Аялы алақан мен мейірімнің бастауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әрбір сәби сүюді арман еткен отбасылардың жүрегіне үміт отын жағып, еліміздегі демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу.

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөз бар. Бесік тербетіп, 62 тамырын идіріп, ана атануға асыққан келіншектер мен ұл-қызын құшағына алып, аялы алақанының жылуын сездіруге ынтық ер-азаматтардың жалғыз арманы – бала сүю. Жалғанды жалпағынан басқан патша-падишах, бай-бағлан да бір перзентінің жолында жалған дүниені тәрк етуге бар. Отбасының барлық игілігі сәбидің үнінен бастау алып, барша кикілжіңі нәрестенің жоқтығына тіреліп, шаңырағының шайқалуына келіп тіреледі.

Қазақстандық отбасылардың әрбір алтыншысы балаға мұқтаж екенін айтып, мамандар дабыл қағуда. Ажырасудың көптеп орын алуы да осы статистикамен байланысты көрінеді. Айрандай ұйыған отбасының бақытты болуына бір перзентке зар болғаны кедергі болса, шамшырағы бәсеңдеп, жылуы сөніп, бақытынан безуден сақтап қалудың соңғы мүмкіндігі – жасанды жолмен ұрықтандыру екені айдан анық. Мемлекет басшысының «Аңсаған сәби» бағдарламасы ажырасудың алдын алып, адамдардың арманын орындауға таптырмас жоба.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2021 жылы облыста 202 әйел жүкті болып, оның 161-і дүниеге сәби алып келген. Оның 12-сі егіз, біреуі үшем болып дүние есігін ашқан. Былтыр облысымызға 431 квота бөлініп, 139 әйел жүкті болып, 92 әйел аман-есен ана атанса, биыл облысқа 401 квота бөлінген.

– Мен №6 қалалық емхана ұжымына және «Неке және отбасы» ЭКО (экстракорпоральды ұрықтандыру) орталығына алғысымды білдіргім келеді. Мен жүкті бола алмайтыныма шағымданып, емханаға барғанымда, ондағы ақ халатты абзал жандар мені тексерді. Соңыра дереу ЭКҰ-ға есепке алып, кезекке қойып, қамқорлық танытқан болатын. Менің кезегім келгенде шақырып, бағыт берді. Күйеуім екеуміз «Неке және отбасы» ЭКО-орталығын таңдадық және өз таңдауымызға өкінген емеспіз. Бізге берілген сынаққа төтеп беріп, барлық қиындықты артқа тастап, бүгінде біз егіздердің бақытты ата-анасына айналдық. Сол үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасына және сондағы атқарылып жатқан әрбір игі іске сәттілік тілейміз. Бала сүйе алмай жүрген отбасыларға біздің жолымызды берсін, – дейді табиғи жолмен сәби сүйе алмай, бағдарламаның арқасында бақытқа қол жеткізген Арай есімді жас ана.

Ел ішінде «жасанды жолмен туған балалар болашақта бала сүйе алмайды» деген қауесет желдей ескен кездер де болған. Алайда, бұл пікірдің негізсіз екенін әлемдік медицина дәлелдеп отыр. Әлемге ғылыми төңкеріс жасап, XIX ғасырда жасанды ұрықтандыруды алғаш рет 1976 жылы Кембридж университетінің физиологы Роберт Эдвардс енгізген еді.

Екі жыл өткен соң тұңғыш рет жасанды жолмен Лондонда Луиза Браун есімді қыз дүниеге келіп, ата-анасын шаттыққа бөлесе, 28 жасында өзі табиғи жолмен ана атанады. Міне, жасанды жолмен дүниеге келген балалар толыққанды ғұмыр кешіп, табиғи жолмен бала сүйе алатынының дәлелі де осы.

Ал, Қазақстанда алғаш рет экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы өмірге келген сәбидің есімі – Юля. Оның жасы бүгінде жиырмадан асқан. «Аңсаған сәби» аялы алақан мен мейірімнің бастау бұлағы болып тұр.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.