🇰🇿 «АУЫЛЫМ- АЛТЫН БЕСІГІМ» Ащыбұлақ ауылында.
Бұл ауылдың кейінгі тарихы Жамбыл ауданының негізі қаланған 1928 жылдан тамыр тартады. Бұрынғы кеңестік жүйе қалыптасқан тұста алғашқылардың бірі болып колхоз құрылғандықтан, бұл ауылдың атауы «Пионер» деп аталған. Ауылдық округ аумағында Ащыбұлақ, Қосмұрат ата, Көделі, Қызыл жайлаулары бар.
Кезінде Ащыбұлақтың суын тұрғылықты халық асқазан, тері ауруларын емдеуге, тұзын мал жалауға пайдаланған.
Ауылдың өркендеу кезеңі 1950 жылы басталды. «Пионер», «Шайдана», «Сеңгірбай» шағын шаруашылықтары бірігіп, іріленген «Пионер» колхозын құрды. Ұжымшар асыл тұқымды меринос қойын өсірумен, қант қызылшасы мен ақ егіс егумен айналысып, жоғары көрсеткіштерге жетті. Кейіннен мұнда егістік алқабы мыңдаған гекторға, қой саны 30 мыңға таяды. Нәтижеде ауылдың еңбек адамдарының бірқатары мемлекет наградаларымен марапатталды, Бүкілодақтық Жетістіктер Көрмесіне барып қайтты.
Шаруашылықтың жазғы мал жайылымы Көделі көктеуінде, қыстауы Мойынқұм өңірінде болды.
Осыдан 5 жыл бұрын Пионер елді мекеніне тарихи атауы қайтарылып, Ащыбұлақ ауылы және Қарасу ауылдық округі болып аталды. Бұл – тәуелсіздік жемісі.