшы, Таластан кетер сәтінде бір оңашада: «Көке, сізге үйімнен дәм бере алмадым. Келініңіз әбден сөкті. Рұқсат етсеңіз күзге қарай сізге арнайы дәм алып барайын» деп өтіндім. Үлкен кісі: «Әй, Есенаман-ай, рұқсат. Анау Серік Әбдірайымұлы – досың екен. Байқаймын, әңгімелерің жарасып, жұптарың жазылған жоқ. Сол Серікке айт. Өзі ұйымдастырады», деп тілегімді қабыл алды.
Содан аталған жылдың қыркүйек айының ортасына қарай қасыма жұбайым мен Әсет құдағиымды, Балтабай Бекежановты , Алматыдан Амантай Біртановты ертіп алып, Димекеңнің үйіне дәм алып бардым. Үлкен кісі қуана қарсы алды. Бәрімізбен жақсы әңгімелесіп, қуанды. Сол кезде Олжас Сүлейменов Дінмұхамед Ахметұлына қоңырау шалып қалды. Сонда Димекең: «Әй, Олжас уақытың болса үйге келсеңші. Үйге ауылдың дәмі келді. Оны сен қайдан біле қоясың. Сенің сезбейтінің жоқ осы», деп қуанышын жасыра алмады. Оны біз ауылға, атамекенге деген құрметі деп ұғындық.
Арада екі ай өткенде Алматыда бір айлық курста жүр едім. Жанымдағы әр облыстан келген әріптес азаматтар жағдайды естіп алып: «Біз де Димекеңе сәлем берсек», деп өтініп қоймайды. Серік Әбдірайымұлына қоңырау шалып, әлгі кісілерді де он бес-жиырма минутқа Димекеңнің үйіне кіргізіп, сөйлестіріп шыққаным да – қазір естелік.
1993 жылы Дінмұхамед Қонаев өмірден озғанда да аудан әкімі Ералы Дадабаев бастаған азаматтар барып, топырақ салып, жақындарына, барша ел-жұртқа көңіл айтып қайттық. Үлкен кісімен қоштасу бәрімізге де ауыр соқты.
Димекеңе біз жапқан қасқыр ішік біраз уақыт Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың музейінде тұрды. Барған сайын қарап кетуші едім. Бір барғанымда кішкене күтімсіз болып қалғанын байқадым. Жаным ауырды.
Міне, мен білетін, мен көзіммен көрген естелік осы. Кейіннен 2002 жылы Батырбек Құлекеев аудан әкімі болып тұрғанда Ақкөлде Дінмұхамед Қонаевтың 90 жылдығы өтті. Оған сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов қатысты. Димекеңнің ескерткіші ашылды. Ол кісінің 100, 110 жылдық мерейтойлары да жоғары деңгейде өтті. Алматы облысында үлкен қаланың аты Қонаевтың атына берілді. Елімізде Дінмұхамед атты балалардың саны артты.
Сондықтан да Дінмұхамед Қонаевтың есімі әр жүректе жаңғырып, құрметпен атала беретіні анық.
Есенаман БЕЙСЕУОВ,
«Құрмет» орденінің иегері, Талас ауданының Құрметті азаматы.