Ауылды өркендетуге айрықша назар аударылуда
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков облысқа іссапармен келіп, бірқатар нысандарды аралап, жиындарға қатысты.
Төлеутай Рахымбеков алдымен Жуалы ауданы, Билікөл ауылында жазғы демалыс лагері тынығушыларының арасында өткен «Ауыл» партиясының кубогы үшін кіші футбол турниріне қатысты. Жарысты «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұйымдастырған болатын.
Спорттық сайыстың ашылу салтанатында партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков сөз алып, жасөспірім балаларға білім, ғылыммен бірге спортты қатар меңгеру – азаматтың тұлға болып қалыптасуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Қазіргі уақытта соңғы статистика бойынша елімізде 7 миллионға жуық тұрғын спортпен жүйелі шұғылданып келеді. Бұл халқымыздың 35 пайызын құрайды. Оның үштен бірі ауылдық жерлерде тұратын азаматтар. Біз еліміздің ауыл-аймағын кешенді түрде дамыту бағытында еңбек етіп, оның ішінде спорттық нысандардың бой көтеруі, жақсы жаттықтырушылардың ауылды жерлерде көптеп қызмет жасауы секілді мәселелерді көтеріп келеміз. Елді мекендердегі жастардың спортқа деген ынта-жігері мол, әрі қабілеттерінің де зор екені қатты қуантады, – деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі партия төрағасының орынбасары.
Ал партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов мұндай бағыттағы іс-шараларды үнемі ұйымдастырып, жастарды спортқа баулу ісіне үлкен көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етті.
– Біз партия филиалының бастамасымен соңғы жеті жыл көлемінде облыстың барлық аудандарында спорттық сайыстарды жиі жасап жүрміз. Қатысушылар да жыл сайын артып келеді. Мемлекеттің бұқаралық спортты дамыту бағытын қолдай отырып, мұндай жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Ерболат Байұзақұлы.
Жалпы турнирге 10-нан аса команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаз атанған команда мен жүлдегерлерге кубок және медальдар беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар партия төрағасының орынбасары, филиал қызметкерлері, белсенділері мен партия тізімімен сайланған мәслихат депутаттары Жуалы ауданында әлеуеті төмен деп танылған ауыл тұрғындарымен кездесіп, сол елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының және инженерлік инфрақұрылымының ағымдағы жағдайына кешенді мониторинг жүргізді. Жиын барысында «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары Төлеутай Сатайұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасында қарастырылған реформалардың саяси-экономикалық тұстарын түсіндіріп, партия бағдарламасының басты бағыттарын айтты.
«Ауыл» партиясының «Жаңа Қазақстанға жаңа ауыл» жобасы 2022 жылдың мамыр айында басталған еді. Жыл соңына дейін созылатын кешенді шаралар партия мүшелерінің, депутаттары мен меценаттарының арнайы жобаларын ұйымдастыруды көздейді және республиканың барлық аймақтарында ұйымдастырылатын болады. Оның басты мақсаты – ауылды аймақтарды дамытудың тың модельдерін іске асырып, Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту бойынша жасаған бастамаларына партия тарапынан үн қосып, қолдау көрсету.
Бұл тек мемлекеттің ғана емес, көпшілік болып атқаратын маңызды әрі жауапты іс. Осы ретте «Ауыл» партиясы еліміздің әр аймағында осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды қолға ала бермек.
«Aq jol»-Aqparat».