Ауылға ие болу деген сөз — әкім болу деген сөз емес
«Qazaqstan zamany» газетінің «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» экспедициясы Шығыс Қазақстан облысында
«Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan Zamany» газеті мен «Елана» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты бірлескен «Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» Шығыс Қазақстан облысында бірнеше аудандарын аралаған болатын. Соның бірі — Тарбағатай ауданы, жер жомарты Ақсуатта болып қайттық. Ауданда атқарылып жатқан игі істермен, халықтың тұрмыс-тіршілігімен таныстық. Ауданға қарасты Екпін ауылында болдық. Екпін ауылының тумасы, бүгінде «Таскредит» секілді үлкен компанияны басқарып отырған, айтыс өнерінің жанашыры Дулат Тастекей мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті.
Мектепке 10 млн. теңге, ауылға асфальт жол…
— «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасы, «Туған жер» акциясы аясында үлкен форум өткен болатын. Өңірдегі кәсіпкерлер білімге инвестиция құйған болатын. Бірнеше млн қаржы жиналды. Қалай ойлайсыз, форум мақсатына жетті ме?
─ Әрине. Елімізде форумдар жиі өтеді ғой. Ал бұл жиынның мақсат-мұраты ерекше болды. Шығыс Қазақстан облысындағы барлық мектептің түлектері, ауылдан шыққан әрбір кәсіпкер азамат мектепке көмек көрсетіп, жиналған қаржыға робототехника сатып аламыз деп қаулы қабылдаған болатынбыз. Біз компаниямыздың тарапынан биылғы жылы мектепке 10 млн теңге шамасында қаражат бөлеміз деп шештік. Бұл ақшаға мектептің өлкетану мұражайы мен тарих кабинетін күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті жиһазбен толтырып, заманауи көрнекі оқу құралдарына тапсырыс бердік. Мұражайдағы жәдігерлерді де реставрациядан өткізіп, Алматыдан жөнелттік. Сандық технологиялармен оқыту бағдарламасы аясында ең соңғы үлгідегі оқыту панелін шетелден алдырдық. Мұндай кабинет пен мұражай Алматы мен Астананың өзінде де кездесе бермейді.
Өзім Тарбағатай ауданы, Екпін ауылында дүниеге келгенмін. 13 жасыма дейін сол ауылда өмір сүрдім. Өзіңіз де барып келдіңіз, ауыл, ауданның қаламен жол қатынасы қиын. Ұшақ ұшпайды, пойыз жүрмейді. Тек автобуспен, жеңіл көлікпен жетесің. Жолдың сапасы нашар. Адамды күйзеліске ұшыратады десем, қателеспейпін. Көктемде, күзде жаңбырлы кезде мектепке лайсаңмен жету қиын болатын. Себебі ауыл ішінде асфальт жол жоқ еді. Балшықты кешіп мектепке баратын кезіміз де болды. Осыны ескере отырып, негізгі жолмен (Ақсуатқа баратын) мектеп арасына асфальт жол салып бердік. Ауылымыздың кіреберісіне өзіңіз көрген арканы орнаттық.
Биыл қазан айының басында Ұлттық кітапханада «Тарихқа толы Тарбағатай» атты альманағымыздың кезекті 3-ші санының тұсаукесерін өткізген кезде ауданымыздың түлегі Жанна Сабурова апайымыз жақсы бір идея айтты. Ол кісі бірнеше жыл физика-математика мектебінде директор қызметін атқарған. Қазір де «Келешек» мектебін басқарып отыр. Апайымыз ауылдарда математикадан олимпиада өткізіп, ма-тематикаға қабілеті бар балаларды қаладағы физмат мектебіне оқуға түсіруге көмек жасауға ұсыныс тастады. Жалпы, білімге инвестиция салып жүрген ағаларымызды сыртынан біліп, естіп жүреміз. Соның бірі — Бауыржан Оспанов ағамыз. Үшарал жақтағы бір ауылдың мектебін толықтай қамтамасыз етіп, сырттан ұстаздарды апарып, бөлек жалақы төлеп, ауыл балаларын оқытып жатқанға ұқсайды.
1995 жылы Алматыға отбасымызбен қоныс аудардық. Қаладағы 60 жылдан астам тарихы бар Республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепке оқуға түстім. Бұл мектеппен де байланысымды үзбедім. Қазір қамқоршылар кеңесінің мүшесімін. Кейбір шараларды атқаруға қаржылай көмек береміз. Кейде қамқоршылық кеңесте төрағалықты да атқарамын. Қазір мектепте 17 сынып бар. Аптасына бір рет шетелден келген маман ұстаздарды апарып, қосымша ағылшын тілін оқытып жатырмыз. Өзге тілді үйрену сені ешқашан кем етпейді. Қазақ тілін тереңдете оқып жатқан жастарымызға неге ағылшын тілін білмеске? Мен де ауылдан шықтым. Алдымен орыс тілін меңгердік. Мәскеуде оқу оңайға соқпады. Шетел азаматтарымен іскерлік қатынас орнату үшін міндетті түрде ағылшын тілін меңгеру қажет. Осы жасқа келгенше ағылшын тілін үйренуді тоқтатқан емеспін. Бизнес саласында ағылшын тілінде оқитын тағы бір оқуға түссем деген арманым бар.
Адамның қалыптасуына әсер ететін үш нәрсе…
— Арманыңызға жетіңіз! Төрт түлігі сай бай-бағландардың, кәсіпкерлердің білімге инвестиция салуы өте сирек. Себебі оның қайтарымы жоқ. Білімге деген құштарлық бір басқа, ал жалпы білімге инвестиция салу, мектептерге жанашырлық таныту, көмектесу қайдан келді?
— Адамның қалыптасуына әсер ететін үш нәрсе ғой: тек, тәрбие, қоршаған орта. Алтыншы атам Айдарбек биді Ақсуат жұртшылығы жақсы біледі. Айдарбек би 1838 жылы Петерборға ағасы Қожагелді батырдың құнын сұрап барып, патшаның қабылдауында болып, өңірді бес жылға салықтан босатқан азамат еді. Сонымен қатар, өңірге орыс бекіністерінің, орыс мектептерінің салынбауына патшаның келісімін алып келген. Бес атам қажылыққа барған екен. Барлығы да арабша хат таныған дәулетті кісілер болса керек. Татар молдаларын алдырып, балаларын оқытқан. Атамның әкесі Тастекей — ірі саудагер болған кісі. Қытай, Ресеймен сауда-саттық жасаған. Ең алғаш «қызыл бұзауға сауда жасау» деген үрдісті енгізген. Ол кезде жергілікті халықта қолма-қол сауда жасауға ақша жоқ, беретін малы да жоқ. Бағып отырған сиыры бар. Қажетті затты алу үшін ақша керек қой, сиырым көктемде бұзаулағанда соны беремін деп, қажетті заттарға қол жеткізген. Тектен бөлек, әке-шешеміздің берген тәрбиесі бар. Білім алған қара шаңырақтарымыз бар. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп тілге, ділге деген құрмет, патриоттық сезімімді қалыптастырды. Халыққа тиіттей болса да, қызмет етсек деген арман болды.
— Сіз бір емес, екі мешіт салыпсыз. Туған ауылыңыз Екпінге және аудан орталығы Ақсуатқа да мешіт салыпсыз. Семейде аяқталмай қалған мешітке де қол ұшын беріпсіз. Тоқтап қалған мешіт қайта салына бастапты. Мешіт салу сіз үшін Құдай алдындағы бір міндетті орындау ма, әлде Қонаевқа хат жазған атаңыздың арманы ма?
— Арыз жазам Қонаев,
Иманға бет бұрайық.
Ақсуат пен Жданға (Екпін),
Екі мешіт салайық, ─ деп хат жазған Құлбай атам ғой (Күліп алды). Негізі, атама осы жолдарды әкем жазып берген. Кейін «Қонаевқа неге жазасың?» деп КГБ қудалады. Қызғанышты жеңу — әрбір пенденің қолынан оңай келе бермейтін іс. Қытай халқында мынадай бір дана сөз бар: «Мың шақырымдық жол бір шақырымнан басталады». Маңдай теріңмен тапқан қосымша қаражатыңды Алланың үйін салуға жұмсау — алғашқы қадам деп есептеймін. Мешіт құрылысына бір кірпішін, бір қап цементін әкеп беру де соған бастайтын алғашқы қадам. Біріншіден, адам сауапты іс жасаған сайын жеңілдеп қалады. Адамның табиғаты сол. Екіншіден, қызғанышты жеңуге де үлкен үлесін қосады. Біздің ауылда бұрын нақты мешіт болмаған еді. Ауылдың бұрынғы клубына күмбез қойып, мешіт жасай салған. Ауыл азаматтарының мешітке деген көзқарасы басқаша болған, себебі ол — бұрынғы клуб. Арнайы ниеттеніп салынған соң, халықтың көзқарасы, ықыласы сәйкесінше болады деген оймен әкем 2009 жылы сол мешітті салып шыққан еді. Тек мешіт қана емес, кейін соның қасына футбол алаңын да салдық.
— «Qazaqstan Zamany» газеті экспедиция мақсатымен елімізде біраз ауыл-аймақты аралады. Соның дәлелі — өзіңіздің туған жеріңізде болуы. Тірек ауылдар болмаса, жалпы алғанда, ауылдың жағдайы көңіл көншітерлік жағдайда емес. Мұғалімдіктен басқа жұмыс жоқ. Шаруа қожалықтары барлығын бірдей жұмыспен қамтамасыз ете алмайды. Есіңізде болса, Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың Елбасына айтқан бір сөзі бар еді. 5 мың ауылға ие болатын 5 мың азамат болса ғой деп. Күнкөріс үшін қалаға ағылған ауыл тұрғындарын қалай тоқтатпақ керек?
— Жақсылық ағамыз осы сөзді жай айта салса да, көпшіліктің құлағына жетер еді. Алайда ол кісі ауылда отырып барлығын өз қолымен жасап отырғаннан кейін, оның сөзі түйсігімізге жетті. Ауылға ие болу деген сөз — әкім болу деген сөз емес. Қолғабыс болу, кеңесші болу, жанашыр болу. Көп адам ауылына жылына бір рет барып қайтқанының өзіне қанағат тұтады. Тіпті аңға шығып, аң аулап қайтқанына мәз болады. Туған ауылына көмектесу деген тек қана министр болып, бюджеттен ақша бөлдіру емес қой. Жақында ғана ауданымыздағы Қарғыба дейтін ауылда өңіріміздің ер азаматы отбасының тұруға жарамсыз үйінің қасынан жаңа үй соғып берді. Мен мұны патриотизм деп білемін. Өзінің туған өлкесіне, жерлестеріне көзқарасының өзгергендігін байқаймын.
Кеңес үкіметі кезінде біздің аудан дамымай қалған өңір ретінде саналып, дотациямен отырған. Дәл қазіргі уақытта аудан орталығы Ақсуаттың деңгейі маңайдағы басқа аудан орталықтарынан әлдеқайда жоғарылап кетті. Бұған зор үлес қосқан аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлының еңбегін жоққа шы-ғаруға болмайды. Сонымен қатар, аудан азаматтарының «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» қосқан көмектерінің нәтижесі деп білемін. Әр өңірдің азаматтары кірпіш болып қалануды дәстүрге, үрдіске айналдырса, ауылдардың жағдайы жақсарады деп ойлаймын.
Әкімі жақсы болса — халқы бақуатты
— Бізде көп жағдайда әкімдер сыналып, жағымсыз кейіпте жүреді. Жұмыс істемейтін кім — әкім, жейтін кім — әкім. Тарбағатай жеріне, Ақсуат ауданына бірінші рет келдім. Әкімін жақсы көретін халықты бірінші көруім. Ақсуатты «біздің шағын Астанамыз» деп мақтанады. Әкімнің еңбегі зор дейді. Осы ауданда бұрын әкім болғандар да мақтап жатыр. Әкімнің жеке үйі, коттеджі де жоқ. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған үйде тұрады екен.
— Ақты ақ, қараны қара деп айтайын. Менің осы ауылда туғаным, кіндік қаным тамғаны болмаса, Ділдәбек Тәжібайұлымен басқа бір ортақ жұмысымыз, ортақ бір мүддеміз жоқ. Ақсуаттың «шағын Астана» боп көркеюіне Ділдәбек Тәжібайұлының еңбегі зор екенін айту керек. Әкімнің біліктілігі — өзі басқарып отырған өңірге бөлінген ақшаны дұрыс игеруінде. Бөлінген ақшаны қорқып, қайтарып жіберетін немесе дұрыс бағытқа жұмсамайтын әкімдер көп. Осыдан барып «жақсы әкім», «жаман әкім» деген түсінік пайда болады. Тарбағатай ауданы жері көбіне шөлейтті жер болғандықтан, бір гектар жерден 6 центнерден артық бидай алынбайтын. Жеміс, көкөністің өскенін мүлдем көрмейтінбіз. Ділдәбек Тәжібайұлы оңтүстік өңірден жүзге тарта жанұяны көшіріп әкелген. Қытайдан оралман қандастарымыз келді. Синергия мен симбиоздың арқасында Ақсуат жерінде қауын-қарбыз өсе бастады. Желтоқсан айында қауын-қарбызын Өскеменге апарып сатып жатыр. Қандай іс-шара өткіземіз десек те, әкім қолдау білдіреді. Ауданнан шыққан азаматтардың бірегейі — Баделхан Камалханұлы ағамыздың ұйымдастыруымен қазақша күрестен халықаралық гран-при осымен VI рет өтіп жатыр. Жыл сайын Ақсуатта айтыс өткізіп келеміз, мұның барлығына әкімнің қолдауы бар.
— Жыл сайын Ақсуатта ха-лықаралық айтыс өткізесіз. Айтысты өткізу, ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дегенмен айтысқа демеуші болып депутат болғандар да бар. Демеуші меценаттың халық алдында тұлғалық бей-несінің қалыптасуына көп әсері бар. Сіздің айтысты қолдаудағы мақсатыңыз не?
— Айтыстан бұрын менің халыққа қызмет етуімдегі мақсатым — әкім болу емес, депутат болу емес. Менің түсінігімде адам үш түрлі жағдаймен мемлекеттік қызметке барады: бірінші, халыққа қызмет етуі үшін барады; екінші, билікке ие болуы үшін барады; үшіншісі, сол арқылы баю үшін барады. Өкінішке орай, соңғы екеуі бізде үрдіске айналып кетті. Әлбетте Кеңес үкімет құлағаннан кейінгі уақыттарда кәсіпкер болу қиын болған шығар. Мемлекеттік қызметкерлердің осы бір тәсілді пайдаланғанын барлық адам біледі. Әйтпесе халыққа қызмет етуді міндетті түрде мемлекеттік қызметкер атанып барып жүзеге асырудың не қажеті бар? Бюджеттің ақшасына қарамай-ақ, кәсіпкерлікпен тапқан ақшамды, халыққа бөліп бере алсам, халықтың алдында арым да, абыройым да таза болмақ. Міндетті түрде мемлекеттік қызметкер болудың қажеті жоқ. Менің арманым — 10 мың адам нанын тауып жейтін жұмыс орнын ашу. Бұл үлкен жұмыс. Ал енді айтысты қолдаудағы мақсатымыз — ана тілімізге деген құрмет. Себебі өзім қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептің түлегімін. Оның үстіне Айтыс үлкен-үлкен қалаларда, облыс орталықтарында өтіп жатады. Аудан, ауыл тұрғындары айтыс алаңынан табылса, сұлу сөздің мәйегін тыңдап, құлақ құрышын қандырса, рухани азық алса деген ниет қой. Ауыз әдебиеті үлгісінен, ұлттық құндылықтарынан азық алған ұрпақ рухани кемелденеді деп ойлаймын. Бұрынғы заманда да айтыс осы мақсатта өткен жоқ па?
— Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан —
Бауыржан Карипов