АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ МИНИСТРІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН КҮН
Депутаттар жер көлемі жағынан әлемдегі ондықтың бел ортасында тұрған қазақияның жайылымдық жерінің аздығына жəне тиісті заң қабылданғанымен, сол заң жарты жылдан астам уақыт бойы орындалмай жатқаны үшін, екі қызметтің басын ұстаған Асқар Мырзахметовке (Үкімет басшысының орынбасары және ауылшаруашылық министрі) реніштерін білдірді.
Бұл өзі көптен бері айтылып келе жатқан мəселе. Жер көп, бірақ шаруалардың мал бағатын жайылымдары аз. Елімізде 186 миллиард гектар жайылым бар. Ұшы-қиыры жоқ жер болғанымен, ол жай жатыр.
Осы мəселені шешу үшін, заң қабылданғанымен, орындалмай келе жатқаны депутаттардың ашуын туғызғаны байқалады.
«Бұған кім жауап береді?», — деп ойын ашық айтқан депутаттар да кездесті.
Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев: — Ұлан байтақ жердің 50-ақ миллион гектарын пайдаланып отырмыз. Бар малымыз соның үстіне сиып жатыр. Ал 100 миллион гектар жер сүрленіп, бос жатыр. Ең қызығы, бос жатқан сол жерлер картада көрсетілмеген. Неге бұлай? Кім бұған жауапты?» деп ашуға мінді.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов: — Осыған дейін де ауыл шаруашылығына қомақты қаржы бөлініп келді, көптеген кәсіпорындар, шаруақожалықтар субсидия алды. Бірақ көбінікі тиімсіз болды жұмыстары. Жеңілдетілген несие, субсидия қалай бақылауға алынады? Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан жоқ па? – деп ескерту жасады.
Министрлік өкілдері бұған жергілікті əкімдер жауапты деп ақталғанымен, министр сөз тізгінін өзі алып, тиісті жұмыстар атқарылатынына сендірді. «Түк істелмей жатыр деп айта алмаймын. Мүдделі бізбіз, тиісті жұмыстар атқаратын боламыз», — деп қысқа қайырды ол.
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК