Аяқ пен таяқ
Сыныптас қыздардың біріне ұзақ уақыттан соң амандық- саулық сұрап хабарласып едім. «Көңіл-күйім жоқ. Кейінірек хабарласамын. Ренжіме. Аман-есенбіз», – деді. Менің ойым сан-саққа кетті. «Отбасында бір қиын жағдай болды ма? Ұл- қыздарының бірі ауырып қалды ма? Жұмысында бір қиындық болды ма?» дегендей ойлар мазалай берді.
Арада бірнеше күн өткен. Көңіл-күйі сәл жақсарған болуы керек, өзі хабарласты. Сөйтсем , әлгі сыныптас қыздың 72 жастағы әкесі бір аяғын кестіріп, балдаққа сүйеніп қалыпты. Бірақ, аман-есен. Сыныптасым осы жағдайды уайымдап, екі-үш апта жұмысқа зауқы соқпай, жылаумен болыпты. Қайран қыз баланың көңілі-ай! Ақыры болары болған соң, бірнеше күндерден соң сабырға келіп тұрған сәті екен. Мен: «Бастың амандығын айт, құрдасым. Алланың сынағына не шара? Бір аяғының барына шүкір. Әрине, ауыр жағдай. Бірақ, сабыр ет» деп жатырмын.
Сосын есіме бір жағдай түскен. Менің әкемнің ағасы Несіпбай көкеме 19 жасында көз жара шығып, бір аяғын қара санынан кестірген. 19 жас жалындаған жастық шақ емес пе? Содан 77 жасына дейін 58 жыл балдаққа сүйенді. «Басқа түссе – баспақшыл» дей ме, біз есімізді білгенде қос балдақпен көше бойлап жүре беруші еді. Сол көкеміз бір аяқпен жүріп, үйленіп, 12 бала сүйді. 12 ұл-қыздың бәрінен қазір ұрпақ бар. Көкем жалғыз аяқпен жүріп, көк есегінің үстінен түспей жүріп бір ауылдың газет-журналын, хатын таратты. Пошташы болды. Айтыскерлігі өз алдына. Біз ес білгелі қос балдақпен жүрген көкемізге көз үйреніп кетті ме, әлде бала болдық па? Сол кісінің жан азабына онша мән бермеппіз. Бәлкім, ол кісі де әбден қиналған болар. Кесілген аяқ ауық-ауық сыздап, талай түні ұйқысыз өткен болар. Соның бәрін енді, сыныптасым әкесінің жағдайына сонша алаңдап, хабарласқанда ойландым.
Бір жағы әкесінің жағдайына жүрегі сыздап, ауырған құрдасыма риза болдым. Мейірім деген аяулы сезім әлі де бар екен. Мейірім өлмепті.
Құдай-ау, қазір қаншама ұл-қыз әкесін қарттар үйіне өткізіп жатыр. Әкенің бір аяғы түгілі, өзін де керек қылмай сырт айналған қатыгез жүректер қанша?
Әкесі бақытты екен. Жан-жүрегі езіліп, жағдайын ойлайтын қызы бар. Құрдасыма «Сендей мейірімді қызы бар әкеңіз бақытты екен», – дедім.
Адамдардан жылы жүрек, ізгі қасиет, мейірімнің жоғалмағаны қандай жақсы!
Ақ жол газеті