Ауылға газ бен су жеткен

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Богдановка ауылдық округіне жуырда көгілдір отын жеткізіліп, ауыл халқы үлкен қуанышқа кенелді.

«Елді мекендерді газдандыру бағдарламасы» аясында Богдановка ауылындағы елу екі үйге газ қосылып, бұлардан бөлек округтегі 119 аула газ жеткізу үшін шарт жасасқан. Сонымен қатар жыл соңында «Ақбұлақ» бағдарламасының арқасында ауылда су құбырының іске қосылуы да – елеулі жаңалық болған. Бұл туралы Богдановка ауылдық округінің әкімі Асқар Нұрғалиевтен хабарласып білдік.

 

 

Богдановка ауылдық округінің қарамағындағы Алғабас, Придорожное, Сәрсенов ауылдарын қосқанда мұнда 300-дей түтін орналасқан екен. 250 шақты отбасы қоныстанған ауылдық округтің аумағында төрт медициналық пункт, бір ауылдық клуб, екі ауылдық кітапхана, төрт азық-түлік дүкені, бір ветеринарлық пункт, екі мектеп жұмыс жасайды.

 

 

Үстіміздегі жылы аталған елді мекенде бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылған. Айталық, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жауынгерлерге арналған ескеркіш орнатылған. Ауыл тұрғындарының игілігіне жаңа спорт алаңы мен саябақ пайдалануға беріліп, Алғабас станциясында 2013 жылдан бері жұмыс істемеген ұңғыма іске қосылыпты. Сонымен қатар ауылдық округ әкімі Асқар Серікұлы елді мекенді абаттандыру жұмыстары да қоса атқарылып жатқанын жеткізді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы

Аягөз Айтқалиеваның суреті