Ауылдықтар реформалардың жедел жүзеге асырылуын қалайды
Өткен аптаның соңында облыс қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде Есіл ауданында болып, аудан орталығында азаматтарды қабылдадым, Бұлақ ауылдық округінде тұрғындармен кездестім. Қабылдауға келген Есіл аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрболат Жәукенов жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері үшін оқулар, семинарлар, тәжірибе алмасулар ұйымдастыру қажеттігін айтты. Сол сияқты аудандық қоғамдық кеңестердің хатшыларына еңбекақы төлеу мәселесі де қозғалды. Айтса айтқандай, басқа аудандарда да осы мәселенің аяғы әлі жерге тиген жоқ. Бұл енді әкімдіктер, қаржы органдары шешетін мәселе. Неге соншалықты созбаққа салынып жатқанына менің де таңым бар.
Бұлақ ауылында бұған дейін де талай рет болған едім. Шаруа уақыты ғой, жиналған халықтың қарасы аздау көрінсе де, әңгіме бірден қызып жүре берді. Мұндағылар билікке де, қоғамдық кеңесіңе де аса сене қоймайтын сияқты. «Реформалардың нәтижесін қашан көреміз? Жергілікті жерлерде Жаңа қазақстанды құруға құлшынып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүргендер аз. Әлі де сөз көп, іс шамалы. Жоғары жақтағылар да батылырақ қимылдаулары керек. Жартыкеш шешімдермен алысқа бармаймыз!» деп салды белсенділер.
Енді біреуі: «Біз таза қазақ ауылында тұрамыз, әлі мектеп табалдырығынан аттамаған балаларымыз орысша шүлдірлейді. Бәрі теледидардағылардың кесірі, таңертеңнен кешке дейін орыс тіліндегі мультфильмдерді көрсете береді. Қазақ тілінде неге шығармайды? Жалпы бізге басқа тілдегі дүниелердің не қажеті бар, шетеелдік арналарды жабу керек. Қалай ел боламыз?» деп қынжылды.
«Ұзақ жылдар бойы қордаланған проблемалар бір күнде, бір жылда шешілмейді, шыдаңыздар, бәрі орнына келеді» деп көңілдеріндегі күдіктерін сейілтуге қанша тырысып бақсам да, тізгін тартқан бірі жоқ. Министрлердің, үлкенді-кішілі әкімдердің, «Amanat» партиясы мүшелерінің атына сын қарша борады. Өз басым ауыл тұрғындарының «тілі шыға» бастағанына қуандым. Соған қарағанда, «қонышынан бассам, өз етігім» деп осыған дейін халықтан өзін жоғары қойып, тайраңдаған талайлардың айылдарын жиятын уақыты жақындаған сияқты. Жарасқан Сүлейменовтың фб парақшасынан