Аядай ауыл жыл ішінде өркендеген
Былтыр Қырғызстан Республикасымен шекаралас жатқан Жамбыл ауданына қарасты Қаратау ауылында таза ауызсу да, «көгілдір отын» жүйесі де, тіпті отандық байланыс операторы да болмаған еді.
Округ орталығынан жырақта тұратын тұрғындар ел ертеңіне алаңдайтын атқамінерлерді іздеп жүргеніне де біршама уақыт өткен.
Әйтсе де 2019 жылдың соңына таман ауданға әкім болып тағайындалған Сәкен Арубаев Қаратау ауылына зерделеу жүргізіп, тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, сол жылдың халық алдындағы есептік кездесуінде осы жоғарыдағы мәселелердің түйінін тарқатуға күш салатынын жеткізіп, жұртшылықтың көкейіне сенім ұялатып, қарашаны бір қуантқан еді.
Енді сөзден – іске көшіп, байламын тапқан бастамаларды жік-жігімен тарқатсақ…
Ауыл таза ауызсу жүйесіне қосылды
Қаратау ауылында осы күнге дейін ескі жерасты құбырларынан ақау шығып, су бірде берілсе, енді бірде тиылып қалың нөпірді әбден әбігерге салды. Одан қалса соңғы кездері тіршілік нәрінің құрамыда өзгере бастаған. Жалпы Жамбыл аудандағы 42 елді мекеннің 19-ы таза ауыз сумен қамтамасыз етілсе, үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Бәйтерек, Шоқай ауылдарына ауызсу жүйелерінің құрылысы басталып, кейбірі аяқталған. Бүгінде Жасөркен мен Қызылқайнар таза ауызсу жүйесіне қосылса, Қаратау ауылына «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 306 млн теңге бөлініп, ауылішілік көшелерге су құбыры толығымен тартылды. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Жігер-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық аулаға су тетіктерін жүргізіп берген. Жаңа жыл қарсаңындағы игілікке аудан басшысы Сәкен Қаланұлы арнайы барып, көпшіліктің қуанышына ортақтасса керек. Енді әр тұрғын көше бойындағы ауызсу желісіне қосылуға белсенділік танытуы қажет. Бұл туралы Айшабибі ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әзімхан Жарлығапов тілге тиек етті.
Қаратау ауылы — байланыста
Мұнда бұдан бөлек бауын тапса, байлауын таппай жүрген мәселе бар. Ол – ұялы байланыс операторының тапшылығы. Айшабибі ауылдық округінен 15 шақырымда орналасқан мекенде 850 тұрғын бар. Аядай ауылдың тұрғындары талай жылдан бері көршілес ағайындардың желісіне қосылып, туыс-туғаннан хабар алып отырды. Бұл – тұрғындар үшін тиімсіз еді. Мысалға, байланыс құралындағы 1000 бірлік аман-саулықты сұрасу үшін ғана жеткілікті. Қазіргідей қарыштап дамып жатқан заманда отандық байланыс неліктен қолжетімсіз деген сауал сіз бен бізді де мазалап отырғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен ұялы байланыс операторлары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында 2020 жылы Жамбыл облысы бойынша 46 елді мекен қамтылу керек болатын. Бүгінгі мәліметке сүйенсек, 40 ауыл байланысқа қосылып үлгерді. Соның ішінде Қаратау ауылы бар. Қазіргі таңда «Кселл» ұялы байланыс операторы орналастырылып, тиімді тарифтің рақатын тұрғындар көріп отыр. Қуантарлығы қаратаулықтар байланысып қана қоймай, ғаламтор желісінде пайдаланып отырған жайы бар.
Көмірді қажет етпейміз, — дейді Нұрғали Манапов
Жамбыл ауданында 26 ауылға газ жүргізілсе. Қазіргі таңда 13 ауылға «көгілдір отын» тартылуда. Оған республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп отыр. Игіліктер сәтті аяқталса газбен қамтылуы көрсеткіші өңірде 90 пайызды құрайтын болады. 2021 жылға қосымша республиалық және облыстық бюджеттен 507 млн теңге қаралған. Биыл Жұма станциясы мен Көлқайнар ауылының кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысына 84,3 млн теңге бөлінсе, Ерназар, Шайдана және Өрнек ауылдарына кварталішілік газ құбыры желісінің құрылысын жүргізу үшін 655,3 млн теңгеге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылмақ. Ал Қаратау ауылының маңына бүның алдында газ құбыры табан тіреген болатын. Бүгінде тұрғындар белсенділік танытып, газ жүйесіне қосылып отыр.
«Көмірді қажет етпейміз», – дейді ауыл қариясы Нұрғали Манапов. – Шыны керек, әжелеріміз де, келіндеріміз де, өзіміз де көмір жағып, от жарудың машақатын жақсы білеміз. Бүгін алғашқылардың бірі болып, табиғи газға қосылып отырмыз. Үйімізде мереке, қуаныш қоса кіргенін несін жасырайын. Биыл айтпай кетуге болмас, ауылда біршама тірліктер тиянақталды. Мемлекетіміз халыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін түрлі жобаларды ұсынып, бағдарламаларды жүзеге асырып жатқанына жыл ішінде көзім жетіп отыр. Енді құрылыс жұмыстарынан жапа шеккен көшелерге асфальт төселсе деген тілегім бар, – деп сөзін түйіндеді.
Біз ауылдағы игіліктер туралы халықтан да, жергілікті билік өкілдерінен де жауап алған соң Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевты сөзге тартқан едік.
– Қаратау ауылындағы мәселелерді алғаш жұмысқа кіріскенімде егжей-тегжейлі зерттеп анықтағанмын. Расында жыл ішінде ауылға ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында осы ауылға қомақты қаражат аудардық. Қазіргі таңда елімізде ауыл-аймақтың тұрмысын жақсарту күн тәртібінде тұр. Мысалға, өткен жылы мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ауданымызға 5.5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, көшелерге асфальт төсеу жұмыстарына басымдылық берілді. Алдағы уақытта халық қажетін өтеу жолында көптеген мақсатты жобаларды жүзеге асыратын боламыз, – деді.
Біз осы тұста әлгі қарияның жол жабындысы төселсе деген тілегін аудан басшысына жеткізгенбіз.
– Біздің де өз жоспарларымыз бар. Қазір ауыл тұрғындары толықтай ауыз су мен газ жүйесі құбырларын үй іргесіне тартқан жоқ. Оның үстіне көмілген шұңқырлардың отыруы үшін уақыт керек. Ертең еңбегіміздің зая кетпесі үшін күткеніміз дұрыс. Бұл ауылдың көшелеріне және жарықтандырылуына жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр, – деді Сәкен Қаланұлы.
Расында халық қажетін өтеу жолында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес, соның бірі Жамбыл ауданындағы аядай ауылдағы игіліктер сөзімізді салмақтай кететіні шүбәсіз.
Жамбыл ауданының баспасөз қызметі
Ақжігіт Жетпісбай