«Автобус» жол тәртібін бақылайды
Орал қалалық ішкі істер басқармасы жолаушылар тасымалдайтын қалаішілік қоғамдық көліктердің жол үстіндегі қозғалысын ұдайы назарда ұстайды.
Басқарманың баспасөз қызметі хабарлағандай, 4-13 қазан аралығында ұйымдастырылған «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы осы мақсатқа бағытталды. Қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобус жүргізушілері тарапынан тіркелетін жол-көлік апаттарының алдын алуды және апаттың жай-күйін талдауды көздеген іс-шара аясында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандар анықталып, көлікті мас күйде басқаруға тыйым салынғаны жөнінде ескертілді. Сонымен қатар жолаушылардың өмірі үшін жауапты қоғамдық көлікті тізгіндеген жүргізушілерден жол үстінде жылдамдықты арттырмау талап етілді. Рейд кезінде олардың жол үстінде қауіпсіздік белдіктерін тағуы, ұялы телефонды қолданбауы секілді жайттар тексерілді.
«Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы алғашқы үш күнде 37 жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзған екі жүргізушіге, жолаушыларды, багажды автокөлікпен тұрақты немесе тұрақты емес тасымалдауды, сондай-ақ жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде рейс немесе ауысым алдындағы техникалық қарап-тексеруден өтпеген автокөлiк құралдарын пайдалануға шығарған бір жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқарған екі жүргізуші, қоғамдық көліктің рөлінде отырып, ұялы телефонмен сөйлескен он тұлға анықталған. Тағы жеті жүргізуші маневр жасау қағидаларын бұзып, өзге де жол жүрісі қағидалары бұзылған алты факті тіркелген.