Авиабилеттер неге қымбаттады?

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанда авиабилеттер бағасының қымбаттауының негізгі себептерін атаған Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының (International Air Transport Association, IATA, ИАТА) Орталық Азия бойынша өңірлік менеджері Джордан Карамалаков: «28-і қарашада Мәскеу әуежайларында керосин (авиациялық жанармай) тоннасының бағасы 43 мың рубльге дейін өсіп кетті. Бұл АҚШ валютасына шаққанда тоннасы 737 доллар болмақ. Жалпы, Ресейде керосин бағасы өсіп, орташа әр тоннасының бағасы 782 долларға жетті.

Ал қазіргі таңда Қазақстанда керосиннің тоннасы 900 долларға жетіп жығылды. Баға мұндағы бір әуежайда 15 қыркүйекте, екінші бір әуежайда 28 қазанда көтерілді және қосылған сома 20 проценттен жоғары болды. Жанармай бағасы көтерілгендіктен, ол Қазақстанда да сонша ппайызға көтерілді. Яғни, айырма баға сақталды. Бар мәселе сонда.

Одан бөлек, биыл тамыз айында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы жарияланды. Оған сәйкес, әуежайлардың халықаралық рейстеріне мемлекеттік реттеу тоқтатылды. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық әуежайлар әуекомпаниялар көрсететін қызметке өз бағасын қоюға мүмкіндік алды», — деп мәлімдеді.