Ауылым алтын бесігім болып,қала берер ме екен?!
Ауылдың мәселесі жалпы мемлекет деңгейіндегі құрделі мәселе. Осы орайда азды кем ой бөліскен едік:
Елді мекендердің қалыптасуы бірнеше табиғи түрде болатыны мәлім. Бірі ағайындасып шаруашылық жүргізу болса, келесісі қорғаныс үшін ұжымдасу. Ал кезінде осындай табиғи түрде қалыптасқан ұсақ елдімекендерді күштеп ірілендірді де колхоз, совхоз жасады. Рас, жұмыссыз ешкім болмады, істесе де істемесе де тиын-тебен алды. Бүгінгі шындық мүлдем өзге. Қажетсіз адамдар көбейіп кетті. Олардың біразы «өзін-өзі қамтыған» деген статусқа ие болса, жастаулары ауылда кәсіп болмаған соң, нәсіп іздеп қала тентіреп кетті. Ауылдағы жұмысқа жарамдыларды шаруа қожалықтары мен мекемелер толықтай жүмыспен қамтамасыз ете алмайды. Жұртта қалып жатқан шал-шақпұттар немере шөберелерін бағып, балалары қалада. Өскен баланың бәрі қалаға тартуда. Мектептегі бала саны жылдан жылға азаюда. Кеңес кезінде салған «титаник» мектептерді ұстау орасан шығынды талап етеді. Ауылды гүлдендіру қажет пе, әлде ол бейбақтарды қалаға қоныстандырып, босаған жерді латифундистерге аманаттау қажет пе!?
Алаш Тарихи-зерттеу Орталығы:
Адамзат бар кезде, ұдайы сұранысқа ие экологиялық таза азық-түлік өндіру, Қазақ Елінің экономикалық стратегиясының негізі болуы тиіс.
Біз – қоғамымыздың кез-келген саласындағы ғылыми-техникалық прогресске қарсы емеспіз, бірақ – ұлттық экономикамыздың негізі, алтын қазығы – ата кәсібіміз – мал шаруашылығы мен егіншілік екенін мойындап, ауыл шаруашылығының осы салаларында, ата-бабаларымыздың ғасырлар сынағынан өткен технологияларын қолданып, экологиялық таза, әрі жоғары сапалы өнім өндіруде әлемдік ең соны техника – жабдықтарын пайдаланып, дүниежүзілік бәсекелестікке төтеп беретін ұлттық өнімдерді жаңғыртып, оларды әлемдік экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін нақты және тиімді жолдарды ұсынамыз:
— Қазақ Елінің кез келген азаматы өз туған жерін — Ауылын мәңгілік отаным деп тануы үшін, ұрпағының ертеңгі күніне сенімді болуы үшін, қай уақытта болмасын өз ауылының экономикасына үлес қосуға мүмкіндігі болуы үшін, Жерге тек қана мемлекеттік меншік орнату арқылы әр бір елді-мекен төңірегіндегі ЖЕР және СУ ресурстары осы Ауылдың қазіргі және болашақ тұрғындарының ортақ байлығы саналып, оларды пайдалану тек қана ұзақ мерізімді жалға беру арқылы жүргізілуі тиіс;
— Еліміздегі 200 аса аудан орталықтарын, сол төңіректегі елді-мекен тұрғындарының мәдени-рухани-ғылыми-технократтық мұқтаждықтарын өтейтін және олардың өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін кешенді түрде ұқсатып, бірден экспортқа шығара алатын технопарктерге айналдыру үшін, ҮКІМЕТ әр ауданның ДАМУ ҚОРЫ-ның құрылуына ықпал етіп, оған әр-бір елді мекеннің көп салалы «Ұждан» мәдени ағарту Клубтары жетекшілерінен құрылған БИЛЕР КЕҢЕСІ қоғамдық бақылау жасап, Қорға жыл сайын ең болмаса 1(бір) млн.евро бөліп тұрса, бірер жылдан соң аудандық ДАМУ ҚОРЫ-ның өндіруші салаға жұмсаған қаржысы бірнеше есе болып қайтып, Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, иммиграция, демография жастар саясаты, білім, денсаулық сақтау т.б. мәселелер кешенді түрде шешілер еді.
Осындай жолдармен, Еліміздің табиғи даму ресурстарын толық игеріп байыған, соның арқасында өсіп-өніп, оқып-тоқыған, Еліміздің түпкір-түпкірінде пайда болатын 200 аса халықтың өмір сүруіне ыңғайлы кіші-қалаларда одан әрі өз ақыл-ойын-қайратын қолдануға мүмкіндік таппай, қолы босайтын болашақ ұрпақ – сол кезде ғана үлкен қалаларға барып, бәсекеге қабілетті зерделік және өндірістік өнім шығарып, өзін ақтайтын мегаполистерді дамыту міндетін — өз еншісіне алуы керек
Құрметті ағайын, Сіздердің ой- пікірлеріңіз қалай?
Дайындаған Заман Төлеуов