Әз-Наурызды Қазақияда жаңаша аталып өтуіне не кедергі?

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі тарихында ерекше аталып өтілуге тиіс екі мереке бар. Оның бірі — 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні, екіншісі — 22 Наурыз мейрамы. Өкінішке орай тап осы екі мерекенің аталып өтуі көңілге кірбің түсіреді. Тіпті жүрекке күмән ұялатады… Тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсап, жете алмай кеткен күн еді. Оған біздің қолымыз жетті. Шүкір, тоба! Бірақ оның қадіріне қаншалықты жетіп жүрміз? Бұл үлкен сұрақ?

Ел басқарған  азаматтарға сын

Сәуле Мешітбайқызы

Егер тәуелсіздіктің қадіріне жеткен болсақ, әлі күнге дейін тұғырына қона алмай жүрген тіл мәселесі болмас еді. Ойланайықшы, бір ғана Қытайда саны жиырма миллионнан асатын 58 ұлт бар көрінеді. Оларға тәуелсіздік арман!.. Бізге Құдай қарасып, ұлан-ғайыр жер берді. Тіл мен дін берді! Сынақ өмір сырғып өтіп жатыр… Өкініштісі, тәуелсіздік мерекесі Жаңа жылдың қатпарында, соның жарқ-жұрқ еткен жарнамаларының, дүкендер мен мекемелердің маңдайшаларындағы құттықтау сөздердің тасасында қалып қойып жатыр…
Енді Наурызға келейік. Ол да әлі күнге өз биігіне шыға алар емес. Сол баяғы сарын. Көше түгілі ғимараттардан мерекенің шуағы сезілмейді. Тек 22 наурыз күні ғана ұлттық киім киінген жігіт пен қыз, шапан жамылған, камзол тағынған шал мен кемпір көресің. Сценарий бойынша шырқалған ән мен күй де сол күннің еншісінде… Баяғы көрініс! Театрланған қойылымдар. Ақшаңқан үйлер. Ат жарыс. Күрес. Аламан айтыс… Болды. Біздің бүгінгі Наурызға дайындығымыз осы ғана. Жалпы ұлттық деңгейде тойланбағасын, оңтүстік пен батыстағы Наурызды тойлау үлгісі бірізділікке түспегесін осылай жалғаса бермек. Әйтпесе, көрісу мен наурыз көжені бөле ішу қай қазаққа жат еді? Шүкір, Атырау және Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі — «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Қыстан аман-есен шыққанына шүкіршілік етеді. Сонымен бірге, барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады. Осы «көрісуді» бар аймақта жандандыру ел басқарып отырған аптал азаматтарға сын! Қазақ жұртының бірлігі мен бауырмалдығын арттыруда керемет дәстүрдің алар орны бір төбе…
Наурызды «жаңа күн» деп әспеттесек, тағы да ескі ресми жаңа жыл түседі. Қақаған аяз. Бораған қар. Үсік шалған адам. Шампан атқан қырғын халық. Қыршынынан қиылған шырша мен Астананың үстінде жарқ-жұрқ еткен, миллиондаған ақшаны ысырап еткен от шашу. Бәрі мәз. Бәрі шат-шадыман. Санаға 70 жылда сіңіп қалған біреудің «қаңсығы» әлі күнге «таңсық» болып, Тұран даласының заңды иесі қазақ баласының еркіндігін «тұсап тастағандай». Қазақ елі тұтас түркі әлемнің алтын бесігі болғандықтан, барша түркі жұртына ортақ наурызды — өзінің сән-салтанатымен тойлауға тиіс қой. Тәуелсіздікке 28 жыл көп-көрім уақыт. Біздің билік ресми жаңа жылға деген көзқарасты, ниетті, қаржыны — әз-Наурыздың абыройын аспандатуға жұмсаса бәрі басқаша өрбитіні сөзсіз! Әзірбайжанның Нахчыван қаласында болған түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІX саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Түркітілдес мемлекеттер Еуропа мен Азия арасында көпір болуға тиіс… Түркі әлемі шеңберіндегі серіктестік ешбір басқа мемлекеттерге қарсы бағыт ұстамағаны және болашақта да ұстамайтыны ақиқат» деген сөз айтты. Қазақ елінің басшысы мәселе етіп көтерген бұл ой барлық түркі тектес ұлттардың санасына сәуле салды деп айта аламыз. Түркі тамырлас ұлттар, түркі тектес мемлекеттер бүгінгі таңда ұлы таңдау, ұлы тарихи миссия алдында тұрғанын мойындайды. Елімізде түркі дүниесі академиясын құрудағы басты мақсат — түбі бір туыстас ұлттардың басын біріктіре алатын, олардың тарихи, мәдени, рухани мұрасын зерттейтін ғылыми орталықты ұйымдастыру еді ғой. Ендеше жалпы түркі баласына ортақ наурыз мейрамының да Қазақияда ерекше аталып өтуіне не кедергі?

Ұлыс күні ішіп-жеу емес, мейірім мерекесі

Елімізде ұлыстың ұлы күнін атап өту шаралары әр өңірде қолға алынып жатыр. Мойындауымыз керек, Наурыз мейрамын атап өтудің қазіргі заманғы үлгісі оның бұрынғы мағынасынан мүлде бөлек. Ең басты проблема бүгінгі Наурыз мейрамы қазақтың, украин, орыс, неміс және Қазақ елін мекен еткен басқа да 130 ұлт өкілінің ортақ мерекесіне айнала алмай отырғандығында… Иә, ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Құрылған сахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады. Ұлттық киім киген ұл-қыздар алтыбақан теуіп, мәз-мейрам болады. Жергілікті мейрамханалар мен наубайханалар өнімдерінің саудасы ұйымдастырылады. Ұлттық тағамдар қойылады. Бәрі жақсы. Бірақ соңғы кездері Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспай қалуда. Тігілген киіз үйлер санаулы адамдардың, басшылардың рахаты мен ішіп-жеу ордасына айналып жүр. Осылайша халықты алалау басталады. Төр баяғыдай төренікі. Хан мен қара теңесетін наурызда осындай әбес қылықтарға неге тосқауыл қоймасқа? Мұндай көрініс сырттан бақылайтын қарапайым жұрттың ренішін тудырса, Наурыздың мән-мағанасы қайда қалады? Мейірімділікке шақыратын Наурыз мейрамы қарын тойдырумен шектеліп, рухани баюымызға, болмаса нәпсіге ерік беріп құмарлыққа салынуға бастаса ізгіліктен не қалады? Осыны да ойлайтын кез келді ғой.


Ел арасында жүреміз. Көп нәрсені көреміз. Алайда қытымыр қыстан құтқарған жаймашуақ көктемге ризашылық аз байқалады. Халықтың көбі енжар. Жүздерінен қуаныштың самалы еспейді. Әлеуметтік мәселе әбден ығыр еткендей беймарал кейіп… Мұның бәріне өзіміз ғана кінәліміз. Әр қазақ ата-дәстүрін ұстанып, намыс-жігерін жанып, Наурызға ерекше екпін беруге тырысса кім қой демек?
Біле білгенге қазақтың жаңа жылының артықшылығы өте көп. Басқалар ағаштың жанын қинап, жас өскінді кесіп, қиып, үйіне шырша орнатып жатса, ата-бабамыз Наурыз айында көшеттер отырғызған. Қыста су қатып жатса, бітеліп қалған бұлақ көздері жазда ашылған. Қысқы қалың киім сыпырылып, жаңа киім-кешек киілген. Тіпті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан» деп, Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп берді.
Көне орыс жерінің өзінде христиан дінін қабылдағанға дейін Жаңа жылды наурыз айының бірінен бастап тойлаған. Ағылшындар наурыздың жиырма бесін жаңа жылдың алғашқы күні деп есептеген. Көп қой мұндай деректер.
Ал қазіргі кезеңде 22 наурыз қалай тойланып жүр?! Жоғарыда айттым, Наурыз десе, жұрт тек қана ішіп-жеу мен ас мәзірін ғана тілге тиек етеді. Одан қалса, атам қазақ Алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап қарсы алған дейтін сыңар жақтылы көзқарас бар. Әрине, 22 наурызда бұл дәстүрлі ойындар мен ас-тағамдар тарихтан жалғасып келе жатыр. Дейтұрғанмен, біз Наурыз тойының ең басты ерекшелігін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Ол — қамқорлықтың, мейірімнің айы болған Наурызды ізгі тілек, ізетті қамқорлықпен қарсы алу еді. Бұл дегеніміз ошақтың үш бұтындай болған ұлыстың кем-кетігін толтыру, аш-жалаңашын тойындыру еді. Әз-Наурыз мерекесін тойлап, дәл осы күні үлкен қайырымдылықпен айналысып жатқан қазақ бар ма қазір?! Ескі жылдан қалған сарқытты сарқып ішіп, жаңа жылға жаңа тебінмен жетер бабалар мұрасын қазір кім ұстанып жатыр?! Ұлы мейірімділіктің айын біз дұрыс бағытта тойлай білсек екен деймін!

Бай мен кедей теңесетін күні көже тегін таратылса…

Негізі Наурыз — бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің мерекесі! Наурыз — шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды салт-дәстүрге айландырған. Шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хаямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, асыл сөздер жазып қалдырған. Кеңес Үкіметінің солақай саясатының салдарынан Наурызда Құран оқылмаса да, діни мереке ретінде бағаланып, оны 1926 жылдан бастап атап өтуге тыйым салынған еді. Содан ұзақ жылдар бойы мемлекеттік деңгейде тойланбады. Бірақ ескінің көзін көрген қарияларымыз ауылдық жерлерде наурыз көже даярлап, отбасылық мереке ретінде тойлап келді. Оны талай рет көзіміз көрді. Тек Наурыз көже негізі тегін таратылуы керек. Ал бізде бәрі сатылады ғой. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз мемлекеттік деңгейде барлық қалаларда, облыс, аудан орталықтарында, ауылдарда бүкілхалықтық мереке ретінде тойланып келе жатыр. Наурыз мерекесі үш күн тойланатынын халқымыз қуана қабылдады. Қазақстан Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы Наурыз мейрамын жаңа тұрғыда мерекелеу қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы бастамасына байланысты Парламентте заң жобасы да қаралды. 2009 жылы 4 наурыз күні Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Кейін Сенат қарап, қабылданған заңға Қазақстан Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни, 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін болды. Наурыз мерекесі күні — қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін ай, табиғаттағы барлық жәндіктер мен өсімдіктерге жан бітетін ай. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Самарқанның көк тасы жібитін күн. Сол себептен де табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. Қазір батыс елдері демократия деп жүр ғой, оны біздің ата-бабаларымыз осыдан жүздеген жылдар бұрын қалыптастырған, Патшалар өз тағы мен билігін наурызда бір күн кедей-кепшікке беруді дәстүрге айналдырған. Ұлыстың ұлы күні жұмыс істемейді, іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, өзі де ренжімейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді, шарап ішпейді, құрбандық шалмайды. Бұл күні барлық даланы Қызыр ата аралайды деп үйінің есігін ашып отырады. Жастар үлкен кісілерден бата сұрайды, жігіттер қыздарға сый-сияпат жасайды. Ренжісіп қалған азаматтар бір-бірінен кешірім сұрайды. Наурыз мерекесіне тән — көпшілікке наурыз көже даярланады, ол тағам жеті түрлі дәмнен даярлануы шарт. Халықта наурыз көжені тойып ішкен адам келесі жылға дейін ішім-жемнен тарлық көрмейді деген ұғым бар. Көрдіңіздер ме, жер дүние жаңарып, табиғат-Ана түрленген уақытта, адам баласының ой-өрісі де кеңейе бермек. Жаңа күннен жаңашылдық күту, еңсені басқан ауыр ойдан арылу деген осы!

ТҮЙІН:

Демалыс  14-нен 22-сіне көшірілсе игі

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні болады. Менің айтқым келгені, Наурызда ел болып қазақы дәстүрді жаңғыртсақ. Наурыз айы туғанда өтетін амал шарасы — «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғасады. Осы бір сыйластықты арттыратын, бауырмашылыққа бастайтын жақсы бастама тек Батыста ғана емес, еліміздің бар өңірінде жалғасын тапса игі! Бұл біздің тұтастығымыз бен бірлігімізге де жақсы әсерін тигізері даусыз!
Осы наурыз айында демалыстың көптігінен халық бір жырғап қалады. Биліктің құлағына алтын сырға дейін: Сол көп демалысты 14 наурыздан 22 наурызға дейін бекітіп берсе; Сонда бұл ұлыстың ұлы күніне деген құрметтің көкесі болар еді-ау. Халықтың да назарын Наурызға бұрып, оның бағасының да артуына септігі тиеріне сенімдімін.
Мысалы, Жамбыл облысы биыл екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесін 14 наурыздан 22 наурызға дейін атап өтуге шешім қабылдады. Әр күнге айдар тағылып, нағыз қазақы болмыстың келбетін ашуда. Бұл ұлтжанды Асқар Мырзахметовтың Жамбыл облысына әкім болып келгелі атқарған қыруар шаруасының бір тұтамы ғана. (Кезінде Асекең, ОҚО əкім боп тұрғанда тəуелсіздік мерекесінен кейін барып, нақты айтсақ, 18 желтоқсанда жаңа жылдың шыршасын құрып, әріптестерін ізгі жолға бастап еді-ау…).
Ұлыстың ұлы күні Жамбыл облысында 14-22 наурыз аралығында тоғыз күн бойы әр күннің ерекшелігі ескеріле отырып, атап өтіледі.

Олар: 14 наурыз — «Амал (көрісу)» күні, 15 наурыз — «Тағ-зым» күні, 16 наурыз — «Алас» күні, 17 наурыз — «Мейірім» күні, 18 наурыз — «Ынтымақ» күні, 19 наурыз — «Жаңару» күні, 20 наурыз — «Береке» күні, 21 наурыз — «Ұлтыстың ұлы» күні, 22 наурыз — «Жаңа күн». Осы жақсы бастама өзге өңірлеге де жұғысты болғай.
Қазақ халқы Наурызды ерекше пейілмен, сеніммен қарсы алғанын сөз барысында айттық. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурыз қарсаңында үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. Этнограф-ғалым марқұм Ақселеу Сейдімбекұлы: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді…», — деп жазған.
Осы орайда бір ұсыныс айта кетсем деймін. Тым құрығанда келер ұрпақ Наурыз мейрамының қадір-қасиетін ұғынып, танымдық тәрбиесін терең түйсіну үшін бала санасына ой салар мультфильмдер көптеп түсірілсе шіркін! Өзгенің қолына түсе бермейтін мықты кейіпкерлер де табылар еді. Мысалы, Қазақ баласына мейірімді ата болатын Қыдыр баба бейнесін сомдау — әдебиетшілердің де, суретшілердің де, киногерлердің де парызы. Қыдыр туралы мультфильмдер шығарылып, ойыншықтар жасалып, оның образы мектеп оқулықтарына енгізілсе, ұлттық жаңғырудың көкесі емес пе?
Наурыздың басында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Наурызды жаңаша тойлауымыз керек. Бұл біздің ұлық мейрамымыз» деп мақала жазды. Оны сайттардан көзіміз шалды. Құптауға тұрарлық бастама. Қолында аз-кем билігі бар министр, ойға, қырға жалтақтамай, алдағы уақыттың еншісіне де қалдырмай, осы наурыздан бастап кеткені дұрыс еді тың идеясын. Көш жүре түзелетінін естен шығармаған абзал негізі. Әсіресе Астана секілді жаңа шаһарда наурызға деген құрметтің самалы есіп тұрса қандай ғанибет!
Жоғарыда айтқанымдай облыс әкімдерінің ұлыстың ұлы күніне деген мырзалығы да көп мәселені шешеді. Наурызға дайындық, көшені абаттау, халықпен байланыс орнату да олардың ұлтжандылығына байланысты. Жақында ақпараттар ағынын шолып отырып, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановтың аппарат жиынында тек мемлекеттік тілде ғана сөйлейтінін естіп қуанып қалдым. Бұл — өсер елдің баласының ісі! Айтайын дегенім, аппараттық жиынның басты мәселесінен кейін, екінші кезекте «Наурыз» мейрамына дайындық жұмысы сөз болыпты. Журналистің жазуына қарағанда Облыс әкіміне «Наурыз» мерекесіне дайындық барысы ұнамапты. «Қашан біз қалада бұл мерекенің жақындағанын сеземіз? Қала, аудан, барлық жерде сезілуі керек қой наурыздың келе жатқаны. Жаңа жыл болған кезде бір ай бұрын бәрін дүркіретіп едік… Мерекелік шаралар бір күн ғана емес, наурыз күндерінің барлығында өту керек. Және барлық тұрғындарға қол жетімді болуы керек» деген басшы «Наурыз» мейрамында қайырымдылыққа аса көңіл бөлуді тапсырыпты. Оның ішінде әл-ауқаты төмен жандарға, көпбалалы аналарға, толық емес отбасыларына, балалар үйіне де мейрамды сезіну керек екенін тілге тиек етіпті. Қалай риза болмайсың. Егер барлық әкім-қара, шенді-шекпенді тап осылай талап етсе, ұлттық құндылығымыздың бәсі артып, кеудеміз асқақ жүрер еді-ау….
Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін, ағайын! Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!