Ауылдың айтқыштары

Қамытым қадірлі еді

Кеңес заманы. Мырзаболат деген шопан кісінің шөп тасуға жегетін пар өгізі аузы ашық қалған жайпақ құдыққа түсіп кетіпті. Терең құдықтың дәл ортасына кептеліп қалған қос өгізді шығарып алудың еш ретін таппай қиналған көпшілік, «қап, қос атан өгіз ит жеместе арам өлді ау» деп өкініш білдіріпті. Сонда мал иесі Мырзаекең, «өгіздерді қойыңдаршы, қамытым қадірлі» еді деген екен.

Несиеге алынған бесік

Біреу Астанада толып жатқан Банктердің бірінен несие алыпты. Алған қаржыны қайда жұмсайсың дегендерге «балама бесік алуға» депті әлгі кісі.  Арада жиырма жыл өтеді. Күндердің күнінде банкке бір жас жігіт келіп «әкем сіздерге қарыз екен» деп ізетпен сәлем беріпті. Ол қайдағы қарыз деп отырғандар шу ете қалады.

— Әкем сіздерден несиеге бесік алған екен.

-ИӘ

-Соны төлеуге келдім!

Шежіреші қария туралы бірер сөз

Сапар Бердіғожин ақсақал жайлы көп әңгіме айтуға болады. Торғай атырабындағы құйма құлақ, шешіреші, әзіл сөзге тапқыр қарияны көпшілік әркез құрмет тұтады. Қуақы мінезімен елге танымал бұл кісінің ел арасында «Сапекеңнің айтқандары» деген әзіл әңгімелері желдей есіп жүр. Кей әңгімелері атақты Мюнхаузеннің өзін далада қалдырады. Қиялы ұшқыр, қазақы қалжыңы өткір, тапқыр сөзге шешен қарияның бірсыдырғы әңгімелерін желге ұшырмай жинақтап, қағаз бетіне түсіріп отырмыз.

Туғанын білетін адам

«Мен туғанымды білемін. Жамбасым жерге тигенде шар ете қалғаным есімде. Кейін ойлап отырсам елең-алаң шамасында дүниеге келіппін. Көзімді ашып қарасам терезеден түскен сүт- сәуле шегіншектеп барады екен. Аяқ жақта сақинаға таласқан кемпір- сампырлардың дауысы естіледі. Көзімді қайта жұма қойдым. Одан кейінгі оқиғалардың бірі есімде жоқ» депті Сапекең.

Атқа салмақ салмайтын адам

Ауылдан салт атпен желдіртіп, шоқытып отырып кеңшарға жеткен қалың шоғыр, аттарын суытпақ ниетпен кермеге байлайды. Қонақтарды күтіп алған үй иесі, бусанған аттарға қарап тұрып, мына ат әлі тың ғой деп Сапакеңнің ала атына таңданыпты. Сонда Сапекең жұлып алғандай:- «Мен мінген аттардың бәрі осындай болады. Себебі мен атқа салмақ салмай отырамын» деген екен.

Киевтің түйе балуаны

Украйнада службада жүрген кезім. Ауылдан келген сарыауыз қазақтың қара баласының бірімін. Маңайдың бәрі таңсық.  Жалындаған жастықтың желігі бойымда тулайды. Бұла күшім бойға сыймай жүргені өз алдына. Тұлғалы, аяқ қолы балғадай жігіттің  бірімін.  Бізге ол кезде сарының бәрі орыс.  Соғыстан  кейінгі жылдардағы тәртіп керемет еді ғой. Оның қайсы бірін айтып тауысарсың. Келгеніме алты айдың шамасы болған мезгілде бір қызық оқиға болды. Дүңкиген сиырдың жарты етіндей сержант топ солдаттың ортасында беліне дейін жалаңаштанып алып қарсы келгендерді топырлатып жығып жатыр. Өзіне сенімді неме болса керек, сақ-сақ күліп қоятынын қайтерсің. Топқа түсіп көрмесемде намысым оянып ыза болып мен тұрмын. Әлгінің тұздай көзі бір кезде маған түсіп өзіне шақырмасы барма? Әй мұндай ызам келмес. Ия, аруақ деп атып шықтым. Ұстаса кеттік. Байқаймын қарулы неме екен. Еңсеріп барады. Енді болмаса үйіріп соқпақ. Нар тәуекел деп қырқа шалдым. Әлгі неме өкіріп барып құлады. Басынан аттап жүр бердім. Кейін сұрастыра келсем әлгі сержантым Киевтің түйе палуаны болып шықты. Апырай қазір жұрт ауданнан жүлде алса мақтанады. Мен жүрмін ғой Киевтің түйе палуаны болсамда ешкімге тіс жармай деп қоятын арагідік.

Әйелінің шілдеханасында ән айтқан адам

Сапар Бердіғожин туралы алдыңғы сандарда айтқан болатынбыз. Сол кісі  бірде,  «мына кемпірім туғанда шілдеханасында ән айтқам» деп отырғандарды айран асыр қылыпты.

— «Қалайша» деп жиналғандар шу ете қалады.

— «Әжелерің менен он жасы кіші ғой. Бір күні әкеме еріп жолға шықтым. Он жасар баламын. Күн ұясына қонғанда бір ауылға келіп қондық. Ауылда шілдехана болып жатыр екен. Көлденең көк атты деп бізді жақсы қарсы алды.  Сол түні шабытым оянып  домбыраны ешкімге бермей таң атқанша ән айтпасым бар ма? Негізі менде көріпкелдік бар. Түбінде өзімнің әйелім болатынын ішкі түйсігім сездірсе  керек деген екен.

«Таған порымдас жігіт»

Ақпан айының іші болса керек. Сапекеңнің ауылдас бір інісі семіз сиырын сойып қалаға етін сатуға кетеді. Ай өтеді хабар жоқ. Ауыл үйдің ішінде әртүрлі алып қашты әңгіме өрбиді. Есі дұрыс адам қыстың көзі қырауда мал жанын тастап, хабар ошарсыз кете ме? Өзі аман болса жарар еді депті ауылдастары күдікке бой алдырып. Сонда Сапекең «қамықпай ақ қойыңдар. Ол өзі таған порымдас адам ғой, Тағанмен бірге келіп қалар депті». Айтқандай ақ  көктемнің алғашқы жетісінде інісі аман есен оралыпты.

«Өлім жітім тыйылар»

Жолдастың көп қойынан қысқа үш қойы түсіпті. Әзіл қалжың сөзге шебер болсада, мал бағуға қырсыз екен жарықтық. Қонақ келсе алып ұрып соятын жомарттығы ел аузында күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып жүр. Сол  жылы қуаңшылық болып, қыс қырына алыпты халықты. «Көппен көрген ұлы той» деп Жолдаста, жан жұбатар әзілін көпшілікке азық етіп отыра беріпті. Қақаған қыстың бір күні әйелі, «Үш қойдың біреуі арам өлді» депті қынжылып. Сонда Жолдас: «Қатын ау, мал болғасын өледі дағы, дым болмаса нең өлер еді. Алланың бергеніне шүкір десеңші» деп жұбатыпты. Ертесіне сыртқа шығып келген әйелі: «тағы біреуі өліп жатыр» десе, Жолдас «жарайды неге ұнжырғаң түсіп кетті. Бәрі малмен кетсін, әйтеуір басымыз аман ғой» деп, айтып отырған әңгімесін жалғастыра беріпті. Арада бірнеше күн өткенде әйелі соңғы қойдың өліп қалғанын жеткізіпті. Мұны естіген Жолдас «әй, қатын қамықпа, осымен мал арасындағы өлім жітім тыйылар» деген екен.

«Товарищ» екеуміз ғана жеттік

Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кез. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өліп» жатқан уақыт. Не нәрсеніде астарлап айтатын Жолдас «Менде арман жоқ» депті бір әңгімесінде отырғандарды елең еткізіп. «Армансыз адам болмайды. Сенде айтады екенсің» депті топтың ішіндегі біреу. Сонда Жолдас «Сталиннің бірде алдында, бірде артында жүру кімнің қолынан келеді. Ондай деңгейге «Товарищ» екеуміз ғана жеттік» деген екен.

Крупскаяға көйлек кигізген

Өмірімде бір ақ рет қатты ұялдым депті Жолдас ауылдастарына. «Бірде Москваның көшесінде келе жатып Ильичтің жесірі Крупскаяға кездесіп қалдым. Владимир қайтқалы көрмеп едім, ыңғайсызданып, танымаған болып өтіп кетпек болғанымда жеңімнен ұстай алды. «Әй, ұл ай, ағаң қайтқалы үйге бір кіріп шығуға жарамадың ау. Жеңгеңді жан деп есіркемедің, қайтейін үйге кіріп шай ішіп кет» деп қарап тұр. Бетімнің оты шықты. Сасқанымнан жақын маңдағы дүкеннен бір көйлектік мата алып  қолына ұстатып жібердім» деген екен.

 «Любой Банк»

            Астанада бір оралман құжаттарын дайындамақ болып паспорт столына барыпты. Құжаттарын ретке келтірген қазақтың бойжеткені «Аға, мына квитанцияны Банкке апарып төлеп келіңіз» дейді. «Қандай Банкке қарындасым» дейді оралман. «Любой Банкке» дейді әлгі қыз. Оралман шығып кетеді. Бір аптадан соң қайта оралған әлгі адам «Любой» деген Банкті таба алмадым» деген екен.

Рахмет, ұлдарына Қалидың

Жанынан өлең шығарып айтатын ақындығы бар Жұмаділ Қалиев деген кісі, заман астан-кестен болып, малдың бәрі жекешелендіріліп жатқан жылдары бауырларының басын қосып, совхоздан төрт түлік мал алып вермерлікке шығады. Ауылдың іргесіндегі «Естек» деген жерді таңдап қыстақ етеді. Алты ай жаз еңбектеніп, малдың қыстық жем-шөбін даярлап алғасын, арық тұраққа деп үш-төрт тонна таза бидайды қораның алдына төктіреді. Інілеріне ысырап қылмай, жауын шашынға ұрындырмай қоймаға кіргізіп алыңдар деп тапсырма беріп, өзі басқа шаруаларымен кете барады. Күн аралатып оралған Жүкең, бидайдың ашық-шашық қалғанын, құжынай қонған торғайлардың мәре-сәре болып жатқанын көріп қанша ашулансада сабыр сақтап, інілерін қасына шақырып алыпты.

-«Анау бидайдың үстінде асыр салып, шықылықтап жүрген торғайлардың не деп «әндетіп» жүргендерін білесіңдер ме» деп сұрайды олардан.

«Жоға, білмейміз» депті қысылған інілері.

Онда тыңдаңдар дейді Жүкең.

-«Ауласында болып едім әр үйдің,

Естекке кеп жемге тойып шәнидім.

Осыншама сый құрмет көрсеткен,

Рахмет, ұлдарына Қалидың» деп шулап жатыр деген екен.

«Қоян құйрық жалғамайды»

Ауылымызда тілі удай ашщы Файаз деген татар тұрды. Жарықтықтың қолы «алтын» еді. Задыкерей деген ағам ауылдың опыравы болды. Қылжақпас, әзілқой, сөзге тоқтай білетін кісі еді. Қардың көбесі қалай сөгілді, солай шөп науқанына дайындық басталатын кез. Қыстай үкіметке «керегі» болмай, әр үйдің бұзылып қалған теледидарын, тоңазытқышын, басқада кәкір-шүкірлерін жөндеп нәпақа табатын Файазды, көктем шыға «ұмытып» кеткен басшылар естеріне түсіріп іздей бастайтын әдеті. Соны білетін Файазда кергіп, паңданып, жүре сөйлесетін олармен. Күндердің күнінде Задыкерей ағамның есіне түсіп, оны арнайы іздеп келіпті. «Файаз»,- дейді жалынышты үнмен, «бізге қайрақшы өте қажет болып жатыр, ертең жұмысқа шық».

-«Ертең еліме, Татарстанға жүргелі жатырмын» дейді Файаз, «басқа адам іздегендерің жөн болар».

— «Ей, сен қазақтың, «қоян терісі бір жылға шыдайды» деген мақалын естімеп пе едің»- дейді ағам ашуланып. «Бір жылға шыда».