Ауылдың баласымын (поэзия)

Сайтымыздың «Поэзия» айдарынан ақындарымыздың өлеңдерімен таныса аласыздар. Алғашқы болып  назарларыңызға ақын, журналист Нағашыбай Қабылбектің өлеңдерін ұсынып отырмыз. 

АУЫЛДЫҢ БАЛАСЫМЫН

Ауылдың баласымын – қырға ғашық,

Құмға ғашық, әдемі жырға ғашық,

Түлкінің құйрығындай бұлаңдаған,

Қашаған – жол барады қырдан асып.

Ауылдың баласымын – гүлге ғашық,

Күнге ғашық, сыр бүккен түнге ғашық,

Суретші – табиғат сан бояумен,

Жатыр, әне, даланың көркін ашып.

Ауылдың баласымын – айға ғашық,

Таңға ғашық, тербеткен ойға ғашық,

Қып-қызыл боп ұялған, күн – келіншек,

Жатыр, әне, қырқамен аймаласып.

Ауылдың баласымын – жерге ғашық,

Желге ғашық, ақ пейіл елге ғашық,

Бұлттың өзі өтеді бұл далаға,

Сағынышын жаңбыр қып, мауқын басып.

Ауылдың баласымын – далалықпын,

Кең, жомарт, мәрт мінезден – жаралыппын,

Ойына келе бермес қалалықтың,

Сырын ұқтым даладан – даналықтың!!!

 

ҚАРАША АУЫЛ – ҚАРА ШАЛ

Қара бұлттың – қара тай,

Қара тері моншақтап.

Қара сирақ – қарағай,

Қарап тұрды тайсақтап.

Қара жартас бетінде,

Қара тамшы секіріп.

Қара табын өтінде,

Қара Бұқа өкіріп.

Қара суда домалақ,

Қара балық құтырып.

Қара талды паналап,

Қарабай жүр күтініп.

Қара қазан  қайнаған,

Қара кемпір алаң боп,

Қара жолға қараған,

Қарайғанды балам деп.

Қара басын күйттеген,

Қара төбет қыңсылап.

Қара қырды көктеген,

Қара нөсер тұр сынап.

Қарашыл Ат секілді,

Қарайғанға қырындап.

Қара дауыл  жегілді,

Қара бұлтты мойындап.

Қара ескегін сүзеген,

Қара дауыл есіп жүр,

Қара бала тізеден,

Қара қақты кешіп жүр.

Қараша ауыл, қара шал,

Қора айналған бүкжектеп.

Қара құмда – қара жол,

Қара жидек бүршіктеп.

Қарауытқан қара аспан,

Қара тулақ күйге енген.

Қара батпақ жабысқан,

Қара қайыс иленген.

Қараша қаз жолымен,

Қара түтін будақтап.

Қарайды аспан, қолымен,

Қара бұлтты салмақтап.

Қара бұлттан ықпаған,

Қара бұйра бөктердің,

Қара төсін қақтаған,

Қара желі көктемнің.

 

ЖІГІТТІ ҚАЙРАУ

Бас бермеген арыныңды,

Ауыздықтап алу үшін күш керек,

Жалыны бар азаматқа,

Керек сосын үш тірек!

Ақыл – қалқан, төзім – көбе,

Қайсарлығы – найзасы,

Жігіт батыр сол найзасын

Жауға салса үшкірлеп,

Бірақ, бірақ,

Қызға деген – махаббаттан есті алған,

Елге деген махаббаттың

От – жалыны күштірек!

Шаңырағың – туған елің,

Туырлығың – берген тәлім – өнеге,

Адам – уық шаншылатын,

Отан – панаң, кереге.

Тілің – ұстаз, Дін – тазалық,

Ұят – адал серігің,

Мұның бәрі қақ секілді,

Сіңу керек денеңе.

Мұның бәрі бойға сіңсе

Қыз сенімін ақтарсың,

Бірақ, бірақ,

Ел сенімін ақтау қолдан келе ме?!

Дұшпаныңды қаймықтырып,

Еркін шығып тұру үшін тынысың,

Қайсар қолдан түспеу керек,

Намыс дейтін – қылышың.

Отаның мен сүйгеніңді,

Жат қолына қалдырып,

Қорқақ болып бас сауғалап,

Кешкен ғұмыр құрысын!

«Махаббаттың құлы» дейді

Егер өлсең, қыз үшін.

«Нар халықтың ұлы!» дейді,

Егер өлсең, ел үшін!!!

 

ЖАҚСЫ АДАМДАР

Үміт – баған құласа тірек қылған,

Кетер еді тіршілік жүдеп мұңнан,

Шаңырағы өмірдің шайқалар ед,

Жақсы адамдар болмаса тіреп тұрған.

Тауқыметпен сұрапыл алысқанда,

Көмек әсте келмейді ғарыштан да,

Кіріптар боп ақ жүрек  жақсы адамдар

Жүреді ылғи біреудің қол астында.

Сенеді ғой бәріне балаша аңғал,

Көрінуді қаламай топта заңғар,

Қызықтан да кеш қалып, атақ – бидің

Сарқытын жеп жүреді  жақсы адамдар.

Адал жандар сүрініп, құлай берген,

Бейнет жерде қалмайды құдай көрген,

Қиналғанға қарасқан жақсы адамдар,

Сендер – мынау өмірге шырай берген.

Кедергілер, тұрса да қажап сындар,

Мүжілмеген тұлғалар,  ғажапсыңдар!

Неге екенін кім білсін, ей, жақсылар,

Ат төбелі секілді аз-ақсыңдар.

 

ЕРЕЙМЕНГЕ САПАР

 «Ерейменнің имек тұмсық таулары,

Желге қарсы ұшатұғын бүркіттей…»

                                             С.Мәуленов.

 

Аспан – перде дірілдеп,

Көкжиегі мұнартқан,

Қатпар – қатпар сілімдер

Түйе – сынды жүк артқан.

Ұстап желдің өтіне,

Суретші  қыз – әлем,

Жықпыл тастың бетіне

Бояу жаққан қынамен.

Таудан құлап жол – кебіс,

Кедір – бұдыр табаны,

Қарағайлар альпинист,

Тауға өрмелеп барады.

Құздан құлап өріске,

Тау жаңғыртып дүбірі,

Шұбатылған еңіске,

Бұлақ – тайдың шылбыры.

Қайта – қайта ойқастап,

Жету үшін бұлаққа,

Шашыраған қой – тастар,

Құлап жатыр суатқа.

Қос жотаны – қос өркеш,

Атайды екен Күншалған,

Таң сәріде қос теке,

Күнді сонда қарсы алған.

Ерте тұрып көргенде,

Төніп тұрар жаныштап,

Күн тағына мінгенде,

Кете барар алыстап.

Таудың ұшар басына

Ұя салған қыран – бұлт,

Таудың киік – тасына

Түспек болып жүр аңдып.

Қара күшін байқатып,

Жел – баһадүр,  ойда жүр,

Тас – қалқанды қаусатып,

Тесіп шыққан найза – гүл!

Сағым – қыздың алып тау,

Құшағына еніп бір,

Байланбаған шың – бұзау,

Сиыр – бұлтты еміп тұр!

Тауды көру арманы,

Қырдың ұлы келіп ем:

Ерейменнің таулары,

Шет – шегі жоқ керуен!

 

ӨМІР…

Балалықтың ауылында пана да көп,

Әке де көп, сенетін аға да көп,

Саяқ кетіп, бұл күнде адастым мен

Өмір дейтін беймәлім қалаға кеп.

Шарабына байлықтың қызып қалған,

Қашып жүрдім, соқтыққан бұзықтардан,

Өмір дейтін қалада аузымды ашып,

Үлкендердің күресін қызықтағам.

Көрдім сонда шындыққа мін артқанын,

Қырандарды торғайға сынатқанын,

Соңғы сәтте қиянат төреші боп,

Әлділерді  әлсіздің құлатқанын.

Елестерді ойдағы жырмен күштеп,

Қайтем енді олардың түрін түстеп,

Қиянатты көрсе де көрмеген боп,

Кей жақсылар тұрған – ды тілін тістеп.

Тоқтығыма риза шат көңілмен,

Келіп едім, барлығы жат көрінген,

Қиянаттың балтасы бір салғанда,

Үмітімнің емені қақ бөлінген.

Сонда ұққанмын өмірдің бір қатпарын,

Шешпек болғам өзімше жұмбақтарын,

Әділетсіз істерді көре тұра,

Құдайым – ау, сен неге, үн қатпадың?!

Мойынсұндым, байға да, айлаға да,

Бұлай жүріп  бақ табам  қайдан  ғана…

Көз алдымда сайқалдай құбылады

Мені өзіне телміртіп қойған қала…