Ауылға «коммунизмді» әкелген Нұрмолда туралы аңыз бен ақиқат

 

Биыл қазақ халқының мақтанышы, колхоз құрылысын алғаш ұйымдастырушылардың бірі, қоғам қайраткері, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері  Нұрмолда Алдабергеновтың  туғанына 110 жыл.  Өткен ғасырда ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, аты аңызға айналған  Нұрмолда ата  Алматы облысының Кербұлақ ауданы,  Малайсары шағын қыстағында 1906 жылы  дүниеге  келген.  Қаршадай күнінен бастап  еңбекке араласқан қазақтың қарапайым біртуар ұлы  бүкіл ғұмырын  туған жерін гүлдендіруге,  ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық  жағдайын жақсартуға  арнады.  Осы  алып тұлғаның  аңызға айналған жетістігі, шыққан биігі, қажырлы еңбегі  туралы   бүгін еске алудың сәті келген сияқты.  Ерекше топ жарған дарын иесінің  ауыл шаруашылығын дамытудағы  әдіс-тәсілін, үлгілі ісін насихаттау,  оны ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдыру үшін аз шаруа жасалған жоқ. Алайда  Нұрмолдадай  ұйымдастырушылық қабілеті  жоғары кемеңгер атаның  алған асу биігіне дәл қазірге шейін ешбір  адам  қол жеткізбеген шығар.

Тұрар Рысқұловтың сыйлығы

Өткен ғасырдың  қилы да қиын жылдарында  жетім қалған  Нұрмолданың  балалық шағы ауыр жағдайда өтеді.  Сол бір  кезеңде талай кедей-кепшіктің  ауыр тұрмысын 1927-1930 жылдары қарқынды жүргізілген Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы жеңілдеткені айдан анық.  Өйткені  кетпенмен салынған күре тамыр   құрылысына сол маңдағы мыңдаған адамдар тартылды. Әйтеуір күнкөріске нәпақа табылды. Солардың қатарында балаң жігіт Нұрмолда да бар еді.  Табиғатынан алғыр, еңбекқор Нұрмолда қалың жұртпен бірге теміржол құрылысына қатысып, бригадирлік сатыға көтерілген. Таңның атысы, күннің батысы  қара білектің күшімен  салынған сол теміржолдың қызығын әлі күнге шейін қалың ел көріп отыр.  Айнабұлақ  стансасында екі жақтан  салынып келе жатқан теміржол  1930 жылдың 28 сәуірі күні  түйісіп, салтанатты жиын өткізілген.   Осы жиынға сол кездегі   Ресей Федерациясының  Совнарком төрағасы  болып қызмет атқарған Тұрар  Рысқұлов қатысып,  қазақ елінің ертеңі, жарқын болашағы туралы  жалынды сөздерін қалың жұртқа арнаған екен.  Осындай  ғұлама адамның    қолынан  Нұрмолда да ерен еңбегі үшін арнайы сыйлық алған. Көкірегінде  көзі бар  балаң жігіттің   сол  құрылыста екінші  бір көрген  тұлғасы қазақтың тұңғыш теміржол инженері  Мұқаметжан Тынышбаев  болды.   Орта бойлы,  сөзі де ісі де байсалды қазақтың қараторы жігітінің  сол  тарихи құрылыста қызмет атқарған орыс инженерлерімен  білімділігінің арқасында терезесі тең екенін сырттай  байқап жүрді.  Көңілінде осындай халқының ұлына  деген бір сүйіспеншілік пайда болған. Кейіннен  Нұрекең  1938 жылы Мұқаметжан Тынышбаевтың атылып кеткенін естігенде қатты күйзеліп қалғанын біраз жолдас-жорасына айтқан көрінеді.

Қазақ даласына ерекше бір серпіліс әкеліп,  тіршілік жолы атанған  теміржол құрылысында   Нұрмолда өзі  сияқты  жастармен бірге жүріп, латын әрпінен  сауатын ашқан. Теміржол құрылысы аяқталған соң,  ата-бабасының кәсібі егін егіп, мал бағу үшін  1930-1933  жылдары  «Жаңа талап»  деп құрылған колхозда  колхозшы, соңынан  бригадир болып жұмыс істеген. Бұл колхозда небәрі  қырық түтін бар болса, жер көлемі 500 гектар ғана, оның 200 гектары ғана егін егуге жарамды екен.  Он төрт жылқы, үш түйе, екі арба,  жеті ағаш соқа, он ағаш тырма ғана болған көрінеді.

1936 жылы отыз жасында  еңбекқорлығымен  көзге түскен Нұрмолда  колхоз бастығы болып сайланған. Ол кезде  колхоз шаруаларының   қалт-құлт етіп  әрең  күн кешкенін  тарихтан жақсы білеміз. Нұрмолда алғашқы күннен-ақ   барлық  табыстың кілті қарапайым шаруаның қолында екенін жақсы түсініп, халықты еңбекке ынталандырып, соңынан ерте білді. Дені қолмен жасалатын тіршіліктің  ішінде  шаруа десе ішкен асын жерге қоятын  Нұрекең жүрді.  Бірнеше жылдың ішінде-ақ  еккен егіннен, өсірген малдан  әжептеуір  табыс тауып, колхозшылардың тұрмыс деңгейі түзеле бастаған. 1940 жылдың өзінде егілген қант қызылшасының әр гектарынан  орта есеппен 450 центнерден өнім жиналған. Бұл сол кездегі рекордтық көрсеткіш  еді.  Колхозшылардың  көңілінде ертеңгі күнге деген сенім пайда болып,   жаңаша өмір сүріп, еңбек етуге құлшыныстары ұлғайды. Бұл колхоздың орталығы  Шұбар  деп аталатын.

Алайда аяқ астынан батыста соғыс оты бұрқ етіп, ауылдың  азаматтары елдің шетіне келген жаумен соғысуға аттанды. Солардың қатарында   колхоздың бастығы Нұрмолда  Алдабергенов те   бар еді.   Төрт жылға созылған  қанды қырғыннан   жеңіспен аман-есен,  кеудесіне  орден-медаль тағып оралған ол өзінің үйреншікті кәсібіне қайта оралды. Ол  кісінің алдына қойған мақсатын орындауға асығатын тынымсыз жан екенін  барша  колхозшылар біледі.

Нұрмолда  атаның тағы бір  ерекше мінезі  — еңбек еткен колхозшыларды қатты сыйлап, мемлекет тарапынан берілетін наградаларға ұсынып, көтермелеп отыратын.  Бұл  колхозшыларды   адал еңбекке, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуге ынталандырды.  Ол жылдары қазіргідей дүрілдеген техниканың қара күші жоқ, барлық колхоздың шаруасы  адамның  қолымен атқарылатын. Әсіресе қант қызылшасын күтіп-баптаудың қиындығын көзіміз көрді. Арамшөбін жұлу, суғару ерте көктемнен сары күзге шейін толассыз жүргізілетін. Сонда ғана  ала жаздай аққан тер ақталатын. Жас баладан қартайған әжейге шейін қант қызылша алқабына   қолғабыс тигізетін. Міне, осы еңбекті ұйымдастыра білген  білгір басшының арқасында шаруашылық мол табысқа кенеліп,  экономикасы жақсарып,  колхозшылардың тұрмыстары түзеле бастады.    Қанды  соғыстың  зардабы арыла қоймаған 1948 жылы шаруашылықтың алты бірдей адамына  (оның қатарында Нұрмолда  Алдабергенов бар)  Социалистік Еңбек Ері абыройлы атағы берілуіне  жанқиярлық еңбекпен  қол жеткізген  жоғарғы көрсеткіштер себеп болды. 

Ауылды қалаға айналдырудың құпиясы

Ауыл шаруашылығы саласының  шебер көшбасшысы  атанған  Нұрмолда Алдабергенов   1950 жылы   бірнеше кішігірім шаруашылық біріктіріліп, ірілендірілген Сталин атындағы  колхоздың бастығы болып сайланды. Дарынды басшы  қысқа мерзім  ішінде    осы шаруашылықтың тасын өрге домалатты.  Колхоздың  бір жылғы табысы екі миллион сомнан астам болып, колхоз мүшелерінің кірісі  жылдан-жылға молая бастады.   Мұны көрген Нұрмолда  арман болған «коммунизмнің елесін»  ауылына  көрсетуге кірісті. Көше бойына қалай болса солай салына салған соқпа жер тамдардың  орнына жаңа еңселі шатырлы үйлер  салуды ұйымдастырды. Ол үшін  ауылдың құрылысының бас  жобасын өз қолымен сызды, көшесі,  ғимараттары, бау-бақшасы — бәрі-бәрі сол жобаның ішінде қамтылды.  Қазір ойлап отырсақ, ол кісі жақсы сәулетші, білгір  құрылысшы болған екен.  Көргендердің айтуынша,  үй мен үйдің арасын өзі адымдап өлшеп шығады екен.   Тіпті қай жылы қанша колхозшы  еңселі  үй салу керектігі де жоспарланған.  Арнайы құрылыс бригадалары құрылған.   Колхоздың қаражаты бар отбасыларына  «үйіңді өзің сал,  құрылыс материалдарын тауып береміз» десе,  қаражаттары жоқ   кедей  шаруаларға  колхоз қорынан несие бергізген.  Осы тәртіппен жүргізілген  жұмыстар өз нәтижесін беріп,  ауылдың келбеті жаңарды. Бұған қоса елді мекендерге бау-бақша егу жұмыстары қарқынды жүргізілді.  Сонау шет жақтан  жеміс ағаштарының көшеттерін өзі таңдап әкеліп, үйді-үйге үлестіріп беріп,  ауылдың жасыл желекке айналуына  тікелей ықпал еткен.

Жеке құрылыстармен қатар 150 киловаттық күші бар электр станциялары, толық механикаландырылған  сауын сиыр фермасы, мал қоралары,  астық қамбалары, екі қабатты орта мектеп, жиырма бес төсектік емхана, дәріхана, балабақша, сәбилер үйі,  әр бригадада клуб, наубайхана және т.б. құрылыстар жүргізілді.  Бұлардың барлығы колхоздың табысы есебінен салынғанын еске алсақ, 11 жыл  ішінде  маңдай терін төккен   Нұрмолдадай дара тұлға  халық армандаған «коммунизмнің елесі»  қандай болатынын көрсетті десек те болады. Халық ауызында «Шұбар» деп аталатын елді мекенді кейіннен ХХП партсьезд  атанған колхозды   гүлдендіріп қалаға айналдырды.  Бұл Жетісудің  кішігірім қалаға айналған колхозына  алыс-жақын шетелден, одан бері одақ көлемінен ат ізін  салмаған адам қалмады.  Атақты жазушылар, ақындар, көрнекі қоғам қайраткерлері  аз уақыттың ішінде телегей-теңіз табысқа қол жеткізіп, көрсеткіштері республика көлемінде көш бастаған, колхозшылардың тұрмыс деңгейі жақсарып кеткен шаруашылықты  көруге  құмар болды.  Оның себебі  мен құпия сырын білуге асықты.

— Мыңнан астам отбасы тұратын  ауылдың көшелерінің, алаңдарының, үйлерінің, бауларының көркемдігіне таласа алатын ауылдар мен селоларды Совет Одағында сирек кездестірдім. Қазақстанда да мұндай көрікті  ауыл жоқ. Көшелердің бойында  тізіліп тұрған, түгелімен  ағаштан қиылған, не кірпіштен қаланған көркем үйлердің, әсем ғимараттардың бәрі де жап-жасыл биік шынарлармен, қайыңдармен, қанаттарын кең жайған емендермен көмкерілген. Әр үйдің ауласындағы бауларда әртүрлі жемістер тұнып тұр! — деп  жазды сол жылдары   «Талмайтын тұлпар» деген мақаласында белгілі жазушы Сәбит Мұқанов.

Бұл  колхозда еңбек еткен  18 адамға ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атағы  беріліп, «Батырлар ауылы» деген жақсы есімге  ие болды. Олардың қатарында  Ақық Нұрманбетов, Әппақ Мүсәпіров, Саумал Ноғайбаева, Қайша Есболова, Асанбай Назарбаев  т.б. бар еді.  Оған қоса 350 адам Одақтың наградасымен, 98 колхозшы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталған.  Бұл  Нұратаның басшылығымен  колхоздың табысын еселеуге үлес қосқан аяулы жандар.

Ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен  рес-публика ғана емес, Одақ көлеміне белгілі болған  колхоз бастығы Нұрмолда Алдабергенов  1951 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат, 1958 жылы  СССР Жоғарғы Советіне депутат, 1960 жылы Қазақстан  ауылшаруашылық ғылым академиясының құрметті мүше корреспонденті болып сайланған.  Колхоз өндірісіндегі ерен еңбегі үшін  1958 жылы  Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын Жұлдызымен марапатталған.  Осы жылдар ішінде  Мысыр, Үндістан, Румыния және т.б. елдерді аралап қайтады.   Одаққа ғана емес, енді дүниежүзіне атағы жайыла бастаған, мәдениеті өрлеген, миллионер   колхоздың тыныс-тіршілігімен танысуға  туысқан елдерден, шетелдерден қонақтар ағылып келіп жатты.

Сол бір жылдардағы  баспасөз құралдары  «Нұрмолда басқарған колхоз 1950-1960 жылдардың арасында  мемлекетке берген өнімін есептесек, тапсырған жүннен екі миллионнан астам костюм тігуге болады екен. Өткізген қызылшасынан қант шығарса, 1600 вагонға жүк болады екен. Колхоздың  жылдық  табысы жаңа ақшамен миллиард сомға жетті», — деп жазды.

**********************

Батыр атаның бір ауыз сөзі

Жазғы демалыс кезі еді. Сол жылдары  төртінші сыныпқа көшкенмін.  Қызыл құмның ортасында орналасқан  Быжы теміржол  бекетінде  тұрамыз. Көлік қатынасы мүлдем жоқ десе де болады. Нағашы апамның ауылына  жаяулатып барайын десем, 15 шақырым жер, ата-анам рұқсат бермеді. Бір кезде анам:

— Ауылға бір ақ машина келді, сені ала кетер, — деп жүгіріп кетті. Қайтып оралып:

— Жүр,  ағаң  екен, сені ала кететін болды, — деп қуанып келді. Мен жалма-жан шүберек сөмкемді алып, жолға жиналдым. Шынында, ені мен көлденеңі бірдей  үлкен көлікті бірінші рет көруім.   Алып тұлғалы, кең маңдайлы, орта бойлы адам ләм демей мені жеңіл көлігінің алдына отырғызып алды. Өзім ер балалар сияқты өжет болып өстім, шашымды да дұрыстап тарамайтынмын. Сөмкемді құшақтап,  именбей аппақ көліктің алдына отырып алдым.

— Қай елсің? — деді  арт жақта жайғасып отырған менің  көзіме егде көрінген аға қоңыр дауысымен.

— Андаспын, — деп тақ ете қалдым әкемнің бірде айтқаны есіме түсіп.

— Үлкен атаның ұрпағы екенсің ғой. Сабағың қалай? — деді әлгі кісі мені сөзге тартып. Жүргізуші қараторы жігіт маған қарап күлімдеп қойды.

— Ой, нашар, бірыңғай үш, — дедім өтірік айта алмайтын аңқау басым.

— Мұның болмады, — деп, ана кісі күліп жіберді. — Оқу керек, білімсіз біздің елдің күні болмайды, — деді сосын.

Осы кезде жеңіл машина  егістік алқабының арығына сыймай беталды жайылып кеткен  қара суға келіп тіреліп қалды. Ұмытпасам, Қызыларық колхозының қызылша алқабы еді.

— Қап, мына судың рәсуа болуы-ай, сушы шай ішуге кеткен ғой, — деп, арт жақта отырған егде адам ренжіп жатыр.

— Жүріп кетсек,  батпаққа батып қалмаймыз ба? — деді жүргізуші.

— Жоқ, сен тұра тұр, мен бұл  жайылған судың қаншалықты терең екенін көрейін, — деп, әлгі аға аяқ киімін шешіп, суды кешіп, жеңіл көліктің алдына түсті.

— Батыр ағаны таныдың ба? Нұрмолда Алдабергенов қой. Быжыда   жиен  қарындасы бар екен, соған бардық, — деп, жүргізуші маған  түсіндіріп жатыр. Ол кезде небәрі 12 жастамын, бұл сөзге аса мән берген жоқпын.

Сонымен, батыр аға  қалың қара суды машинаның алдына түсіп кеше жүріп,  арғы жаққа шыққанда ғана көлікке отырды.

Нағашы апам тұратын Бозтоған ауылы жол үстінде еді. Келген кезде жол жиегіне түсіп қалдым. Манадан бері үнсіз отырған батыр аға:

— Қызым, адасып кетпе, өз жолыңмен жүр, — деп соңымнан дауыстады.

— Аға, мен ешқашанда адаспаймын, рақмет! — деп кете бердім. Кейін  батыр атаның ғұмыр жолымен танысып, білген кезде, ол кісінің  сол бір ауыз  сөзі жақсы тілектей  есіме түсті. Тегін адам емес екен. Он екі ата  жалайыр ғана емес, Жетісу өңірі бас иетін  Балпық бабаның руы Деріпсалыдан шыққан ұрпақ екен.

**************************

Хрущевті сескендірген  Нұрекең

Қазақстан ғана емес, Одақ көлемінде аңыздай айтылатын  ерекше көрсеткіш пен табысқа  қол жеткізген колхоз бастығы  Нұрмолда Алдабергеновты   коммунистік партияның орталық комитеті  шетелді аралайтын делегацияның құрамына енгізіп  отырды. Сол жылдары  Совет одағының Компартиясының бірінші хатшысы  Никита Хрущев бастаған делегация құрамында Нұрмолда Алдабергенов те   Үндістанға сапар шеккен еді.  Ойына не келсе соны соға беретін Кеңес  партиясының көшбасшысы Никита Сергеевичтің төмен деңгейін білетін Нұрекең, сол сапары өзіне кейін зардап шектіретінін білген жоқ. Үндістанға келген күннен бастап жиналған халық Хрущевті емес,  төсінде қос жұлдызы жарқыраған, алып тұлғалы, салмақты да сабырлы Нұрмолда Алдабергеновке аса зор қошемет көрсете бастаған екен.  Оның үстіне мұсылман елінен келген,   есімі аңызға айналған   Нұрекең туралы бұл елдің баспасөз құралдары бірінен соң бірі  шуылдап жазсын келіп.  Барған жерлерінде  жиналған халық кеудесін керген Хрущевті емес,  иманжүзді Нұрекеңді қоршап алып, сұрақтарын беріп, ыстық ықыластарын көрсеткен. Бұған қатты ашуланған Никита ағамыз бес күнге әрең шыдап, «Мынаны еліне қайтарыңдар!» деп тапсырма беріпті. Партияның  атағы дүркіреп тұрған уақыты,  кестелі жейде киген  хатшының әмірі дереу орындалып, Нұрмолда Алдабергеновты  арнайы ұшақпен Қазақстанға қайтарып  жібереді. Әңгіме мұнымен бітпегенге ұқсайды. Одаққа қайта оралған Хрущев сол кезде өзі  партияның  бірінші хатшылығының орынтағына отырғызған  Юсуповқа хабарласып,   Нұрмолдадай еліне ғана емес, шет жақта да беделі жоғары  тұлғадан қатты сескенгенін жасырмаған. Сол күннен бастап  ерекше қабілетті басшының аспанына қара бұлт үйіріле бастайды. Аяқтан қалай шалу керектігін білетін партияның  мансапқорлары  дереу тырнақ астынан кір іздеп, фактілерді тергіштейді.  Іздеген адам табатыны да белгілі. Неше түрлі қара  күйе жағылған «жалған» арыздар жоғары жаққа  құсша самғайды. Оны тосып отырған «беделді» тексерушілер де көп күттірмей жетіп келеді. Атағы дүрілдеп, байлығы шалқып тұрған  колхоздың есеп-қисабы тексеріліп, колхозшылар арасында дүрбелең басталып кетеді. Ақыры жоғарғы жақтың  пікірі белгілі болып шықты.  Кінәлайтын түк таппаған соң «Нұрмолда Алдабергеновты колхозшылар  бастықтық қызметінен босатсын» деген нұсқау  берілгені жөніндегі сөз  ауыздан ауызға көшті.

Сол күндерді бала болса да есінде  сақтап қалған, еліне еңбегі сіңген, бүгінгі күні құрметті демалыста жүрген Шайбала Тергеуованың  айтуынша, үш күн қатарынан колхоздың жалпы жиналысы өтіп, колхоз мүшелері  шағымданушыларға қарсы шығып, «Нұрмолданы бастықтық қызметінен кетірмейміз» деп отырып алыпты. Төртінші күні өткен жиналыста  партияның  нұсқауы орындалмай қоймайтынын сезген болуы керек, Нұрекең өз еркімен жұмыстан босату туралы арызын беріп, колхозшыларды дауыс беруге көндіріпті.  Сонымен,  Мәскеудегі Хрущевтің әмірі орындалып, Н.Алдабергенов  қызметінен босатылады.

 Одан әрі не болғаны туралы да тоқтала кетуді жөн көрдік.  Нұрекеңнің басшылық қабілетін білетін  Талдықорған облыстық партия комитеті   шаруасы шатқаяқтап, тұралап қалған  Амангелді  атындағы шағын колхозға   бастық етіп  жібереді.  Әділетсіздік сағын сындырып, қанатын қайыра алмаған Нұрекең шағын колхоздың шаруасының тізгінін алып, бар-жоғын түгендеп үлгермей жатып, тағы да  жедел «арыз» соңынан қуып жетеді.    Шұбар ауылындағы орыс, неміс, қазақтан құралған білікті мамандардың барлығы  Нұрмолданың колхозына түйе-тайлағымен көшкелі жатқан көрінеді.  Мұны  жоғарғы жаққа жеткізген сол колхоздың жаңа болған бастығы  екен. Бұл хабар тағы да  Юсупов  мырзаның құлағына жеткенге ұқсайды. Нұрмолдадай тұлғаның көлеңкесінен де қорыққан  жоғары жақ  «бастықтық қызметінен босатып, басқа жұмыс берілсін» деген  нұсқау жібереді. Сонымен, Нұрмолда Еркін ауылдық Советінің төрағасы болып қызмет атқарады.  Қайда жүрсе де  халықтың арасында  абырой-беделі жоғары асыл тұлғаны осылайша  билік маңындағылар  шаруадан  шеттеткен екен.

 Арада  бірер жыл өтпей-ақ, жүгері өсірудің «шебері» атанған  көпірме сөзді  Хрушевтің өзі  жайлы орынтағынан түсіріліп, орнына Брежнев, ал Қазақстан орталық Компартиясының   бірінші хатшысы болып Дінмұхамед Қонаев  сайланды.

Мұқырының жұлдызы  жанған күн

Талдықорғанға жақындап қалғанда  жол жиегінде орналасқан  Мұқыры деген шағын ауыл кездеседі.  Мұқыры жоңғардың қазақтарды қырғынға ұшыратқан  батыры екен. Қанша рет ауылдың атауын ауыстыру туралы  өтініш болса да, кертартпа  адамдардың салдарынан  халық осы  бір Мұқыры деген атаудан құтыла  алмай-ақ қойды. Бұл, әрине, бөлек әңгіме. Сол жылдары Жетісуға келген  бір сапарында  Дінмұхамед Қонаев Нұрмолда  Алдабергеновтың  қайда жүргенін сұрайды.  Одан кейін өзіне шақыртып алыпты деген сөз  бар.  Сөйтіп, Дінмұхамед Қонаевтың арқасында Нұрмолда  шаруасы шашылып қалған   Карл Маркс атындағы колхоздың бастығы болып сайланады.  Бұл колхоздың  орталығы Мұқыры ауылы сол жылдары  тас жолдың сол жағындағы жүздеген тоқал тамдардан  тұрады екен. Ауылды аралап, колхоздың жай-күйімен жете танысқан Нұрекең дереу іске кірісіп, қызметін бәз-баяғы ауылды жаңартудан бастаған екен. «Қара нардан мықты мал жоқ, Нұрекемнен мықты жан жоқ» деген мақал да сол жылдары ел арасына тарап кетті.

Халықты ерекше ұйымдастырушылық қабілеті-мен, құрыштай берік жігерімен үйіріп алып кеткен Нұрекең бастық болып келген күні Мұқырының жұлдызы  жанды десе де болады.  Көнекөз қариялардың  сөздеріне құлақ түрсек, таң қаласың. Нұрмолда  жолдың сол жағына орналасқан көне үйлерді бұзып, ауылдың оң жағына бас жоспар сыздырып, бір жылдың  ішінде  жаңа  167 тұрғын үй  тұрғызып, мектеп, Мәдениет сарайының құрылысын бастап, көшелерге асфальт төсетіп, машина-трактор шеберханаларын салып үлгерген.  Онымен қоймай, халықты еңбекке ынталандырғаны соншалық,  қант қызылшасының әр гектарынан 400 центнерден, бидай-арпаның әр гектарынан 25-30 центнерден өнім жинап, мал басының өсімін қамтамасыз еткен.  Осындай еңбек көрсеткіштері колхозшының  әрбір еңбеккүн табысын он есеге өсуіне  ықпал еткен.  Бір сөзбен айтсақ, Нұрекең қайтадан көнерген ауыл орнына жаңа қала салды десе де болады.  Еселі еңбектің арқасында   тұрғын халықтың әл-ауқаты  жақсарып, театр ашылып, Қалқа Жапсарбаев, Жақып Әбілтаев сынды  өнер қайраткерлері  ел ынтымағын нығайтуға өз үлестерін қосты.

Бала да болсам, менің есімде бір қалғаны — Карл Маркс атындағы колхозға Нұрекең жас кадрларды көптеп тартты. Институт бітірген инженерлер, агрономдар, мал дәрігерлері және тағы басқа мамандық иелері  қызметке келе бастады. Келген  кадрларға тұрғын үй беріп, балаларын балабақшаға орналастырып, жағдай жасаса,  неге қызмет жасамасқа. Солардың бірі менің жездем,  Волгоград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп келген жас инженер Сұлтан  Ташанов еді.  Алғашында  үй құрылысы аяқталмаған соң,  колхоздың кеңсесінің бір бөлмесінде  Сұлтан жездем мен  Бағила әпкем жас баласымен  тұрды. Сол кезде естіген әңгімем еді. Бір күні түнгі   сағат 12 кезінде есікті біреу тоқылдатады. Жездем  есік ашса, үй киімімен Нұрекең тұр екен.

— Сұлтан,  жаңа ғана  қызыл кірпіш тиеген жүк машинасы келді.  Мен көріп келдім. Кел, екеуміз  сол кірпішті түсіріп тастайық. Таңертеңгісін ол машина  бөгелмей қайта сапарға шықсын, — депті Нұрекең.  Өзі орысша тәрбиеленген,  Астраханның тумасы  жездем Сұлтанның  таң қалғаннан аузы ашылып қалыпты. Колхоздың бастығына қарсы келсін бе, екеуі жабылып, бір машина кірпішті түсіріп болғанда, таң қылаң беріпті.  Міне, бұл қазір аңыздай естілер. Кеудесінде екі алтын жұлдыз жарқырап тұрған  алып тұлғаның  осындай  іскерлігі, шаруаның қамын ойлауы өте сирек кездесетін құбылыс.  Алайда  үш жылдың ішінде қиратылған ауыл орнына қаладағыдай әсем үйлерді, зәулім ғимараттарды салу, колхозшыларды ерен еңбекке  ынталандырып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізу екінің бірінің қолынан келмейді.  Аты аңызға айналған атамыз небәрі 61 жасында 1967 жылдың қарашасында  ауыр науқастан дүниеден өтті.   Осындай  елі мен жері үшін  еңбек еткен  ерекше жаратылған   еңбекқор  адамның   қаншама асыл армандары орындалмай қалды десеңші!

Нұрмолда атаның  іскерлігі

«Нұрекең айтыпты» деген  бір сөз  менің көңіліме қатты әсер етті.  Жазушы Құттыбек Баяндиннің  «Нартұлға» романында    Нұрекеңнің  «Ауырсам ажалдан қорықпаймын, колхоз бөлек-бөлек болып кете ме деп уайымдаймын» деген екен.   Көріпкел әулиедей бұдан  50 жыл бұрын айтып кеткен сөзі қалайша дәл келді.  Қазір  осы қасиетті  адамның көзіндей болып ғимараттары  ғана жұмыс істеп тұр. Жерді де шаруалар бөліп-бөліп алды. Шалқып тұрған шаруалары да шамалы.  Бәрі өзгерсе де,  халықтың аса ардақты перзенті, ғаламат еңбектерімен дараланған  Нұрмолда атаның   жасампаз істері  мен есімі ел есінде. Бұлар аңыз емес,  ақиқат.

Нұрила Бектемірова,

Алматы облысы