Ауылға оралатыныңды ұмытпа!

 

 

ҚР Президенті Қ-Ж.К.Тоқаевтың,

Қазақстан халқының назарына!

(ауылға асар!)

 Космосты игерсек те, қаншалықты

дамысақ та, түбі біз ауылға ораламыз.

Алдағы өмірді көзге елестетсек бір 30-40 жылда әлемдік өркениеттің дамығаны соншалықты жасанды интеллект, үйіңде қызмет ететін роботтар, машинаның орнына магнитті жастықпен кез-келген жеріңізге бара аласыз, осы сияқты басқа да технологияның жетістіктері Сізді рақат өмірге алып келеді. Тіпті жасыңыз да 150 жылға дейін ұзаруы да мүмкін. Бірақ мұндай тынымсыз, информациялық мегақалада тұру адамды шаршататыны анық. Сондықтан, технология жетістіктерінің арқасында біз қаншалықты алға кетсек те, бәрібір бір кездерде біз ауылға ораламыз. Себебі, ауыл –  шыққан тегіміз, ал екінші жағынан, адамға ең керегі, көркем табиғаттың таза ауасы, суы, жер ананың киелі топырағы, экологиялық таза тағамдар, ауылдың жанға жайлы тыныштығы. Әсіресе творчество адамдары үшін ауыл – таптырмас кеңістік, шабыт қайнары. Қазірден бастап-ақ творчестволық ауылдарын ашу керек. Әр адамға «баратын ауылыңды ертерек дайында, түлеп шыққан ауылыңа, табиғатыңа көмектес» демекшімін. Ауылда тұратын зиялылардың тізімінен шығып қалсаң, кешігіп барған уақытыңда сені қабылдамай қойса, бақытсыздық деген осы болмай ма?! Ауылына қарап азаматын таниық!

 

Біз кім едік, қазір кімбіз, қайда бара жатырмыз, не істеу керек?

Осы сұрақтың шешімін табу үшін біз, ең алдымен, тарихымызға жүгінеміз. Өйткені тарихты білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Бұл киелі жерде дүниежүзі дамуының тарихи логикасын, көп ғасырлық эволюциясын еске алсақ та болар. Мысалы, ежелгі Еуразия, Қазақстан жерінде тас ғасыры, қола, темір дәуірі, скиф, сақ, ғұн, қаңлы, үйсін мемлекеттері, түркі қағанаттары, т.б. орта ғасырлық мемлекеттер мен хандықтар болғаны белгілі. Каспий теңізінен Қытайға дейінгі аралықтағы алып кеңістікте біздің өркениет тарихымыз болғанын білеміз. Арғысын айтпағанда, біздің тегіміздің «Түркі» деп аталуының өзі V-VI ғ. жаңа дәуірге дейін Қытай, Араб, Иран, Сирия жазбаларында бар. Нақтырақ айтар болсақ, біздің тарихымыз сонау Шайбани Әбілқайыр ханнан әлдеқашан бұрын басталып, сонан соң Керей мен Жәнібек хандар, Қасым хан, т.б. көптеген хандардың есімдерімен жалғасын тауып, Қазақ мемлекеттілігі деген атаумен қоса жүрген еді. Міне, сол кездегі ел тағдыры хандар мен батыр бабаларымыздың қолында болып, ұлан-ғайыр жерімізді бөгде елге бермеу үшін барын салған болатын. Өйткені олар қазақ жерін нығайтуда, қазақтардың үстемдігін орнатуда  орасан  зор әрекеттерге барды. Қазақ халқы шамасы 3000 жылдық тарихы бар түркі этносы ретінде танылған арғы заманды айтпағанның өзінде, 550 жылдық хандық тарихында аса ауыр саяси, рухани, әлеуметтік-экономикалық процестерді басынан кешірді.

Ата тегімізге көз жіберсек, тарихта біз сияқты империялық ой мен іс жасаған халық аз. Олардың қатарында Римлян, грек, парсылармен қатар түркі халықтары бар екендігін, әсіресе, жастарымыз ұмытпауы керек. Бұл тектілік генофондымыз  XXI ғасырда қазақ елінің, жалпы түркі әлемінің қайта түлеуіне негіз болады деп сенемін.

Біз дүниежүзіндегі елдерді тарих таразысына салар болсақ, әр елдің даму тарихы әр қилы. Айталық, ең алдымен біз Қытайдың 5 мың жылдық тарихын, өзіміздің 3 мың жылдық тарихымызды, Азия мен Еуропаның дамуын зерделесек, сонымен қатар қазіргі жаһандану процесіндегі жаңалықтарды електен өткізер болсақ, бір ой туады. Біздің шығыс халықтарының тарихына келер болсақ, тағдыр бізге 2 тарихи мүмкіндік берді. Біріншісін біз пайдалана алмадық, ол кетті. Ал екінші мүмкіндікті енді тиімді пайдалана алмасақ, не алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетеміз, не өмір бойы мәңгі шикізат елі болып соларға қызмет етеміз. Тағдыр бізге осындай сұрақты көлденең қойып отыр.

1-ші мүмкіндік дегеніміз – бұдан 1000-1500 жыл бұрын біздер, шығыс елдері дамыған еді. Соның дәлелі ретінде ғұлама ғалымдарымыз әл-Фараби, Ибн-Сина, Ұлықбек, т.б. сынды ғұламалар математика, медицина, философия салалары бойынша әлемдік деңгейдегі озық ойлы жаңалықтарды аш қандығын айта аламыз. Еуропа сол  уақытта  артта  қалған  еді. Түркі тегі Шыңғысханнан бастап, Құбылай, Әмір Темір т.б. жарты әлемді басып алды, биледі. Мысалы, бір Құбылайдың өзі, ұрпақтарымен толық Қытайды, Сун империясы мен Вьетнамды қоса, 100 жыл бойы биледі. Пекинде отырып, олар Қытайдың өркениетін дамытуға қызмет етті, орталыққа күріш әкелетін канал салғызды т.б.

Кейінгі 500 жылда Еуропа мемлекеттері  шығыстан, соның ішінде түркілерден қаншама жаңалықтарды алып, жылу машинасын жасап, теңіз көлігін, зауыт-фабрикалар салып, өндірісті қарқынды дамытып өндіріс революциясын жасады. 2012 жылы Лондон олимпиадасы ашылғанда, олардың тарихи дамуын көрдік. Дүниежүзіндегі екі ұлы империя — Қытай мен мұсылман елдері қалып қойды. Кейіннен  Еуропада:  Эйнштейн, Ньютон, Эдисон, Фарадей шықты, Гегель, Рикардо,  Маркс, т.б қоғамның дамуына үлес қосты. Қазір сол Еуропа бізге үйретуде.

Әлемдік топ-университеттер де батыс елдерінде, Америка Құрама Штаттарында шоғырланған. Ал сол шет елдерге білім қуып барып жүрген  жастар,  ілім  берудің қайнар көзі – біздің Шығыс болғандығын біліп жүрулері керек. Эмпирикалық ілімдер, өмір мен дүние жаратылысы туралы мәселелер, даналық, терең  философия, т.б.барлығы да Үндістан, Қытай осы бүгінгі Азия жерінен бастау алады. Ислам өркениетінің өзі ғылым мен мәдениетке көп нәрсе берді. Алайда, оның бәріне «капиталистік», «рационалды  рух» берген Батыс болды. Осылайша, ХІІ ғасырдан бері Қараханид династиясы құлаған соң Түркі өркениеті терең күйзеліске ұшырап, тағы басқа себептермен біз өзіміздің бай, терең негізімізді өзіміз жалғап алып кете алмадық. Бірақ Қытай кейінгі 20-30 жылдың ішінде экономикасына серпіліс жасап, қазір дүниежүзін мойындатып, АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты.

Ал енді 2-ші  мүмкіндік дегеніміз – ол біздің ата-бабаларымыздың  найзаның ұшымен, білектің  күшімен бізге қалдырған мұрасы. Ол табиғи қазба байлықтары мен адам капиталы. Қазақ халқының бойындағы тектілік, қан тазалығы, ғалымдардың зерттеуі бойынша, интелектуалдық әлеуеті жоғары ұрпақтың қалыптасуына әсер етеді екен. Демек, ұлттық генефондымыз да табиғи байлықтарымыз сияқты біздің үлкен басымдықтарымыздың бірі. Дегенмен, дүние жүзінде ең бай елдердің біріміз, бірақ әлі де кедей тұрамыз. Неліктен? Ең бастысы, жаһандануға жұтылып кетпей, осы қыруар байлықты халықтың игілігі үшін тиімді пайдалану. Алдымыздағы негізгі мақсат – өркениетті елдердің қатарына қосылу. Ескіше айтқанда, нардың жүгі қазіргі ұрпақтың мойнына түсіп отыр. Бұл тұста сапалы, бәсекеге қабілетті, рухы жоғары адами капиталымыз негізгі рөлді ойнайды.

Ежелгі Түркістан байырғы рухани орталық ретінде Ұлы Жібек жолында ерекше орын иеленгендігі тарихтан мәлім. Дүниежүзілік атласты алып қарасаңыз, Орта Азия аумағында ежелден келе жатқан Түркістан, Самарқанд, Бұхара, Тараз сияқты ірі қалалар бар. Бүкіл тарихты таразылар болсақ, өте ерте кезеңдерді алмағанның өзінде,VI-VIII ғасырларда осы өңірде Түркі қағанаты, былайша айтқанда, түркі тілдес халықтар өмір сүрген. Сол Түрік қағанатында ежелгі Түркістан қаласы рухани орталық ретінде тарихи орын алды. Кейін тарихтың ағымына байланысты түркітілдес  халықтар әр тарапқа шашырап кетті. Мысалы, біраз түріктер Анадолыға кетті, сол жақта дамуының арқасында «Осман империясын» құрды, кейін Кемал Ататүріктің революция жасауының нәтижесінде, жаңа өркениетті мемлекет болып қалыптасты. Бүгінде 85 млн. халқы бар Түркия 20 дамыған мемлекеттер қатарына қосылуда, басқа туыс халықтар да өз мемлекеттерін құрып, даму үстінде.

Қытай мемлекеті ХХІ ғасырда Ұлы жібек жолын жандандырып экономикасына серпіліс беретін жобаларды Еуразиядан Африкаға дейін іске асыруда. Осы тұрғыдан қарағанда Түркістан әлеуетін пайдаланып Ұлы Жібек жолында Түркістанды рухани астанаға айналдыру үшін «Түркістан өңірі» рухани және технологиялық кластерін құру жобасын 2012 жылы Елбасына ұсынған болатынмын. Жоба 6 кластерден тұрады: рухани, технологиялық, жаңа ауыл, туризм, логистика, инфрақұрылым кластері. Жобаның қаржы-экономикалық есебінің жалпы сомасы 8 млрд. АҚШ долларынан асады. «Түркістан уәлаяты» облысын құру керек деген болатынмын. Енді 2018 жылы облыс құрылып, іске аса бастады. Менің ойым сол жобада көрсетілген 6 кластердің бәрі толыққанды іске асса екен. Мысалы, сақ, ғұн, түркі қағанатынан қазіргі кезге дейінгі өмірімізді қамтыған бір әлемдік деңгейде «Мәдени-тарихи, географиялық музейдің» өзі ашылса, бүкіл әлемді қызықтырар еді, тағы басқа жобалар бар. Бұл Түркістан жобасы батыс пен шығысты біріктіретін халықаралық деңгейде рухани мегаполис болар еді.

Бұл жоба мынау тұрақсыз жаһандану заманында ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін интеграциялық идея болуы абзал. Осы іс-шаралардан кейін, тарихи құндылықтар арқылы біздің алдымызда адамның рухани жаңғыруына күрт өзгерістер ашылуы мүмкін. Қоғамның ар-ожданына кір келтірмей, деградацияға ұшырамауына,  қауіпсіздікті  сақтауда  бір  үлкен қадам жасау қажет. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырдың талабына, жаңа цивилизациялық қоғамға сай өзгеруі тиіс. Бұл дүниежүзілік өркениеттің талабы. Ал өзімізге келсек, тұтас ұлтты оятатын ойлар, іске асыратын жаңа жобалар керек! Оларды тарихи ұлы тұлғаларымыздың мұраларынан тауып дамытуға болады. Қазір бізге мәдени – рухани, тарихи тегімізді терең білу концепциясы керек және ұзақ мерзімді (2021-2030 жж.) ғылыми бағдарламаға мемлекеттік тапсырыс қажет.

Бүгінде біз Түркі тілдес елдерінің басын қосып, олардың дамуына серпіліс беру арқылы ең дамыған капиталистік елдермен бәсекеге түсуіміз керек. Шамамен 2030-2040 жж. дүниежүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып алуы тиіс. Егер біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған капиталистік елдер бізді бөліп-бөліп цивилизациялық жолдан сыртқа шығарады. Тек осылай «амбиссиялық мақсатты» қойып шеше білсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың орны өзгеше.

Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық потенциалын алсақ, жылда өтетін дүниежүзілік Давос экономикалық форумының 2019 жылғы ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың мүшкіл екенін көруге болады. Глобалды бәсекелестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішінде жоқпыз, Азербайжан 58-ші болып кіріп тұр. Қазақстан 55, Түркия 61, Қырғызстан 96 орында болса, Өзбекстан мен Түркменстанның Давос экономикалық форумына көрсеткіштері енбеген. Ал, тереңірек қарасақ, Түркі тілдес елдері денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-100 орындамыз). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе, жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.

Менің ойымша, Түркі әлемі елдеріне XXI ғасырдың цивилизациялық поездының соңғы вагонына міну үшін бізге үдемелі дамудан басқа жол жоқ. Ол үшін Түркі елдерінің басын қосатын бір интеграциялық идея керек. Біз жаһандану процесінде әлімдік цивилизацияны алып қарасақ, оның ішінде G7 мемлекеттерінің дамыған жолын саралай келе, біз олармен экономика, жаңа технология, экология, қауіпсіздік, космосты игеру салалары бойынша бәсекелестікке түсе алмаймыз және біз көп арттамыз. Мысалы, біз ғылыми техникалық прогресстен, технологиялық укладтарды игеруден, оның ішінде 6-ТУ игеруден кем дегенде 40-50 жылға артта қалып қойдық.

Менің ойымша, Түркі әлемінің бір ғана жолы бар, ол – рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту.

Біздің түркі тілдес мемлекеттері әлі де болса көптеген тарихи, рухани, әдеби, тіл, археология, этнография жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археологиялық ізденістерден жаңа көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл – біздің генетикалық тегіміз. Уақытысында ата-тегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрылығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихтың төрінде екінші рет толыққанды отыруымызға әбден болады.

Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, барлық күшті бір түркі әлемінің кіндігіне жинау керек. Бұған, әсіресе, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері білек сыбанып тұрып атсалысу керек. Әр мемлекет өзінше рухани-тарихын ізденуде. Ал біртұтас Түркі әлемінің тегін түгелдеген жоқпыз. Сол үшін «Түркі әлемінің рухани-тарихи тегі» деген концепция және ұзақ жылдарға арналған ғылыми іздену бағдарламасы қажет. Нәтиже ретінде «мәдени-тарихи мұра атласын» жасау керек.

Менің ойымша, осы идеяны іске асыру үшін халықаралық деңгейде, 200 миллионнан астам адам потенциалы бар, бүкіл түркі елдерінің ғалымдарына және бизнес өкілдеріне жүктейтін халықаралық мегажоба қажет. Оның аты: «Түркі әлеміне рухани серпіліс беру» жобасы. Түркі әлемінің «Генетикалық орталығын» ашу керек.

Бұл жобаның іске асыруының қысқаша тетігін айтсам, бірінші кезекте Түркі елдерінің Үкімет басшылары бұл мәселені концептуалды талқылап, ғалымдар мен бизнес өкілдері біріккен жұмысшы тобын құрып, оларға мемлекеттік тапсырыс беру керек. Тиісті халықаралық гранттық қаржыландыру арқылы тез арада осы жобаны дайындау үшін ғылыми зерттеулер жүргізу қажет. Бұл жобаға халықаралық резонанс беру үшін Түркі елдерінің Президенттері «Түркі әлеміне рухани серпіліс беру» меморандумын қабылдап, бекіткені жөн. Мұндай XXI ғасырдағы тың идеяға Түркі әлемінің халықтарынан қолдау алған жөн.

 

Ауылдың хал–жағдайы қай деңгейде?

Ашығын айту керек, Кеңес Одағында ауыл жақсы дамыды. Кезінде еңбекпен қамтылған небір колхоз, совхоздар, ауыл орталықтары, т.б. жұмыс істеп тұрды. Жол, байланыс, мәдениет ошақтары: кітапхана, мәдениет үйі, спорт кешендері, моншасына дейін бар болатын. Жалпы, ауыл жақсы дамып, оның әл-ауқаты, тыныс-тіршілігі, тұрмысы айтарлықтай деңгейде болғандығын өз көзімізбен көрдік, ауылда өсіп, тәлім- тәрбие алдық. Ауыл қазақ халқының өзегі болды.

1991 жылы егемендігімізді алғанда, бөркімізді аспанға лақтырдық. Жоғарғы Кеңесте бірінші «Тәуелсіздік декларациясы» қабылданғанда, біздің депутаттардың көбісінің жанарына жас үйіріліп, ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған еркіндігімізге қол жеткіздік деп қуанды. Алайда сол кезде қиын кезең етек алды, дағдарыс, инфляция, зауыт-фабрикаларымыз тоқтап қалды. Дегенмен егемендігіміз туралы көптеген заңдар қабылдап, өз ақшамызды енгіздік. Осы өтпелі кезең халыққа ауыр тиді. Мұндай жағдай егемендік алған басқа ТМД мемлекеттерінде де болды. Ауылда да тіршілік қиындай түсіп, өндіріс орындары тоқтап, дағдарысқа түсті, нәтижесінде халық қалаға ағыла бастады. Әке, аналары балаларының артынан қалаға кетіп, ауылдың зиялы орталары да сиреуде.

Жалпы реформаның салмағы ауылға өте ауыр тиіп, ауыл тоқырап қалды. «Оптимизация» деген әдемі сөзбен ауылда сол уақытта балабақшалары, кіші кешенді мектептер, аурухана, емхана, фельдшерлік пункттер, спорт кешендері жабылып, талан-таражға түсті. 10-15 мыңдық малбасылық комплекстер болатын, бүгін олардың  орны опырылып, соғыстан қирап қалғандай дуалдары әлі тұр. Кейінгі жылдары ауылдың жағдайы жөнделе бастады, қаржы бөлініп инфрақұрылымдар салынды. Бірақ әлі де ауыл бұрынғы, 90-жылдардың басындағы деңгейге жете қойған жоқ.

«Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі, жұмысының жоқтығы», — дейді Абай. Егер егін салса, саудаға салынса, қолы тиер ме еді?. Қазіргі ауылдың жағдайын қысқаша айтсақ, жұмыссыздық орташа есеппен алғанда 60-70 пайызды, кей жерлерінде 80 пайызды құрайды. Статистика жүргізу үшін мен аудандарды, оңтүстік облыстарды аралап, бұған көз жеткіздім. Егер ауылда жұмыспен қамтылған мұғалімдер мен дәрігерлер, әкімшілік және шаруа қожалықтары қызметкерлерін алып тастасақ, жұмыссыздық саны шыға келеді. Көбінесе ауыл жастары жұмыссыз. Жазда 2-3 ай қалаға барып, әр жерде істейді, күзде қайтып келіп жұмыссыз отырады. Олардың бұдан соң жаман жолға түспейтініне кім кепіл? Қыздардың тағдыры одан да қиын, айтуға да ұяласың, жүрегің ауырады. Кейінгі кезде қазақ жастарының арасында баратын жері, басатын тауы болмағандықтан наркомания, ұрлық, мал ұрлау өршіп, бұзақылық, суицид көбейіп барады.  Жұмыссыздықтың  салдарынан кейбір жастарымыз шет елде діни экстремизм, терроризм, камикадзе, жиһадқа бару жолына түсуде. Осының барлығы жұмыссыздықтың салдары емес пе?

Өкінішке орай қазір ауылда ең тиімді жұмыс ол мал бағу емес, керісінше мал ұрлау. Ұрлықшыны таба қалған жағдайда қарапайым қазаққа көмектесудің орнына жергілікті құқық қорғау органдары өздері ұрлықшылармен бірге екендігі халыққа мәлім. Бұл масқара емес пе? Жеткен жеріміз осы болса, күйсеген аузыңды бірдеңе жасайын деген халық мақалы бар.

Бізде Үкімет 5 пайыз жұмыссыздық дегенді айтады, бұл статистикалық жағынан дұрыс есептелмеген. Мұндай «рекордпен» Дүниежүзілік Гиннес кітабына кірер едік. Өтіріктің де шегі болуы керек қой. Еуропаның кейбір елдерінде жұмыссыздық 15-25%, орта есеппен 10%-нан  асады. Бізде 2,7 млн. адам өзін-өзі қамтамасыз етеді дейді, негізінде олар жұмыссыз. Олар зейнетақы, дәрігерлік сақтандыру жүйесінен тыс қалып, бірнеше жылдар бойы құқықтары тапталып отыр. Яғни халқымыздың 20%-на жағдай жасалмай, жұмыссыз отыр. Олардың басым көпшілігі ауылда. Мұнымен ешкімнің ісі жоқ, ал жергілікті билік органдары жылда «халықтың жағдайы жақсы» деп жалған мәлімет беріп отырады.

Қазір адамның бәрі бір сортқа айналып бара жатқандай, оның аты «ыңғайлы адам», немқұрайлық, бәрі жақсы, ешқандай проблема жоқ сияқты болып көрінеді. Ең жаманы ─ бізде өтірік ақпарат беру, істен гөрі қағаз жүзінде есеп беру әдетке айналған. Өтірік айту қанға сіңді. Себебі тапсырма сондай, адамды емес, қалтаны ойлайтын заман болды. Ал жұмыс таппай, жәрдемақы сұрай қалған жағдайда, оны алу үшін: «Мен саған барлық құжаттарыңды жасаймын, бірақ жәрдемақының 50%-н маған бересің» деген шенеуніктер де табылып жатады. Біз осылайша  ауыл  адамдарын  «кедейлік  қақпанына» түсіріп қойғанбыз: олардың өз істерін ашып, табыс табуын қолдамаймыз, пара беріп, бюджеттен алатын жәрдемақыларға күн көруге байлап қойғанбыз.

Бүгінде ауыл жағдайының әлеуметтік-экономикалық теңсіздік жақтарын ауыл шаруашылығының белгілі  маманы, ел жанашыры, он үш жыл бойы үш ауданды, он екі жыл шаруа қожалығын басқарған Ғалым Тұрғамбаевтың айтуынша, «ауыл шаруашылығының басында отырғандардың көбісі тәжірибесіз жастар. Мемлекет тарапынан бөлінген субсидияның 86%-ы ірі холдингтер мен компанияларға бөлінсе, ал ұсақ, орта шаруашылықтарға 14% ғана беріледі екен. Бұл ақылға сыймайды емес пе? Ауылға бөлінген ақша шаруа қожалықтарына жетпей жатыр. Билік ол қалай жұмсалып жатыр, одан бейхабар. Сонда қарапайым ауылдағы қазаққа жаны ашитын жан болмағаны ма?». Ауыл алтын тамырымыз дегеніміз қайда?

Техника мәселесіне келер болсақ, біз үлкен дағдарыс алдындамыз. Мысалы, еліміздің ауыл шаруашылығы саласындағы техникалық парктердің 60-70%-ы тозған. Техникалардың жұмыс істеу мерзімі әлдеқашан өтіп, ескірген. Оларды  қайта  жаңғырту  (амортизациялық)   бағдарламасы жоқ, т.б. Бағдарлама болған жағдайда да оны іске асыратын инженер мамандар жетіспейді.

 

Ауылды қалай дамытамыз?

Ауылда 45%, яғни 8 млн-нан астам халқымыз тұрады, олардың ішінде жартысына жуығы жастар. «Ауылына қарап азаматын таны», — дейді қазақ. Ауылға бара қалсақ,  ұяламыз.  Ұсақ  шаруа қожалықтарына қолдағы көптеген жеке жер телімдерін игеруге жаңа техника, технология жетіспейді. Олар ірі шаруашылықтармен бәсекеге түсе алмайды, өнімдері өтпейді, өтсе де арзан бағаға сұрайды. Сондықтан ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, ауылшаруашылығын кооперациялау қажет және ол үшін «кооперация туралы» заңды тезірек іске асыру керек. Әр ауданда бір немесе екі техникалық сервис орталықтарын құру және ауыл шаруашылығын жаңаша ұжымдастыру қажеттілігі туындауда. Ал оның негізі — кооперация. Бұл жерде тікелей мемлекеттік қолдау қажет. Сол құрған кооперацияда, орталықтарда Үкіметтің үлесі 20- 30%-ға дейін болуы мүмкін. Ең бастысы – ауылшаруашылығы өндірісіне субсидиялар мен арзан несиелердің көптеп бөлінуін, олардың жергілікті жерге жетуін қадағалау керек. Сонда ғана инвестиция тиісті жерге салынады, жұмыс орны көбейіп, ауыл серпіліс алатын болады.

Ауылда тұтыну кооперацияларын құра отырып, қосымша инвестиция тарту, тауар өндіру, өңдеу жұмыстарын жандандыру қажет. Бұған АҚШ, Канада, Еуроодақ елдерінің тәжірибелері дәлел бола алады. Озық шетел  мемлекеттеріндегідей,  бізде де «білімді  технологиялық  ауылдар  керек».  Оны  «Жаңа ауыл» деп те атауға болады. Оларды біз Шортандыда, Алматы маңындағы КИЗ бен КНИИТЖ агроқалашықтарында, т.б жерлерде құруымызға болады. Мысалы, Сингапур елінің ауылшаруашылық өнімдер өндірісіндегі заманауи технологияларға негізделген 10 ғылыми-өндірістік паркін құру бағдарламасын пайдалануға болады. Онда әртүрлі бағыттағы шамамен 500 ферма сыйыстыруды көздеген 1,7 мың га жер бөлінген.

«Жаңа холдингтер құру». Егер осылай есепсіз пайдалана берсек, 40-50 жылдан кейін мұнай-газ қазба байлықтары бітеді. Біз ұрпаққа не қалдырамыз? АҚШ-тың мұнай, газ, т.б қазба-байлықтарын зерттей отырып, болашағын ойлағандықтан оларды шетелден сатып алуда. Ал біздің Үкімет неге осы жағын ойламайды? Сонда біздің немерелеріміз: «сіздер өркениетке не жасадыңыздар деп сұрақ қоймай ма»? Жалпы біздің негізгі «брендіміз» мұнай-газ емес (мүмкін олар шенеуніктердікі шығар), ол – ғасырлардан бері келе жатқан атакәсіп — мал мен егін өнімдері. Қалай айтсаңыз да бізді шетел аграрлы мемлекет деп түсінеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ауылшаруашылығы табысының көлемі, жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда, 27-29%-ға дейін баратын, ал қазір бар болғаны 5%. 20%-ға дейін өсірген жағдайда әлдеқайда тиімді болар еді. Ол үшін ұзақ мерзімді ауылға серпіліс беру мемлекеттік бағдарламасын жасау керек.

Қазір бізде  азық-түлік, ет пен сүттің шамамен 40% шеттен келеді. Керісінше, біз сатуымыз керек емес пе? Қазақстан осынша байлығымен ата кәсібіміз – малмен елімізді қамтамасыз ете алмаса, болашағымыз қандай болмақ? Сол себептен Қазақстанда «Мал өнімдері» және «Астық» холдингтерін құруды мемлекет қолға алуы керек. Тез арада дүниежүзінде алдыңғы орын алуға бар күшті жұмсап, ауылды да жоғалтып алмаудың амалдарын іздеген жөн. Біздің ел мал өнімдерін дамытудың жолын біледі. Кезінде Тұрар Рысқұлов РСФСР Совнаркомы төрағасының 11 жыл бойы орынбасары болып тұрғанында, В.Сталинге: «Жолдас Сталин, ет –  валюта. Мал өнімдерін дайындап, Еуропаға ет сатып, одан түскен қаражатқа өндірісте істейтін маман-инженер даярлайық», деген. Осы сөздің мәні қазір де маңызды. Кеңестер Одағы тұсында Қазақстан сыртқа 300 мың тоннадан астам жоғары сапалы мал өнімдерін шығарғанын ескерсек, бүгіннен бастап мал шаруашылығын жандандыруды жолға қою қажет, ертең кеш болады.

Әлі де болса біз дүниежүзінде ауылшаруашылық  өнімдері арқылы бәсекеге түсе аламыз. Себебі әлемде алдағы 30 жылда ауылшаруашылық өніміне 2 еседен көп сұраныс туады, ал су тапшылығы 50-60%-ға дейін өседі. Осы мүмкіндікті пайдаланған дұрыс.

 

Жерді игеру – елді игеру

Бастапқы кезден-ақ, табиғи қазба байлықтары мен адам капиталын, қазақтың қанға сіңген кәсібі мен ұлттық болмысына тән ауылшаруашылық саласын дамытуға, жерді игеруге басымдылықтың берілмеуі бүгінде халқымызды ұлт ретінде рухани азып-тозуға, ата кәсібінен мәжбүрлі тамыр ажыратуына әкеліп соғып отыр.

Ата кәсібіміздің мекені – ауылдың халін айта келіп, өскелең ұрпақтың трагедиялық тағдырын осылайша ашып көрсеткен жөн. Ықылымнан ауылды жерге тамырын жайған қазақтарға урбанизациялық реформаның әлі де ауыр тиіп отырғанын, әлеуметтік-рухани азып-тозғанын тілге тиек етпеске болмас. Мұның салдары бүгінде жерді шетелдіктерге жалға беру, өзімізге жер сату дауына әкелгенін білесіздер. Биліктен мегаполис жасаймыз қала халқын көбейтейік деп, мысалы АҚШ-та азғантай-ақ пайыз ауылда тұратындар бүкіл мемлекетті асырап отыр деген урбанизация сөздерін айтады. Бұл жансақ пікір. Стратегияны ойласақ керісінше технологияны да, адамды да ауылға тарту керек.

Осындай келеңсіздіктерді өз қолымыздан жасағанымызды қалай кешіруге болады?! Тегін жер үлестерін өз қолымен игере алмағандары ұжымдасып, кооперация құру арқылы еңбек етуге болады. Бұл іске жергілікті жердегі қоғамдық кеңес пен Мәжіліс депутаттары септігін тигізуі керек, әкімшілік көмектесуі тиіс. «Жерді игерудегі ең түбегейлі мәселе ретінде «Кооперация туралы заңның» қалай іске асырылып жатқандығын «Жер туралы комиссия» қарау керектігін және «Парламенттік тыңдау» өтуі керек. «Қазақстанда жерді игерудің ең тиімді жолы 2015 жылы 29 қазанда қабылданған «Кооперация туралы заңын» іске асыру тетіктері неге нашар жүріп жатыр?

«Жер Кодексі» қабылданғаннан бері қарай жер қалай пайдаланылып жатыр? Кімнің қолында? Қандай заңдылықтар бұзылып жатыр? Жүздеген, мыңдаған гектар жер латифундистер мен байлардың қолына қалай өтті? Оның игерілмей жатқаны қаншама?

Бұл мәселеде Парламенттің, жергілікті әкімшілікпен қатар, мәслихаттың, сол сияқты қоғамдық кеңестің рөлін күшейту керек. Әкімдердің жұмысын осы «Кооперация заңын» қалай іске асыратындығымен бағалау керек, егер ақтамаса, орнынан алу қажет. Сонда ғана іс жүреді! «Ауылшаруашылығын үдемелі дамытудың 2030 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасын» (бұл ұсыныс «Жер Кодексінің» 4,6 –бабына кірсін) жасау керек.

Игерілмей жатқан жерді қайтару тетігін іске асыру үшін игерілмеген жерлерге салықты 10-20 еселеп көбейту өз нәтижесін береді деп талай айттым да, жазды да. Жер-Ана қазір сырқат. Жердің қазіргі жағдайын, саламаттылығын анықтап алу үшін аудит жүргізу қажет. Яки, «Табиғат пен Жердің, адамның гармониясы болған елде ғана несібе көп, бақыт бар», — деп Шәкәрім бабамыз айтып кеткен.

Егер елімізге түбегейлі өзгеріс жасағымыз келсе, «Жер Кодексі» туралы жаңа заң жасалып, ол Парламентте қабылдануы тиіс. Жерді анамыздай қастерлеп, тиімді пайдалану арқылы өзіміз де өсеміз, елімізді де көркейтеміз. Жердің құны жоқ! Ал құны жоқ Жерді қалай сатуға болады?! Қазақтың коды жер десе де болады. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай айтқандай: «Ел өседі, мал өседі, жер өспейді». Жердің құны жоқ. Мұны К.Марксте айтқан. Құны жоқ жерді қалай сатамыз? Жерді анамыздай қастерлеп, тиімді пайдалану арқылы, өзіміз де өсеміз, елімізді де көркейтеміз!

Жер дауы көтерілгенде қазақтың ұлтжанды азаматтары, зиялылары бас көтеріп, «жерді сатпаймыз, шетелге жалға бермейміз» деп, халыққа үндеу тастадық. Олар: Ж.Әкім, М.Шаханов, М.Әуезов, Д.Исабеков, С.Сматаев, С.Ғаббасов, М.Елеусізов, Ж.Тұяқбай, М.Өтелбаев, М.Мырзахметов, Б.Рақышев, Р.Елешев, К.Елемесов, Ғ.Қабышұлы, К.Жұмаділов, Д.Көшім, М.Тайжан, А.Сырым, М.Қулкенов, Ж.Ерман, Ә.Әлібаев, З.Баталова, Ә.Қосанов, Ғ.Хайролла, М.Тоқашбаев, Р.Жұмалы, Ж.Қалыбай, Ұ.Есдаулет, Б.Қойшыбаев, Е.Бапи т.б. ұзын саны 500-ден асатын ұлтжанды азаматтар және қоғамдық ұйымдар.

Халықтың бас көтеруінің арқасында, елбасы жерге моратория жасап, жер реформасы туралы мемлекеттік комиссия құрды. Менде сол жер реформасы комиссиясының бір мүшесі ретінде, біраз ауқымды жобалар мен ұсыныстар жасадым.

Негізгі ұсынысым, жерді шетелдіктерге жалға бермей, Қазақстан азаматтарына сатпай, 49 жылға тек ҚР азаматтарына ғана жалға беру арқылы кооперациялау туралы заңды және басқа да тетіктерді іске қосып жерді тиімді пайдалануға болады. Бізге, яғни қазақ мемлекетіне Жаратушы тәңірден берген және ғасырлар бойы сақ, ғұн, түркі қағанаты, т. б. хандықтар тарихында ата-бабаларымыздың қаны төгілген жерді, ұрпақтан- ұрпаққа аманат етіліп келе жатқан және келер ұрпаққа қалдыру моральдық   парызымыз болып  табылатын жерді ешкімге сатуға болмайды. Жер — қазақта қанша хан, бай, би болса да, жекенің меншігінде болған емес, сатылған да емес.

Қайсарлық көрсетіп, халық қолдауына ие болған комиссия құрамындағы ұлт жанашырларының аз ғана тобының маңдай терінің және де аймақтарға барғандағы халықтың жерді сатуға қарсылығының арқасында ғана Президент жерге бес жылға мораторий жариялады.

Жетістік болды, алайда, жер мәселесі түбегейлі шешілмеді. Қазіргі жана қабылданған жер туралы заңда да мәселе түбегейлі шешілмей қалғандығын өкінішпен айтып наразылығымды білдірудемін. Мұның да дау-дамасы алда күтіп тұр? Сөз жоқ, қазақ халқының елге, жерге, ауылға деген мейірімі ерекше. Жер – қазақтікі болып қалуы тиіс! «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды,- дейді Абай.

Өз жерімізді тиімді игеру  мақсатында, «Тың жерді игеру арқылы қазақ елін жаңа белеске көтеру (Қазақ өрісі)» атты жобаны ұсынамын және оны іске асыру үшін ҚР Парламенті «Ауылшаруашылықтық еркін экономикалық аймақ туралы» ҚР заңын қабылдауы тиіс.

Әлемде болып жатқан жаңа құбылыстарды, күрт өзгерістерді, ХХІ  ғасырдың цивилизациялық  дамуын ескере отырып, Қазақстан тек өзін ғана емес, сонымен қатар дүниежүзінде 1,3 млрд ашаршылықта жүрген халықтың белгілі бір мөлшерінде де азық түлікпен, мал өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар және соған үлес қосу үшін осы жобаны іске асыруға бел байлауға болар еді.

Қытаймен шекаралас жатқан Алматы облысы, Жетісу алқабында, Іле ойпаты, Балқаш көлі, Алакөл, Зайсан көлі аумақтарын қоса Шығыс Қазақстан облысында және тағы басқа өңірлерде өте құнарлы жер аймақтары бар, суармалы, шөпті таулы жайылымдары, үлкен-үлкен жүздеген километр белдер, «оазис» жерлерді азық түлік өсіруге, мал өнімдерін жасауға т.б. дақылдармен айналысуға әбден болады. Осы аумақтарда Еркін ауыл шаруашылықтық экономикалық аймақ құрып, еліміздегі мыңдаған жастарды тың игеруге жұмылдырып, «Қазақ өрісі» атты жобаның негізінде мынадай іс-шаралар жасалса:

Біріншіден, бұл  жерлерді Мемлекеттік қолдау арқылы «Еркін экономикалық аймақ» жасау керек, инфрақұрылымды құру қажет, тұратын үйлер, материалды техникалық базалар салу, тағы басқа іс-шаралар керек. Бұл туралы Парламентте арнайы заң қабылдау қажет. Инвестиция салуға, несие, салық жүйесіне жеңілдіктер беру керек. Үкіметпен бірге, облыстарда жерді игеру бағдарламасын жасау керек.

Екіншіден, сонымен қатар ол жерлерді игеруге оңтүстік өңірден (мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 млн. жуық халық тұрады, жұмыссыздық көп), т.б. Республикамыздың халқы тығыз жерлерден 500 мыңға жуық халықты, әсіресе жастарды (Советтер одағындағы БАМ, Целинаны игергендей) осы  жаңа мегажобаны игеруге жұмылдыру қажет. Израильдың дүниежүзіне белгілі тәжірибесін пайдаланып, Кибуцтер жасалсын. Баяғы «БАМды, Целинаны» игерудей кешенді істер болса. Мұндай мәселеде халықтың да патриоттық сезімі көтерілер еді. Жаңа ауылда жастар жаңа өмірді бастар еді. Жастар кооперациясы құрылсын. Ең маңыздысы, басқа елдермен шекаралас жерлерді игеру  арқылы  қауіпсіздігіміз де артар еді! Оларға көтеріңкі жолақы, жөнді жалақы беріп, барған жерде барлық жағдай жасалса. Жастар елімізді көтеруге, отан алдындағы патриоттық борышын жете түсініп, жастар да қанаттанып жаңа өмірді «Қазақ өрісінен» бастар еді.

Үшіншіден, бұл жобаға «Ауылға асар» ретінде Қазақстанның қалталы азаматтары, меценаттары, облыс, аймақ болып, жалпы халық болып септігін тигізсе, игі іс болар еді. Бұл мегажобаның қаражаты әртүрлі саладан құралуы мүмкін. Олар: Мемлекеттік, Республикалық, жергілікті бюджеттер, бай-қуатты бизнесмендердің өздері іс жасау, жоба игеру инвестициясы, шетел инвестициясы, асар ретінде, Заңды және жеке тұлғалар, жалпы Қазақстан халқының көмегі ретінде арнайы «Қазақ өрісі» атты қор құру қажет.

Төртіншіден, бұл жобаның геосаяси мәні бар екенін де естен шығармау қажет. Қазақстанның қауіпсіздік мәселесі әр уақытта бірінші кезекте тұруы тиіс. Келешекте демографиялық өсуге де жақсы мүмкіндік болар еді. Егер ата-бабаларымыз сонау ақтабан-шұбырындыдан бастап, ашаршылықтан тағы басқа кері саясаттың салдарынан шетелге тау асып кетсе, енді сол құнарлы жерлерімізді олардың немере-шөберелерінің игеруге бет алуы — бұл үлкен құбылыс.

Бесіншіден, осындай Еркін экономикалық аймақтарды Ресеймен шекаралас облыстарда құрса. Мысалы Өзбекстанмен шекаралас жатқан Оңтүстік өңірлерде құру керек. Мұнда негізгі басымдылықты жеміс-жидек, көкөніс, мақта өндірісімен бірге мал өнімдеріне де берілген жөн болар еді. Шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыссыздықты жоюдағы рөлі өте жоғары. Ол үшін ауылды мекендерде жұмыс орындарын құруға арналған «шағын және орта бизнесті үдемелі дамыту» жөніндегі арнайы бағдарлама қабылдаған жөн.

Алтыншыдан, енді қазақтың, қазақстандықтардың ұлттық проблемасын  басқа  біреулердің  мойнына  артпай  (25 жылға жерді жалға берейік. Мысалмен айтқанда, солар асырасын демей) тек өзіміз «екі қолға бір күрек демекші» шешуіміз керек. Егемендік алғалы 29 жылда қабырғамыз қатты, дүниежүзіне белгілі ел болдық, мүмкіндігіміз де бар. Енді жалтақтаудың жөні жоқ. Енді барлығы тек халықтың бірлігінде, рухани – патриоттық күш жігерінде. Міне бұл жоба халықты оятатын жоба, ләйім солай болғай.

Жетінші, бұл жобада тағы басқа тетіктер көрсетілген. Жерді игеру жобасы арқылы Қазақ елін жаңа белеске көтеру қажет. Бұл Қазақстан халқының жаңа амбициясын көрсетер еді. Мәселе саяси шешімде, халықаралық имидж үшін бұл жоба тікелей ҚР Президенті Қ-Ж.К.Тоқаевтың патронажында болғаны абзал.

Үкімет 13 жылдан бері заң бойынша уәде беріп келе жатқан 10 сотық, 25 сотық жер учаскелерін және ауыл тұрғындарына уақытысында берілген 1-10 га дейін жер телімдері (үлестерін), тез арада осылардың бәрі халыққа тегін берілсін. Ал жергілікті әкімшілік өкілдері тікелей іске асырсын! Осы іс-шаралардың іске асырылуын БАҚ жариялы түрде үнемі халыққа ашық хабарлап отырсын.

ҚР Президентіне тікелей бағынатын, еліміздегі жер ресурстарының барлық түрлерін рационалды және тиімді пайданалу тұрғысынан ҚР жер ресурстарын басқару жөніндегі Ведомствааралық Мемлекеттік Агенттікті қайтадан құру және оның басшысына Премьер министрдің орынбасары лауазымын беру.

Қазір бізде ауылға барып жұмыс істейтін кәсіби мамандар дайындау – кезек күттірмейтін міндет болып отыр. Осы тұста, жастарға айтарым ауыл шаруашылық мамандықтарын таңдау, азық-түлік, мал кәсіпкерлігімен айналысу – бұл ескі дәстүр емес, қайта артықшылық. Тек атына қызығып, жаппай экономист, заңгер болғанша, атакәсіп – мал, егін шаруашылықтарын игеріп, бай-бақуатты күн кешуге әбден болады. Жастар барынша рационалды болғаны дұрыс. Сонда ауылдың да еңсесі көтеріледі, еліміздің де азық-түлік қауіпсіздігі күшейеді. Ауылға көмек тек ауылдағылардың еншісі болмауы керек. Оны Үкімет, Парламент, зиялы қауым, бүкіл ел ойлауы қажет.

Қазақша айтқанда, ауылға «Асар» қажет. Өткенді еске алсақ, бәріміз ауылдан  шықтық.  Оқып  жүргенде  ақша  да,  ет те, сүт те, құрт та ауылдан келетін. Енді қаладан ауылға таситын жағдай туындады. Қайтарымы болуы керек емес пе? Инвестицияны да ауылға қарай бұру қажет. Сол ауылда туып-өскен, қазір қалада білімді, өнерде жүрген, спорт саласындағы, бизнесі бар т.б. азаматтар бірігіп демеуші ретінде өз ауылына көмек берсін. Ауылға қаражатты тарту үшін әр ауданда биліктің пәрменімен «ақыл-кеңес беретін орталықтар» құру керек. Олар несиені қалай алу, бизнес-жоспарды қалай жасау, кіші кәсіпорынды қалай ашу, кәсіпті неден бастау, т.б. ауылды дамытатын іс-шаралар ұйымдастырып, ауыл тұрғындарын жұмыспен толық қамту үшін қызмет етуі керек.

Әр аудан әкімшілігі сол жерден шыққан, бірақ шет жақта жүрген азаматтардың басын қосып, бағдарламалар жасап, «Ауылды қалай дамытамыз» деген ұсыныстармен шықса, игі іс болар еді. Қазақта елге, ауылға деген рухани мейіріміміз жеткілікті. Сондықтан осы бастаманы қолға алып, жаңа мүмкіндікті іске қосқан жөн. Сонда ғана туған ауылына келген әр азаматтың еңсесі түспейтін болады.

Сөз соңында айтарым, біздің келешегіміз бір аламан бәйге, алда келе жатқан екі тұлпардың жарысы сияқты. Бір жағынан көз ілеспей дамып келе жатқан жаңа технология, екінші жағынан біздің ақыл ойымыз, парасатымыз, рухани құндылығымызбен қатар ауылды көркейту, киелі жерді игеру. Ең дұрысы, осы екі тұлпарды жеке-жеке жібермей, бір арбаға жегіп жарыссақ озар едік.

Қазақтың сөзімен айтсақ ауылға асар керек. Бәріміз ауылдан шықтық, тегіміз ауыл болғандықтан мұндайда ешкім шетте қалмау керек. Мысалы біздегі Форбс журналындағы 50 ең бай миллиардерлеріміз бен миллионерлеріміз, оның ішінде атап айтсақ Б.Өтемұратов, В.Ким, Т.Құлыбаев, Д.Құлыбаева, А.Ибрагимов, Р.Сарсенов, К.Ракишев, Н.Смағұлов, Қ.Боранбаев, Д.Абулғазин, С.Сейтжанов, А.Нуриева тағы басқалар ауылға аса көңіл бөліп, бір-бір ХХІ ғасырдың жаңа ауылдарын салып, ауылшаруашылығын әртараптандырып, зауыт-фабрикалар салып, әсіресе мал өнімдері мен азық-түлік тауарларын өндіріп тек өзімізді ғана емес және әлемдік нарық жүйесіне шығаруға ат салысса.  Ең басты мәселенің бірі тез арада осы уақытқа дейін қабылданбай жүрген «жергілікті өзін-өзі басқару» заңын қабылдау қажет. Үкімет ауылды аймақтарымен дамыту стратегиялық бағдарлама қабылдау керек.

Ауылға көмек тек ауылдағылардың еншісі болмауы керек. Оны Үкімет, парламент, зиялы қауым, бүкіл қоғам, ел болып ойлаумыз қажет. Қазақша айтсақ ауылға «Асар» қажет. Ауылдан шыққанымыз рас болса, ауылға қазір бет бұрсақ, дамытсақ, ертең әлемдегі ауылшаруашылығы озық ел болуға мүмкіндігіміз бар. Мұны ата-тегіміздің тереңде жатқан, ертеде мықты империя Түркі елі болғанымыздың бүгінгі сол елдің ұрпағының ХХІ ғасырдағы жаңа амбициясы деп әлемді түсіндіру біздің парызымыз деп білейік.

 

Оразалы Сәбден,

Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик.

Abai.kz