АЗ ОЙНА ДА, КӨП ОЙЛА!

Анадолының жауһары Мәулана Жәлаләддин Руми жайлы бір еңбек оқып отырып, оның балалық шағынан мына бір оқиғаны бөліскім келді.
Әрбір минутын қадірлей білген Жәлаләддин Руми уақытын тиімді пайдалануға балалық шағынан бері дағдыланғанған. Оның балалармен араласып, ойынға құмар болмағандығы жазылыпты еңбекте.
Бір күні: «Кел, мына тамнан ана тамға секіріп ойнайық!» – деп өзін ойынға шақырған достарына бала Мәулана: «Бұны мысық пен ит және басқа да хайуандар жасайды. Адамға мұнымен айналысу жараспайды. Егер өздеріңе сенімді болсаңдар, келіңдер көкке самғайық», – деген екен.
Осындай зерделілігімен танылған Мәулана кішкентайынан ілімге ынтық, ойға құмар жан боп өскен.
Жәләләддин Румидің балалық шағындағы бұл ғибратты мысал Шәкәрім Құдайбердіұлының мына сөздерін еске түсірді:
«Жастарым, құмар болма көрінгенге,
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ,
Өкінбе жастық бойдан серілгенде»
немесе
«Ойынымыз аз болсын, ойымыз көп,
Оймен талап етпеген іс қоймалық!».
Балаларымызды жастайынан «АЗ ОЙНА ДА, КӨП ОЙЛА!» деген ұранмен сусындатып өсірсек, біздің де даламыздан талай «Мәулана» мен қаншама «Шәкәрімдер» шығар ма еді…
Салтан САЙРАНҰЛЫ